Жарнама
Экономика

Жекешелендірудің екінші толқыны: БӘСЕКЕЛЕСТІК ТАБЫСҚА БАСТАЙДЫ

— Бағытжан Мазғалиұлы, облыс бойынша қанша нысан жекешелендірудің екінші толқынына іліккелі отыр?

— Баршаға аян, жекешелендіру тыңнан басталған іс емес. Дегенмен, бұл жолы да мемлекеттің және жекеменшік иесінің мүдделерін қорғайтын заң актілері қабылданып, мемлекеттік мүлікті басқару әдістемесінің негізі қаланды.Үкімет қабылдаған 2014 жылғы 12 мамырдағы №429 қаулысымен бекітілген «Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары» ең бірінші жеке сектордың дамуына орайластырылған басты шарттардың бірі болып саналады. Осы бағдарламаға сәйкес, бәсекелестік ортаға берілетін ұйымдардың тізімі айқындалды. Осы тізімге Атырау облысы бойынша  жиырма сегіз ұйым енгізілді. Оның ішінде он бесі — коммуналдық меншіктегі, он үші — «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамына (ӘКК) бағынысты кәсіпорындар.

Қазіргі таңда, жоспарға сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындардың жарғыларын, олардың қызмет саласын анықтау мақсатында түгендеу және негізгі қорларын бағалау  сияқты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы түгендеудің (инвентаризацияның) қорытындысы бойынша қайта құрылатын немесе коммуналдық меншікке берілетін кәсіпорындардың тізімі анықталатын болады.

Айта кеткен жөн, жекешелендірудің басты міндеті бұрын жұмыс жасап тұрған кәсіпорын, мекемелерді жекеменшікке жай бере салу емес, оларды жаңа активтермен біртіндеп ауыстыру болып табылады.

— Үстіміздегі жылы қанша мекеме жеке қолға өтеді деп жоспарланып отыр?

— Бұл бағытта арнайы жоспар жасалып жекешелендіру кестесі бекітілді. Сол кестеге сәйкес 2014 жылы коммуналдық меншіктегі бір ұйымды, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы  АҚ-на қарасты төрт ұйымды жекешелендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Атырау» ӘКК-ның бір ұйымы оның екінші қатысушысына сатылды. Сатылатын нысандар арасында денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларының мекемелері бар.

— Жалпы сатып алуға ынта білдіргендер көп пе?

— Жұмыс процесі басталмастан бұрын ресми басылымдарға, мемлекеттік мүлік реестрінің сайтына ақпараттық хабарлама беріледі. Қазіргі таңда, жекешелендіруге шығарылған ұйымдар бойынша сатып алуға ынта танытқан тұлғалар байқалған жоқ. Бірақ, алдағы уақытта алушылар табылады деген ниеттеміз. Өйткені, қазір кәсіптерін дөңгелентіп, істерінен нәсіп тауып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлеріміз өңірімізде көптеп саналады.

— Сатылымға шығарылған активтерге баға қалай қойылады?

— Қазақстан Республикасы Үкіметі 2011 жылдың 9 тамызында №920 қаулы шығарып, онда  Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы бекітілген болатын. Осы қағиданың 12-тармағына сәйкес, сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу жөніндегі тұрақты комиссия жекешелендіру объектiсiнiң құнын бағалайды. Сөйтіп, бағалаушы ұсынған есепті ескере отырып, жекешелендіру объектiсiнiң бағасын белгілеу туралы шешім қабылдайды. Жұмыс сол бекітілген баға бойынша жүргізіледі. Бұған қоса тәуелсіз  сарапшылардың да заңдық сараптамасынан өтеді. Активтер тәуелсіз сарапшылардың белгілеген бағасымен санаса отырып, комиссия талқысына ұсынады. Жөнсіз баға қойылмайды.

— Нысандарды сатып алу қалай жүзеге асады? Тендер, аукцион т.с.с. арқылы ма? Тағы қандай жолдары бар?

— Жекешелендіру бағдарламасының ережесінде тараптардың құқы мен міндеттерін анықтау, сату әдістерін белгілеу және аукцион, тендерлерді өткізу шаралары белгіленген. Нысандарды сатып алу осы ережеге сүйенеді. Бүгінгі күні бізде коммуналдық меншіктегі 15 ұйымды коммерциялық тендер негізінде жекешелендіру жоспарланды.  Қазір жекешелендіру туралы ережеге өзгерістер енгізілуде. Осыған орай, электронды тендер түрінде жүзеге асыру көзделіп отыр.  Ал, «Атырау» ӘӘК АҚ-на қатысты ұйымдар үлестік пайыз тұрғысынан құрылған бірлескен кәсіпорындар болып табылады. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес ұйымның екінші қатысушысы үшінші жақтың алдында объектіні сатып алуға басым құқығы бар.

