
Жұмысқа ақыл көзімен қараған…
Бүгінгі қоғамда техникалық және жұмысшы мамандықтарына қатысты түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірі бұл мамандықтарды «қол жұмысы» деп менсінбей жатады, енді бірі тек ауыр еңбекпен байланыстырады. Алайда шынайы өндіріс орнында болып, заманауи зауыттың қалай жұмыс істейтінін көзбен көрмейінше, мұндай пікірлер жалған болып қала береді.

«CENTECH» компаниясы осы көзқарасты өзгерту мақсатында есігін ашып, журналистерге нағыз өндірістік үдерісті көрсетті. Бұл тек бір зауыттың таныстырылымы емес, бұл жұмысшы еңбегіне деген құрметті жаңғырту әрекеті деп түсіндік.
Еңбекпен етене танысқан күн
Алдымен компанияның өндірістік базасын аралап шықтық. Металл кесу, ию, дәнекерлеу, сырлау және жинақтау цехтарын аралап, әр станоктың нақты жұмысымен таныстық.
Зауыттың бас директорының орынбасары Ескендір Сисенов журналистерге зауытта қолданылатын жабдықтарды жеке-жеке таныстырып, олардың әрқайсысының маңызын түсіндірді. Айталық, металды жоғары дәлдікпен тесетін press punching құрылғысы, 40–60 тоннаға дейін қысыммен жұмыс істейтін эксцентриктік пресс, кептіру желісі мен автоматтандырылған бояу желісі – мұның бәрі «CENTECH» өнімдерін бәсекеге қабілетті, сапалы етіп шығарады.
— Бүгінде біз тұтынушыларға металл бұйымдарын ғана емес, сонымен қатар күрделі электр тарату жүйелерін де ұсынып отырмыз. Электрлік панельдер, төмен вольтты құрылғылар, сөрелер мен шкафтар – бұлардың барлығы осы цехтарда жасалады,- деді өндіріс шеберлерінің бірі.
«Жастарға нақты мүмкіндік ұсынамыз»
Зауытты аралап жүріп түсінгеніміз, бұл жерде «қолмен» емес, ақылмен жұмыс істейді. Әр жұмысшы – белгілі бір үдерісті толық меңгерген кәсіби маман. Жас мамандармен әңгіме барысында олардың кейбірі зауытта тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналасқанын білдік. Компания осындай ынталы студенттерді қолдап, тәжірибе арқылы үйретіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылдайды.
– Біз жастарға бос уәде емес, нақты мүмкіндік ұсынғымыз келеді. Тек жоғары оқу орны емес, техникалық білім алып, жұмысшы мамандығын игеру – өмірге жол ашады. Бастысы – ниет пен ынта,- дейді Ескендір Сисенов.
«CENTECH» сияқты кәсіпорындар елдегі индустриялық даму бағытының нақты тірегі. Ал сол кәсіпорындардың жүрегінде өз ісін жетік білетін мамандар тұрады. Бұл – инженер, слесарь, дәнекерлеуші, электрик, құрастырушы секілді мамандық иелері.
Бүгін біз зауытты көріп қана қойған жоқпыз. Біз жұмысшы еңбегінің қаншалықты жауапты, күрделі әрі маңызды екенін ұғындық.
«CENTECH» зауытына жасалған пресс-тур – жай ғана экскурсия емес, бұл – жұмысшы мамандықтарына, техникалық білімге және өндіріс мәдениетіне бас бұру болған секілді.
18 жастағы дәнекерлеуші
Баспасөз туры барысында біз зауыттағы ең жас маман Айбек Көрбеновпен тілдескен едік.
Айбек – Атырау энергетика және құрылыс колледжінің түлегі. Жасы 18-де. Ол бүгінде аталған кәсіпорында дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
– Колледжде оқып жүргенде осы зауытқа өндірістік тәжірибеге келген едім. Сол кезден бастап бұл жердің тәртібі, жұмыс қарқыны, ұжымдағы ауызбірлік ұнады. Тәжірибем сәтті өткен соң, сол жылы «CENTECH»-ке тұрақты жұмысқа қабылдандым. Түрлі панельдермен жұмыс істейміз,-дейді Айбек.
Айбек Рүстемұлы бүгінде екі жылға жуық тәжірибесі бар маман ретінде зауыттағы дәнекерлеу жұмыстарының жауапты бөлігін атқарып жүр. Ол жұмыс барысында құрал-саймандарды меңгеріп қана қоймай, қауіпсіздік ережелерін де мұқият сақтауды басты қағидаға айналдырған.
