Биыл 18 наурызда жалпы ұзындығы 277 шақырымдық республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» автокөлік жолының 14-ші шақырымында республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары, тапсырыс берушілер және мердігер компаниялардың өкілдері жергілікті тұрғындармен кездескен болатын. Оны Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырғанын газетте жазған едік.
Кездесу қорытындысында жобаға ішінара өзгерістер енгізіліп, қаржы көлемінің қайта нақтылануына байланысты, жоспарға сəйкес биыл аяқталуы тиіс «Атырау-Астрахан» жолының құрылысы 2023 жылға ығыстырылғаны айтылды. Осы жерде көтерілген өзекті мəселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша хаттама жасақталған еді. Осыны негізге алған республика Парламенті Мəжілісінің депутаттары – «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов, Сəлімжан Нақпаев, Нұрлыбек Ожаев, Еділ Жаңбыршин, Самат Мусабаев жəне «Aқ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев 30 наурыз күні төменгі палатаның пленарлық мəжілісінде Қазақтан Республикасының Премьер-Министрі Əлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттар сауалда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұдан бір жыл бұрын, 22 сәуірде Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізілген кеңесте Үкімет пен облыс әкімдіктеріне 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тапсырма бергенін атап көрсетті. Шынында, 2019 жылдан бері ел қазынасынан осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлініп отыр. Тіпті, жол құрылысы мен оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалып келеді, бірақ нәтижесі қарын аштырады. Бұл жөнінде Парламент депутаттары сан рет әртүрлі форматта мәселе көтергенмен, жеміс берген жоқ. Ақыры, құрылысы аяқталмай отырған күре жолдың әлегі жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын қозғаған.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде де бұл проблема әбден күйінген халықтың басты тақырыбына айналғаны шын. Әсіресе, тұрғындар Исатай, Құрманғазы аудандары арқылы өтетін негізгі желі жанынан уақытша жүруге арналған қосалқы жол стандартқа сай келмейтініне наразы. Шұбырған көліктің ізінен көтерілген шаң-тозаң қос ауданның жол бойындағы елді мекендерінің халқын әбден мезі қылғаны аздай, көлік апатын да тым көбейтіп жіберген. Соның салдарынан кенеттен опат болғандардың обалы кімге, қара жамылған отбасыларды кім жұбатады? Ал, тапсырыс беруші мемлекеттік органдар түрлі негіздемелермен құрылысты сағызша созып келеді.
Қазір жол бойындағы халық құрылыстың бекітілген кестеге сай қашан аяқталатынын да, бөлінген және жұмсалған қаржыны да, тым болмаса 2022 жылы көлік трассасының қанша шақырымы аяқталатынын да біле алмай дал. Жолдың сапасына да күмән бар. Көтерілгеншаң-тозаң салдарынан төзімі таусылған Исатай ауданының Аққыстау, Тұщықұдық, Қамыс қала маңайындағы тұрғындар жолдың осы ауылдар тұсындағы бөлігін биыл бітіруді сұрайды. Осының барлығын егжей[1]тегжейлі атап көрсеткен депутаттар хатта республика Үкіметінің басшысына елдігімізге сын болған осы жоба бойынша нақты талаптарын қойды.
«Біріншіден, Үкіметтің нақты позициясын білдіруді; екіншіден, жол азабын тартқан халыққа түсіндіру үшін шұғыл түрде Атырау облысына республика Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бастаған жұмысшы тобы барып, жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастыруын; үшіншіден, жол құрылысы сапасы мен оны аяқтауды жеделдетуді; төртіншіден, Жобаның мақсатты қаржыландырылуын қатаң бақылауға алуды өтінеміз. Сонымен бірге, мерзімі 5 жылға созылған тағы бір жоба – 70 шақырымдық «Индер-Қарабау» автокөлік жолын реконструкциялауға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаражат бөлуді сұраймыз» — делінген депутаттық сауалда.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдаманың негізінде Үкімет басшысы депутаттардың жанайқайын жауапсыз қалдырмайтынына сенім кәміл.
Қуат ҚОСЫМБАЕВ