ҰЛТТЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫН ҰЛЫҚТАЙТЫН ТҰС

Экономика

– Қазіргі кезде ЭКСПО-2017 халықара¬лық көрмесінің Тіркеу құжаттамасы әзірленіп болды. Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) талаптарына сай көрмені қабылдайтын қала көрмені сәтті ұйымдастыруға бағытталған, негізгі іс-әрекеттерді сипаттайтын, сонымен қатар, олардың орындалу мерзімін белгілеген көрме құжаттарының жинағын ұсыну керек. Тіркеу құжаттамасы бекітілмейінше, біз Халықаралық көрмелер бюросының туын ала алмаймыз. ХКБ-ның бүкіләлемдік көрмелер өткізу жөніндегі өзінің заңнамалары бар. Көрме өтетін елге келетін адамдар мен тасылатын жүктерді мемлекеттер арасындағы кеден салығынан босату және басқа тәртіптері бар. Осыған байланысты біз заң жобасын жасап жатырмыз. Тіркеу құжаттарының ішінде осының бәрі реттеледі. ХКБ-да тиісті тіркеуден өтіп, туды алғаннан кейін көрмеге қатысатын мемлекеттерді, компанияларды шақыру сияқты жұмыстар басталады. Тіркеу құжаттамасының соңғы нұсқасын Қазақстан ХКБ-ға биылғы жылдың күзінде тапсырмақ. Одан кейін көрмені тіркеу рәсімі бар, 2014 жылдың жазында бізге ресми түрде ХКБ-ның туы тапсырылып, біз көрмені өткізуге белсенді түрде кірісеміз. Биылғы жазда қазақстандықтар белгілі интернет ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жаңа логотипі үшін дауыс берді. Халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша және Мемлекеттік комиссияның шешімімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жаңа фирмалық белгісі ретінде «Жел энергиясы» логотипі бекітілді.
– Көрме өткізілетін кезеңде Астанаға қанша турист келеді деп күтілуде? Жалпы, Астана көрмесіне туристерді көптеп тарту үшін не істеу керек? Туристерді қызықтыратын қандай ұлттық бағыттар мен тақырыптар бар?
– Жалпы, 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне 2-3 млн. адам келеді деп жоспарлап отырмыз, оның 85 пайызын қазақстандық азаматтар құрайды. Сонымен қатар, Елбасымыз Қытайда ресми сапарымен болған кезде, 2017 жылды Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы ҚХР Төрағасымен келісті. Сонда елімізге келуші туристер қатары артады және ҚХР-дың арнаулы павильоны салынатын болады. Сөйтіп, ұлы көршіміз бізге өте ауқымды іс-шараны өткізуге көмектесетін болады.
Осы орайда, басты назар аударылатын мәселе, Қазақстанға шетел азаматтарын қалай алып келу, шетелдік туристерді қалайша қызықтыру жағдайлары болып отыр. Бұл жұмыс қазірден бас¬тап жүргізілуде. ЭКСПО-ға анау-мынау адамдар келе бермейді. Келген туристердің өзі көрмені әрі кеткенде 4-5 сағат қана аралайды. Олар туристік сапарларының бүкіл уақытын көрмені аралаумен өткізбейді ғой. Сондықтан келетін туристерді қызықтыратын жан-жақты шаралар ойластырылуы керек. Елімізге туристерді барынша көп тарту мақсатында, ЭКСПО шеңберінде футбол фанаттары үшін халықаралық матч ұйымдастыру, әлемге әйгілі өнер жұлдыздарының гастрольдерін өткізу сияқты кешенді шаралар ойластырылуы қажет. Туристер үшін арнайы турпакеттер ұйымдастырылып, отбасылық, эко-этнографиялық, медициналық туризмді дамыту жоспарда бар. Яғни, 2017 жылы Астанаға келетін туристер ЭКСПО көрмесіне ғана келіп қоймай, жақын маңдағы Бурабай, Қорғалжын, алыстағы Байқоңыр, Түркістан жерлеріне де бара алады.