Осыған орай, «Атырау» ӘКК ұйымдардағы үлесін сатып алуды екінші қатысушыға ұсынады. Егер ол сатып алудан бас тартқан жағдайда ғана ол ашық сатылымға шығарылады. Сөйтіп, активтерге сұраныс болмаса тиісті шешім қабылданады. Мемлекет мүддесіне сәйкес артық немесе пайдаланылмай келген нысандар осы мүліктер қажет деген заңды тұлғаларға беріледі, жекешелендіріледі, жалға немесе коммуналдық меншікке тапсырылады.

Жекешелендірудің біздің облысымызда жүру деңгейіне қалай баға бересіз?

— Жекешелендіру Елбасының тапсырмасы. Негізгі мақсат-мемлекеттік шығындарды азайту, мемлекеттің қатысуын шектеу. Жоғарыда айтып өткен кешенді жоспарға сәйкес бізде де жекешелендіру кестесі бекітіліп, жекешелендіру алды дайындық жұмыстары басталып кетті. Әзірге былай болады деп айту қиын. Бірақ, алдан үмітіміз бар.

— Ортақ сатылымға түсетін нысандарды өткізу мерзімі белгіленген бе? Өтпеген жағдайда не болады?

— Жоғарыда айтылғандай жекешелендіру кестесіне сәйкес 2014 жылы – бес, 2015 жылы – он екі, 2016 жылы  он бір ұйымды бәсекелестік ортаға беру жоспарлануда. Осылайша, 2015, 2016 жылдарға бөлінген кесте бар қолымызда. Егер жекешеленбеген жағдайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, қайта құру, жабу, тарату сияқты тиісті шешімдер қабылданады.

— Жекешелендірудің екінші сатысы басталды. Қандай нәтиже күтеміз?

— Мемлекетіміз қарышты даму үстінде. Халықтың әл-ауқаты, рухани өмірдегі оңды өзгерістер барлығы да заман туғызған талапқа сай жасалып, еліміздің алдыңғы саптан, яғни дамыған отыз елдің қатарынан көрінуі үшін атқарылып жатқан алғышарттар деуге болады. Жекешелендірудің мақсаты — мемлекеттің қатысуымен құрылған ұйымдардың санын азайту арқылы шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға мүмкіндік беру.

Бүгінгі күні елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлініп, кеңінен жол ашылып отыр. Елбасымыздың жасап отырған бұл мүмкіндігі ешбір елде жоқ. Сондықтан, берілген жағдайды ұтымды пайдалану әр кәсіпкердің біліктілігі мен қабілетіне байланысты болмақ.

Қазір инновациялық жаңа жобаларға жол ашық. Кәсіп етемін, оны өрістетемін  деген адамның барлығына да жағдай бар. Мәселен, бізде де сатып алушының бұрынғыдай әкімдіктің табалдырығын тоздырмай ғаламтор арқылы мемлекеттік мүлік реестрінің сайтын ашып, әрі қарай жұмысын жүргізе беруіне болады. Бұл баяғыша адаммен бетпе-бет жұмыс жасап уақыт жоймауға, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік туғызып отыр. Бұған қоса, бұл әдіспен ешқандай заң бұзушылыққа, демек, «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмейді. Мүлікті қалай сатып алуға болатындығы туралы нұсқаулық, жалпы мәлімет осы сайтта толық көрсетіледі.

Сөз соңында алда тұрған міндеттерге аз-кем тоқталып өтсеңіз.

— «Қазақстан-2050» стратегиясында мемлекеттік саясатты іске асыру, әлеуметтік-бағдарлау міндеттерін шешу, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу, экономиканың басым секторларына қолдау көрсету туралы да міндеттер қойылды. Солардың бірі заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүліктің тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын, мемлекет меншігіне түгендеу (инвентаризация) жүргізуді, бүкіл ел үшін мемлекеттік мүліктің біртұтас базасын жасауды қамтамасыз ететін шаралар қабылдау болып табылады. Мемлекеттік меншіктегі тиісті объектілерді түрлі тетіктерді пайдалана отырып, бәсекелестік ортаға беру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар одан әрі де жалғасады.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Ағиба Қатешова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button