ЖЫЛУ СЫЙЛАЙТЫН ЖАН
— Менің алғашқы еңбек жолым Атыраудағы химия зауытында басталған еді, — дейді ол бізбен әңгімесінде. – Жиырмадан жаңа асқан жас кезім. Зауыт басшылығы мені жұмысқа қабылдарда мамандығымды ескеріп, бірден жылумен қамту цехына ауысым инженері етіп жіберді. Бастапқыда бұл жұмыс өте күрделі және жауапты болып көрінді. Шынында да солай еді. Жыл сайын жылу маусымы басталғаннан кейін осы цехтың адамдарында маза болмайды. Зауыт аумағында қаншама цех, өндірістік нысандар бар, оларға жылу дұрыс жеткізілмей қалса, қарбалас сәттер басталды дей бер. Жұмыста ақаулық орын алған жағдайда сенің жастығың, тәжірибеңнің аздығы ешқандай назарға алынбайды. Талап кім-кімге де ортақ, жауапкершілік бірдей. Осылайша қиындықпен бетпе-бет келген сәтте тынымсыз үйрену, ізденістің арқасында бірте-бірте өз жұмысымызға төселіп те кеттік-ау.
1997 жылы «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы жылу электр орталығынан бөлініп шығып, дербес мекеме ретінде шаңырақ көтерген кезде Жолдасбай Қазанбаев тәжірибелі маман ретінде осында қызметке шақырылыпты.
— Маған бірден №2 жылу жүйесін пайдалану ауданын ұйымдастырып, басшылық ету тапсырылды, — дейді ол сол кездерді еске алып. Бөлімшеде 11 жылу бекеті болды. Сол жылдары жылу құбырларының апатты жағдайда болуына байланысты тұрғын үйлерге, басқа да нысандарға жылу тарату күрделі жағдайда жүргізілді. Акционерлік қоғам басшылығының қолдауы арқасында бірте-бірте жылу құбырлары ауыстырылып, жұмыс қалыпқа түсе бастады. Кейінгі кезде мұнайлы өңір орталығының жедел дамуы, көп қабатты тұрғын үйлер салынуына орай біздің жұмыс ауқымымыз да жылдан-жылға өсе түсті. Соған сай, бөлімшенің материалдық-техникалық базасы да нығайтылып, мамандармен толықтырылды. Қазіргі уақытта бізде 16 жылу бекеті бар, онда 150-ге тарта адам жұмыс жасайды. Бөлімшеміз 12,288 км магистральды, 61,349 км кварталдық жылу құбырларын пайдаланды. Бізге орталық көпірден Рахат, Орталық, Вокзал маңы, Алмагүл мөлтекаудандарына дейінгі аралықта орналасқан тұрғын үйлерді, мекемелерді жылумен қамту міндеті жүктелген.
Әңгіме барысында ұжым басшысы акционерлік қоғам тарапынан да бөлімшеге үнемі қолдау білдіріп отыратынын ілтипатпен ауызға алды. Әсіресе, жылу маусымына әзірлік кезінде бөлімше мамандарының қай жерде қандай жұмыстар атқару қажеттігі жөніндегі ұсыныстарды дұрыс қабылданып, қолдан келгенше көмектер ұйымдастырылып отырады екен. Осындай бірлескен жұмыс арқасында биыл осы бөлішеде ұзындығы 1 километрге жуық магистральды жылу құбыры ауыстырылып, 12 километр құбыр жөндеуден өткізілген. Қажеттігіне қарай, жылу өлшегіштер алмастырылған. Қысқасы, жылу маусымына әзірлік кезінде алдын ала жоспарланған жұмыстар толықтай жүзеге асыпты.
— Бөлімші басшысы Ж.Қазанбаевтың ерекше бөліп айтар қасиеті – адамдармен ортақ тіл тауып, жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуі, — деді ол туралы «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының тете-президенті Ә.Темірғалиев. – Соның нәтижесінде жыл сайын жылу маусымына дайындық кезінде белгіленген жұмыстар тиянақты, әрі сапалы жүргізіліп, тұтынушыларға жылу беру уақытында жүзеге асып келеді. Осы үрдіс биыл да жалғасын тауып, оң нәтижесін берді. Екінші бір жайт – Жолдасбай Әжігерейұлы бөлімшеде мамандарды тәрбиелеу, тұрақтандыру ісіне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, электрмен пісіруші, слесарь-сантехниктердің қай-қайсысын алсақ та, көп жылдардан тұрақты жұмыс жасап келе жатқан мамандар.
Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,
Атырау қаласы.