Депутаттар көрмеге туристерді өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізді насихаттау арқылы тартуды ұсынады. Бұл дұрыс қой. Бірақ талғамы жоғары шетелдіктер тек елдің ұлттық дәстүрін тамашалау үшін ғана келмейді. Оларды ең бірінші халықаралық маңызды шаралар арқылы елге әкеліп барып, содан кейін дәстүрлерімізді насихаттауымыз керек. Осы ретте, айта кететін мәселе, Астанада өтетін Бүкіл¬әлемдік көрмеге 100 мемлекеттен¬ аз мөлшерде елдер қатысатын бол¬са, бұл біздің ұтылғанымыз. Қа¬зір¬дің өзінде біз көрмеге 100-ден астам мемлекет қатысады деп дү¬ние жүзіне жария еттік. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі «арық айтып, семіз шығу» мәселесі төңірегінде болып отыр. Еліміз күннен-күнге асқақтап келе жатқан абыройынан айырмаса, ЭКСПО-2017-ге 130-ға жуық мемлекет қатысуы мүмкін.
Осы орайда, Қазақстан па¬вильоны¬ның маңыздылығына ерекше басымдық беріледі. Көрме қалашығында Қазақстанның негізгі 1 павильоны және тақырыптық 4 павильоны болады. Тақырыптық павильондар белгілі бір тақырыпқа арналып жабдықталады. Мәселен, біздің көрменің жалпы тақырыбы «Болашақ энергиясы» ғой. Осыған байланысты, 1-ші павильонда қоршаған ортаға таралатын улы газдарды қалай азайту мәселесі жан-жақты көрініс табатын болса, 2-ші павильонда электр энергиялық қуат көзіне жалпы тұрғындардың қолжетімділігі мәселесі баяндалатын болады. Біз қазір балама қуат көздері туралы көп айтамыз. Бірақ, оның бәрі өте қымбатқа түсетіндігі туралы түсінік жүргізіп жатқан жоқпыз. Сондықтан болашақта осы балама қуат көздерін қарапайым тұрғындар үшін қалайша қолжетімді ету мә¬селесі осы павильондардағы тәжірибелер арқылы кеңінен насихатталатын болады.
Бүкіләлемдік көрмеге қонақ¬тарды көптеп тартудың тағы бір жолы – ЭКСПО-2017 көрмесінің символы болмақ. Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы көрме қалашығының эскиз-жобасын жасауға ерекше мән беріп отыр. Өздеріңіз білесіздер, біз «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясы, оның ішінде көрме нысанының символы жобасына халықаралық байқау жариялаған болатынбыз. Оған әлемнің 50 атақты архитекторлары өз жобаларын ұсынды. Осы байқауға түскен жобалардың ішіндегі үздіктерін арнайы құрылған техникалық кеңес іріктеп алды. Енді Елбасы шешім қабылдаса, санаулы күндерден кейін ЭКСПО-2017 көрмесінің эскиз-жобасы мен символы анықталатын болады.
– Көрме қалашығында павильондар салу мәселесі туралы айтып өтсеңіз. Көрме аяқталғаннан кейін бұл құрылыс нысандары қалай пайдаланылады?
– Осы жерде ерекше түсіндіріп өтетін бір мәселе, ЭКСПО-ның екі түрі бар. Біріншісі – алты ай мерзімге созылатын Бүкіләлемдік әмбебап көрме, мұнда көрмеге қаты¬сатын мемлекеттер өз павильондарын өздері салады. Екін¬шісі – үш ай мерзімге созылатын мамандандырылған көрме. 2017 жылы Астанада өтетін көрме де дәл осындай. Мамандандырылған көрмеде барлық павильондарды көрме өткізетін ел салады. Яғни, ЭКСПО-2017 қалашығындағы павильондарды біз өзіміз саламыз. Сондықтан болашақ көрме қалашығындағы барлық нысандарды біз өзіміздің сұранысымызға ыңғайлап салуымыз керек. Болашақта ол нысандар бос қалмай, тиімді пайдаланылатын болуы керек.
Бұл ретте біз қазірдің өзінде құрылыс жобасын жасаушыларға тапсырма бердік. Әрбір павильон¬ның биіктігі 8 метрден кем болмауы керек. Яғни, көрме өткеннен кейін бос қалған бұл павильондарға әрбір 4 метрден кейін еден және төбе салатындай мүмкіндік жасаймыз. Павильондар берік тұғырларға қондырылған едендер арқылы бөлініп, көп қабатты ғимараттарға айналады.
