ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ЖЕМІСТІ БОЛДЫ
Есебі түзудің есесі кетпейді
Бүгіндері Атырау облысы бойынша статистика департаментінде 100-ден астам адам (оның 36-ы аудандық бөлімдерде) қызмет атқарады. Қызметкерлердің 90%-ға жуығы жоғары білімді мамандар.
Респонденттерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында аумақтық статистика органдарында 2008 жылдан бастап «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету енгізілді.
Сондай-ақ, «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде жүзеге асырылған «Деректерді онлайн режимінде жинау» ақпараттық жүйесі арқылы респонденттердің 160-қа тарта статистикалық байқаулардың 120-дан астамын онлайн режимінде тапсыруға мүмкіндіктері бар.
Өнімнің жалпы көлемі еселеп артты
Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне ойыссақ оң серпін байқалатындығын, қай салада да өсу қарқынының барлығын аңғаруға болады. Осылайша, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі соңғы бес жыл ішінде (2009-2013) 18 трлн. теңгеден асты, 2014 жылғы 11 ай қорытындысымен облыс бойынша 4 трлн. 589 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл көрсеткіштің республика деңгейіндегі үлес салмағы 27%-ды құрады. Есепті мерзімде облыста 28,9 млн. тонна шикі мұнай, 12,9 млрд. текше метр табиғи газ өндірілуі қамтамасыз етілді.
Тиімді инвестициялық саясатты жүргізуде Атырау облысы еліміздегі алғашқы орындардың біріне ие. Қазақстандағы инвестициялар көлемінің едәуір бөлігі Атырау облысына тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі соңғы бес жылда 5 трлн. 349 млрд. теңгеге жетті. Тек 2014 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 987,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,9% жоғарылады. Ел көлеміндегі үлес салмағы 17,5%-ға тұрақтады.
Кейінгі бес жылда облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 1 трлн. 571,6 млрд. теңгені, ағымдағы жыл басынан бері жоспарланған 216,6 млрд. теңгенің 127 млрд. теңгесі игеріліп, бұл көрсеткіш 58 пайызды құрап отыр. Мұнда инженерлік нысандардан өзге де коммуналдық мақсаттағы имараттардың да үлесі барын айтқанымыз ләзім.
Құрылыс қарқын алды
2009-2013 жылдар аралығында облыс бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 2 млн. 686 мың шаршы метрді құрады. 2014 жылғы қаңтар-қарашада пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 425,7 мың шаршы метрді, оның ішінде 367,5 мың шаршы метрді (85%-дан астамы) халық қаражаты есебінен салынған тұрғын үйлер құрап отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің нақты көлемінің индексі өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 103,7 пайызға артты. Биылғы жылдың өзінде тұрғын үй құрылысына 24,1 млрд. теңге салынды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы сомасында тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттың үлесі 2,4%-ға теңгерілді.
Ауылда да өзгеріс көп
Ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатырған қолдаудың бір дәлелі ретінде, биылғы 11 айда бұл салаға 3 млрд. 493 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылғандығын атап өтуге болады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артып отыр. Соңғы бес жылда облыста 158 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымының көлемі тек 2014 жылғы қаңтар-қарашада 40625,5 млн. теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығы – 27770,2 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы – 12503,5 млн. теңге. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің егістік алқаптарының көлемі де жылдан-жылға артуда. 2013 жылы барлық егіс алқабы 5978 гектарды құраса, 2014 жылғы егістік алқаптарының көлемі 6928 гектарға жеткізілген.
Бір ғана егін шаруашылығында, 2013 жылы 13459 тонна картоп, 51581 тонна көкөніс өнімдері, 16994 тонна бақша дақылдары өндірілсе, 2014 жылы тиісінше 16464 тонна картоп, 61808 тонна көкөніс өнімдері, 22882 тонна бақша дақылдары жиналған. Бұл 2013 жылғы көрсеткіштен тиісінше картоп 22,3%, көкөніс өнімдері 19,8%, бақша дақылдары өндірісі 34,6% артып отырғандығын көрсетеді.
Мал шаруашылығында, 2014 жылдың 1 желтоқсанына мүйізді ірі қара саны 146738 бас (өткен жылға қарағанда өсім 2,7%), қой – 435058 бас (1,9%), ешкі – 91773 бас (8,5%), жылқы – 50587 бас (3,1%), түйе – 29807 бас (2,6%), құс – 159772 бас (31,1%) құрады. Өткен 11 айда 42,2 мың тонна (өткен жылғы тиісті кезеңге 100,2%) ет, 53,1 мың тонна (101,5%) сиыр сүті, 21710,9 мың дана (2,3 есе) тауық жұмыртқасы өндірілген.
Сауда айналымы жоғарылады
2014 жылғы қаңтар-қарашада бөлшек сауда тауарайналымы 156737 млн. теңгені құрады және 2013 жылғы тиісті кезеңнен 0,7% артты. Саудамен айналысатын кәсіпорындармен тауарларды бөлшек саудада өткізу 2013 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 11,6%-ға өсті.
