ЖЫЛУДЫҢ АРТЫҚ АҚЫСЫ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРЫЛАДЫ?
ЖУЫРДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ЖЫЛУ ЭНЕРГИЯСЫ ҮШІН ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТА ЕСЕПТЕЛЕТІНІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАРАДЫ. ОНЫҢ ІШІНДЕ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ДА АРТЫҚ ТӨЛЕНГЕН АҚШАСЫ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛАТЫНЫ АЙТЫЛДЫ.
Есептегішің болмаса…
Алайда, бұл жаңалық жылу тұтынатын барлық тұтынушыға қатысты емес екен. Республика Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен сол құрылымның облыстық департаменттері жылу есептегіш құралдары жоқ көп қабатты үйлердің тұрғындарына көрсетілген қызметті қайта есептеп, осындай шешім шығарған. Ал, мұндай арнайы құралдар Атырау қаласындағы көп қабатты үйлердің 14 пайызына орнатылмаған. Ұлттық экономика министрлігі аталған қаражаттың жыл соңына дейін қайтарылатынын айтып отыр. Біз хабарласқан Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Әлібек Төлеп 2021-2022 жылғы жылу беру маусымының қорытындысы бойынша атыраулықтарға 8,2 млн. теңге (қосалқы құн салығынсыз) қайтарылатынын айтты. Комитет ұсынған мәліметке көз салсақ, тұтынушыларға жылу ақысы қайта есептелген 16 өңірдің ішінде Атырау облысы 11-інші орында тұр.
– Тұтынушылар шілде айынан бастап, ыстық судың ақысынан шегерілетін болады. Облыс бойынша өткен жылу беру кезеңінде жылу энергиясымен жабдықтаушы мекемелер «Жылыой Су» МКК, «Иманалин» ЖК, «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК және «Атырау жылу электр орталығы» АҚ жалпы сомасы 8275780 теңге (қосалқы құн салығынсыз) болатын қайта есептеу жасайды. Бұл мекемелер жылу бағасы мен сыртқы ауаның температурасын қайта есептей келе, жылу есептегіш құралы орнатылмаған және апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарына артық ақшаларын қайтарып береді, — деді департамент басшысы.
Ақшаны түбіртектен шегереді
Департамент басшысынан тұтынушыларға қайтарылатын қаражаттың қалай төленетіндігі туралы сұрағанымызда, көпшілік ойлағандай қолма-қол төлем жасалмайтынын айтты. Жылу беруші түбіртектен тиісті соманы ғана шегеріп отырады.
– Мысалы, өткен айда тұтынушы ыстық су үшін 2000 теңге төлеуі қажет болса, сол ақшадан пәтер үшін қайта есептеу сомасы шегеріледі. Содан қалған соманы ғана төлейсіз, — деді Әлібек Әбдіманапұлы.
Табиғи монополияларды реттеуші мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда Атырау қаласындағы тұрғын үйлердің 86 пайызы жылу қуатын есептегіш құралмен жабдықталған. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
– Өздеріңізге белгілі, жылу энергиясының төлемақысы жалпыүйлік есептегіш құралдарына сәйкес жүргізіледі. Дегенмен, облыстағы кейбір үйлерде есептегіш құралдар болмағандықтан, жылумен жабдықтау төлемақысы нормаға сәйкес есептеліп отыр, — деді департамент басшысы.
Күні бүгін облыс бойынша есептегіш құралы жоқ тұтынушылардың саны – 15272 адам. Әлібек Төлептің айтуынша, тұтынушылар түбіртекке мән беріп қарағаны жөн.
– Қазір халықтың басым бөлігі коммуналдық қызмет төлемін электронды түрде төлегендіктен, қанша текше метр жылу пайдаланғаны, оның осы айдағы көрсеткіші, олардың айырмашылығы электронды қосымшалар арқылы көрсетілмейді. Тек төлейтін сомасы ғана көрініп тұрады. Сондықтан байқамай да қалуы мүмкін. Ал, қағаз түрінде жіберілген түбіртекке мұқият зер салып қараса, қанша шегерілгендігін көруге болады, — деді департамент басшысы.
Алмас ҚАБДОЛОВ