«ЖАСЫЛ ЕЛ» ҮЗДІКТЕРДІ АНЫҚТАДЫ
Тұрғындар қалашығы мөлтек ауданындағы демалыс саябағында ашық аспан астында өткен шарада облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи Мемлекет басшысы алға қойған еңбек адамын көтермелеу жөніндегі ойын тарқатты. Аймақты көгалдандыру жұмысына ерекше үлес қосқан студенттерді Алғыс хатпен марапаттады.
Жасалған жұмыстың қорытындысы бойынша «Ең үздік сарбаз» номинациясына Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжінің ІІ курс студенті Мадияр Күнтілеуов, «Ең үздік жетекші» атағына Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің IV курс студенті Нұргүл Рамазанова ие болды. Ал, көлік және коммуникация колледжінің оқытушысы Гүлдана Меңдекешова «Ең үздік жасақ жетекшісі» номинациясымен марапатталса, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжі ең үздік оқу орны ретінде танылды. Бұдан басқа бірқатар жас дипломмен марапатталды. Барлық марапат иелеріне бағалы сыйлықтар қоса табыс етілді.
Елбасының бастамасымен 2005 жылдан бастап іске асқан бұл жобаға жастар қашан да белсенділікпен қатысуда. Бұл жөнінде жобаның Атырау облыстық штабының жетекшісі Ильяс Рашид мәлімдеді.
— Көгалдандыру жұмыстары қаламыздағы «Арнаулы автобаза» коммуналдық кәсіпорны мен «АтырауЖасылҚұрылыс» мекемесімен бірігіп іске асты. Мұндай жұмыстар аудандарда орман шаруашылығында да жүргізілді. Маусымдық жұмыста бір студент бір ай жұмыс жасап, жалақы алды. Қалған екінші, үшінші айында басқа студенттер жұмысқа тартылды. Бұл барлық студенттің маусымдық жұмысқа араласып, еңбекті түсіне білуіне септігін тигізіп отыр. Биыл еңбек жасағына 600 студент қатысты. Олар қала ішіндегі белгіленген аймақтарды көгалдандырудан бөлек, Ақсай, Еркінқала елді мекендерін қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Науқан бойы тегін бір мезгілдік тамақпен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, түрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылды, – дейді ол.
Штаб жетекшісінің айтуынша, келер жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағындағы студент саны 750-ге жеткізіледі.
Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Атырау-Астрахан тас жолын жөндеу жұмыстарына студенттік құрылыс отрядтарын қатыстыру жоспарда бар. Құрылыс отрядының жұмысы соңғы екі жыл бойы қолға алынбаған екен.
Айта кету керек, ендігі уақытта «жасылелдіктер» қатарында бір студенттің үш ай бойына жұмыс жасауына мүмкіндік туады. Демек, олардың жазғы демалыста осындай ауқымы кең іске өзіндік үлес қосуларына жол ашылмақ.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.