Кеден одағына мүше мемлекеттер арасындағы өзара тауар-айналым көрсеткіші де артып келеді. 2014 жылғы қаңтар-қазанда Атырау облысының кеден одағы елдерімен өзара сауда көлемі 299521,3 мың АҚШ долларын, оның ішінде экспорт 19173,5 мың АҚШ долларын, импорт 280347,8 мың АҚШ долларын құрады. Облыстан Кеден одағы елдеріне негізінен минералды заттар, барлық түрдегі күкірт, балық өнімдері тасымалданса, облысқа сырттан негізінен машиналар, құрал-жабдықтар, тұрмыстық бұйымдар, құрылыс материалдары, сонымен қатар, азық-түлік тауарлары жеткізіледі. Ресей Федерациясына экспорт 19173,5 мың, импорт 272693,5 мың, Беларусь Республикасынан импорт 7654,3 мың АҚШ долларын құрады.
Кәсіпкерлік дамып келеді
2014 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 32595 бірлікті құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға өсті. 2014 жылдың 1 шілдесі жағдайына шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 98,6 мың адамды құрап, 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға көбейген.
Тұтыну тауарларына бағаны тұрақтандыру бағытында жергілікті атқару органдарымен жүргізіліп жатырған жұмыстар нәтижесінде инфляция деңгейі соңғы бес жыл ішінде 6-8%-дық деңгейінен аспауда. 2009 жылы 6% болса, 2013 жылы 4,9% деңгейінде қалыптасты. 2014 жылдың қарашасын 2013 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда инфляция деңгейі – 6,1% құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,8% төмен (Республика бойынша инфляция деңгейі – 6,9%).
Атырау облысы бойынша жалпыөңірлік өнім көрсеткіші соңғы бес жыл ішінде 15,1 трлн. теңге құрап, 31,8% жоғарылағаны байқалады. 2014 жылғы І жартыжылдықтың өзінде де Атырау облысының өндірілген жалпыөңірлік өнімі 2 трлн. 28,7 млрд. теңгеге жетті. Республика көлемінде жоғары үлесті екі өңір болса, соның бірі Атырау облысына еліміздің жалпы ішкі өнім көлемінің 12,9%-ы тиесілі.
Облыс бойынша жан басына шаққандағы жалпыөңірлік өнім 3 552 мың теңгені құрап, өңірлер бөлінісінде 1 орынға ие болып отыр. Республика бойынша бұл көрсеткіш 912,6 мың теңгені құрады. Облыстағы жалпыөңірлік өнім құрылымының қомақты үлесін, яғни 64,6% -ын өнеркәсіп саласы алады.
Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатырған жобалардың, сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылуы да бұған оң әсер беріп отырғандығы анық.
Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010-2014 жылдары жалпы құны 68,2 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылды. Атырау облысының экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштердің қалыптасуы әлеуметтік саланың тұрақтылығына және одан әрі дамуына септігін тигізуде.
Облыс халқының саны артты
Облыс халқы санының тұрақты өсуі байқалады. Мәселен, 2009 жылы ол 521 мың адамды құраса, 2013 жылы халық саны 567,8 мың адамға жетті. Ал, 2014 жылдың 1 қарашасындағы мәліметтерге сүйенсек, мұнайлы өңір тұрғындарының саны 579,3 мыңға жетіп, өткен жылдың осы кезеңіндегіден 2,4 пайызға көбейген. Бұған дүниеге келгендер санының артып, өлім көрсеткішінің кемуі ықпал еткен. Тек соңғы бес жылда халықтың табиғи өсімі екі-үш пайызға (әр жыл сайын) өсіп отырған. Осы кезеңде дүниеге келгендердің саны 76 мыңға жуықтаған.
Орташа айлық жалақы мөлшері жылдан жылға артуда. Мысалы, 2009 жылы бір қызметкердің орташа атаулы жалақысы 129 мың теңге құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 192 мың теңгеге жеткен. 2014 жылғы қазанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 229123 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 17,7% болды. Нақты жалақы индексі 2013 жылғы қазанға 109,9% құрады. Бұл республика деңгейіндегі жоғары көрсеткіштердің бірі және республикалық деңгейден 1,9 есеге жоғары болды. 2014 жылғы қазандағы статистикалық мәліметтерге сәйкес ең жоғары жалақы кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерде (662636 теңге), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметте (363156 теңге), өнеркәсіп саласында (348089 теңге) тіркелді.
Міне, осылайша жыл санап биік белестерді бағындырып, асқаралы асулардан асып келеміз. Жылқы жылындағы жетістіктерміз баянды, қой жылында табыстарымыз мол, қуанышты сәттеріміз көп болғай!
Галя МҰХАНҒАЛИЕВА,
Атырау облысы бойынша статистика департаментінің басшысы.