– Бүгінгі таңда өндіріс саласында техникалық білім алған, қолынан іс келетін жас мамандарға сұраныс жоғары. Бізге сенім артылған соң, сапалы еңбек ету – міндетіміз. Алдағы уақытта өз салам бойынша біліктілігімді арттырып, шебер дәнекерлеуші болғым келеді,-дейді ол.
Жас маман ретінде Айбек Көрбенов еңбек етіп жүрген «CENTECH» зауыты – отандық өндірісте орны бар, заманауи техникамен жабдықталған мекеме. Мұнда жас кадрларға қолдау көрсетіліп, тәжірибе жинауға барлық мүмкіндік жасалған.
– Бала күнімнен армандаған ісім. Біздің жұмыста ең бастысы – дәлдік пен жауапкершілік. Күніне 200-ге жуық лоток пен панельдің диагоналын өлшеп, дәнекерлеу жұмыстарын жүргіземіз. Әр бөлшектің өлшемі миллиметріне дейін нақты болуы керек, әйтпесе бүкіл жүйе бұзылады. Дәнекерлеу – жай ғана темір жалғау емес, ол – сенімді жалғау. Бізден кеткен өнім ертең бір зауыттың, бір мекеменің қауіпсіз жұмыс істеуіне себепші болады. Сондықтан әр бұйымды өз қолыммен емес, өз атыммен шығарып жатқандай көремін. Жалпы, мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Себебі, жұмысшы маман – ел экономикасының тірегі. Бүгінде еңбектің еленетін заманы келді. Біз де өз үлесімізді қосуға дайынбыз,-дейді жас дәнекерлеуші.
Өндірістегі тәжірибе шеберлікке бастайды
Зауытқа «саяхат» кезінде жиек бүгуші қондырғыда жұмыс жасап отырған жігіт көзімізге ерекше түсті. Есімі Бейбарыс, оператор болып еңбек етеді екен.
Бейбарыс Қалдығожин бұл өндірісте 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқы еңбек жолын электрик болып бастаған ол, кейіннен заманауи құрылғылардың тілін меңгеріп, жиек бүгуші қондырғының операторы атанған.
– Алғаш зауытқа келгенімде ток жалғау секілді жұмыстармен айналыстым. Бірнеше жылдан кейін шеберлерден үйреніп, бүгінде станок операторы болып еңбек етіп жүрмін. Дәл қазір панельдің сыртын қорғайтын қаптамаларды дайындаудамын. Ол үшін цинктелген металл жабындысы қолданылады, қалыңдығы – шамамен 1,5 мм. Әр бөлшектің ұзындығы мен қалыңдығы әртүрлі болады, сондықтан аппараттың параметрлерін алдын ала дәл келтіріп алу маңызды. Жұмыс барысында барлық техникалық талаптарды, өлшемдер мен бұрыштарды мұқият сақтаймыз. Металды майыстыру – тек күш емес, шеберлік пен мұқияттылықты қажет ететін жұмыс.
Қауіпсіздік ережелері – біз үшін бірінші орында. Аппараттың сыртында қауіпсіздік талаптары толық көрсетілген. Міндетті түрде құлаққап, қолғап, арнайы көзілдірік кию керек. Жұмыс үстінде ешкімге алаңдамауға тиістіміз – айналадағы әріптестердің де қауіпсіздігі өз қолымызда,- дейді ол.
Қазіргі таңда Бейбарыс Қалдығожин иілген металл бөлшектерді қалыпқа келтіретін жиек бүгуші қондырғыда жұмыс істейді. Жоғары дәлдік пен шеберлік талап етілетін бұл құрылғыда жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік.
– Қазір біз секілді өндірісте жүрген мамандардан кәсібилік пен мұқияттылық талап етіледі. Себебі кез-келген қателік дайын өнімнің сапасына әсер етеді. Жұмысым өзіме ұнайды, әрі отбасымды осы кәсібіммен асырап отырмын. Ең бастысы адал еңбек,-дейді жас маман.
Зауыт ішіндегі қарбалас тіршілік, дәлдік пен тәртіпке негізделген жұмыс тәртібі, металмен жұмыс істейтін мамандардың шеберлігі – бәрі де бүгінгі таңда жұмысшы мамандығының қаншалықты жауапты әрі қажет екенін айқын көрсетті.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірен Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