
Жеті айда — жүзден астам жоба
Ауыл шаруашылығы – экономиканың жетекші және негізгі салаларының бірі. Сондықтан оны дамыту мақсатында агросекторға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмектің маңызы зор.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, тек биылғы жылдың басынан бергі жеті айда «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Атырау өңірлік филиалы арқылы жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгені құрайтын 105 жоба қаржыландырылған. Яғни, ауыл кәсіпкерлеріне қаржылық қолдау көрсету мақсатында осынша мөлшерде жеңілдетілген несие берілген.
Нақтылай айтқанда, бұл қолдау республика көлемінде қабылданған «Іскер» және «Агробизнес» жобалары арқылы жүзеге асырылып отыр.
Корпорацияның өңірлік өкілдігінің мамандарының мәліметінше, бөлінген қаржының басым бөлігі (1 млрд. теңгесі) атакәсіппен айналысу мақсатында мал мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға бағытталған. Ал қалған 685 млн. теңгесі – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалған.
«Аймақтың да салмағы бар» демекші, ендігі әңгіме – қолдауға сай қарекет жасау, яғни түпкі нәтижеге жету.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: gov.kz