– Көрме қалашығында салынатын тұрғын үйлер мәселесі туралы не айтасыз?
– Төрткүл дүниенің төрт бұры¬шы¬нан келетін жүздеген мың қонақтарды қабылдауға қонақ үй¬лердің жетімсіз болатындығы дау¬сыз. Сондықтан, көрме қалашығы аумағында жалға беретін тұрғын үй құрылысы салынатын болады. Көрмеге қатысатын мемлекеттер өз павильондарын жарақтандыру үшін алдын ала адамдарын жібереді. Олар елордамызда айлап жатады. Міне, сол кезде біз оларға тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді жалға береміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша содан кейін бұл үйлер халық игілігіне жаратылуы керек.
– Көрме қалашығында бой көтеретін құрылыс нысандарына ерекше мән беріледі ғой…
– Дұрыс айтасыз, көрме аясында атқарылатын міндеттердің ішіндегі ең күрделі мәселе де осы құрылыс мәселесі болмақ. Біз жай ғана ЭКСПО қалашығын салып жатқан жоқпыз, біз болашақтың қаласын салып жатырмыз. Ол ертеңгі күні елордамыздың ғылыми, мәдени және сәулет орталығына айналу керек. Сондықтан, біз бұл болашақ нысандарын бүгінде ең дамыған озық технологиялар арқылы салуымыз керек. Көрме қалашығы біріншіден, балама қуат көздерінен нәр алады. Екіншіден, әрбір ғимарат өзі тұтынатын электр қуатын өзі өндіретін болады. Үшіншіден, осы жаңғыртылған электр энергиясын әрбір ғимарат бір-біріне тарата алатындай технологиямен жабдықталуы керек. Төртіншіден, балама қуат көздері арқылы өндірілген электр қуаты тиімді сақталуы керек. Бесіншіден, көрме қалашығында қатынайтын көліктер де қоршаған ортаға зиян¬сыз болуы керек. Бұл ретте, біз электрмобильдерді кеңінен пайдалану мәселесін ойластырудамыз. Қысқасы, көрме қалашығында адамзат ертеңінің тұғыры болып табылатын жер энергиясы, күн энергиясы, жел энергиясы жан-жақты пайдаланылатын болады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «жасыл экономикаға» көшудің бірінші алғышарты болуы керек.
– Астанада өтетін көрмеге «Болашақтың энергиясы» атты тақырыптың таңдалуы тегін емес. Ендеше, ЭКСПО-2017 көр¬месі Қазақстанның «жасыл экономикасын» дамытуға не береді?
– «Болашақтың энергиясы» та¬қы¬рыбының маңызы – бүгінгі күні адамзаттың ең өзекті мәселе¬сіне айналған табиғи қуат көздерін тиімді пайдалану мәселесін көте¬руінде. Мұны шешу қазір көптеген елдер үшін стратегиялық міндетке айналды. Тақырыптың өзегінде электр қуатын қолжетімді ету және кедейшілік деңгейін төмендету сияқты планетарлық көлемдегі мәселені шешу жатыр. Ендігі кезекте бүкіл әлемге «жасыл экономика» және экологиялық қауіпсіз даму сияқты тың бағыт қажет.
Астанада осындай ірі көрмені өткізу қуат үнемдеу – күн, жел, те¬ңіз, мұхит және термалдық сулардың энергетикалық ресурста¬рын енгізу мәселесін кеңінен талқылауға жағдай жасайды. Осы арада атап айтатын жайт, негізгі және аса жауап¬ты, күрделі де қызықты жұмыс енді басталады. Мемлекет басшысы бұл іс-шараға жауапты адамдарды айқындады.
Сөз орайында қолға алған жұмысымыздың тағы бір маңызды тұсын атап өтсем деймін. Дайын¬дық жұмысы кезеңінде қорша¬ған ортаға жаңаша көзқарас қалып¬тастыруымызға, табиғи ре¬сурстарға, энергия көздеріне қатысты көп нәрсені өзгертуге, өз еңбегіміздің нәтижелеріне ұқыпты қарай білуге, сөйтіп, жаңаша ойлап, еңбек мәдениетін арттыруға тиіспіз. Осылай еткен жағдайда ғана бұған жұмсалған барлық күш-жігеріміздің өтеуі толық аяқталады.
Ал, егер елдің бұл бағыттағы еңбегі мен жұмсалған қаржылық шығынның тиімділігіне талдау жасаған кезде, ЭКСПО-ның нәтижесін оған келушілердің саны бойынша ғана қарастырсақ (әрине бұл фактордың маңыздылығын да жоққа шығаруға болмайды), айтарлықтай толық бағалау болмайды ғой деп ойлаймын. Неге десеңіздер, істелген жұмыс, сондай-ақ, салынған нысандар, павильондар және оларды кейіннен пайдалану бойынша бағаланбауға тиіс. Яғни, мұнда ЭКСПО-Ситидегі озық және мүлдем жаңа технологиялар негізінде даму үрдісі көрініс беретін жаңа бір нәрсені салу ғана маңызды емес. Елдің барлық өңірлерінде бүкіл экономиканы дамытуға көзқарасты өзгерту, оны орнықты дамудың жаңа жолына салуға қуатты серпін беру – одан да маңызды, күрделі міндет.
– Талғат Амангелдіұлы, әң¬гімемізді түйіндей келе, ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көр¬ме¬сін өткізудің еліміз үшін, оның ішінде Астана қаласы үшін мәні мен маңызына тоқтала кетсеңіз.
– Саяси жағынан алғанда бұл Елбасының және еліміздің ха¬лықаралық сахнадағы зор беделінің айғағы. Бұл тәуелсіз еліміздің та¬рихи шежіресінде айшықты әріп¬термен жазылатын оқиға. Ал, енді Бүкіләлемдік көрме өткізу эко¬номикамызға қандай серпіліс береді десек, біріншіден, біз әлемнің озық технологияларын елімізге әкелуге жол ашамыз. Ірі компаниялардың жетістіктерінен тәжірибе алмасамыз. Екіншіден, Астана қаласының дамуына үлкен серпіліс жасалады. Әлемдік озық технологиялармен салынған құрылыс нысандары ел игілігіне жаратылады.
ЭКСПО көрмесіне дайындық барысында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Көрмеге келушілерге тұратын орын, сапалы тамақ, аудармашылар, экскурсиялар мен ойын-сауық қажет болады. Сондықтан, қосымша табыс табу мүмкіндіктері пайда болады. Шағын және орта бизнес иелері, инвесторлар үшін бұл жоғары сатыға көтерілудің жолы. Жастар үшін тамаша мүмкіндіктер туындайды, ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде волонтерлар ұйымы жанданып, ұйымдастыру жұмыстарында студенттер мен оқушылардың көмегі қажет болады. Бұл орайда, барлық жастарға айтарым, бірнеше тілдерді меңгеріп, мемлекеттік маңызы бар шараға атсалысыңыздар дегім келеді. ЭКСПО бұл халық үшін, жас¬тар үшін жасалатын көрме.
Астанада ЭКСПО-2017 көр-месін өткiзу мүмкіндігінің өзі Қазақстанда ғана емес, географиялық жағынан жақын орналасқан өзге мемлекеттерде экономикалық серпіліс жасай алатын тарихи маңызды оқиға болайын деп тұр. 2017 жылы елімізде ЭКСПО көрмесі, Халықаралық универсиада ұйымдастырылады, елордамыз Астана өзінің 20 жылдығын атап өтпек, сондықтан 2017 жыл біз үшін аса маңызды болады.
ЭКСПО – Бүкіләлемдік көрме. Оны өткізу мүмкіндігі елге жүз жылда бір рет қана берілуі мүмкін. Кей елдерге жүз жылдап та берілмеуі де мүмкін. Қазақстан – сондай мүмкіндікке тәуелсіз дамуының алғашқы ширек ғасырында-ақ қол жеткізген сирек елдің бірі. Осы табысымыз арқылы біз Астананың 20 жылдығына қазірден тамаша сый дайындап жатырмыз. ЭКСПО-2017 – халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін тұс. Дәл солай боларына сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған