РУСЛАН – ЕҢ ЖАС ФЕРМЕР

Қызылқоға ауданының Сағыз селолық округіне қарасты «Балбұлақтағы» «Ақжігіт» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Ақжігітов – аудандағы ең жас фермер.

Шаруашылығын 2013  жылы күз айында құрған екен. Соған қарамастан былтырғы мал азығын дайындау науқанына белсене араласып, төрт түлігіне қажетті пішенді де дайындап қойған.

– Шаруашылықта қос орағымен және тіркемесімен екі «МТЗ-80» тракторы бар. Енді міне, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының «Мурабаха» бағдарламасы арқылы су жаңа «МТЗ-82-1» тракторына қол жеткізіп отырмын. Құны төрт  миллион теңге тұрады. Менің қалтамнан осы несиеге алған қаржымның үстіне небәрі  800 мың теңге қосылады екен. Өте қуаныштымын, жаңа техника болмаса шаруа адамының қолы байлаулы ғой. Екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Жаз бойы шабындық алқабында да ауылдың екі тұрғыны мал азығын дайындау науқанына көмектесті. Еңбекақыларын төледім, – дейді жас фермер. – Келешекте шаруашылығымдағы мал басын көбейтуді, мал тұқымын асылдандыруды қолға алмақшымын.

Өзімнің қаржыма төрт түлік мал үшін 15 метр тереңдіктен шахталы құдық қаздырып алдым. Ендігі бір тілегім, кезінде «Балбұлақта» сағыздықтар бау-бақша салып, көкөніс өсірген еді. Өткен ғасырдың 1993 жылдарындағы Ойыл өзенінің арнасынан асып-тасуы кезінде «Балбұлақ» бөгеті бұзылды. Содан бері, табиғат анадан сән кетті. «Былқылдақты» елді мекені тұсынан басталып, «Ноғайты» өзенінің бір саласы арқылы айналаға сән беріп, құстардың сүйікті мекеніне айналған «Балбұлақ» бөгеті қайтадан қалпына келтірілсе, төрт түлік мал үшін қолайлы болар еді. Онда Сағыз, Мұқыр өңіріндегі төрт түлік мал жыл бойы судан тарықпайды.

Үкімет қаулысына орай аудан бойынша жайылымдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында шахталы құдық, скважина қазуға ниет білдірушілердің саны да көбеюде. Соның нәтижесінде аудан бойынша әзірге бес шаруа қожалығы, «Торғай», «Әнет», «Думан», «Әділет» және «Тасшағыл» ауылдық округтерінен жеке кәсіпкер Мұрат Сағынбаев құдық қаздыруға ниет білдіріп отыр. Ескере кету керек, шаруагерлердің құдық қаздыруға кеткен шығындарының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялау қаржысымен  иесіне қайтарылатын болады.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз