
Жастардың қаржылық сауаты қай деңгейде?
Қазіргі заманда қаржылық және құқықтық сауаттылықтың маңызы зор. Жастардың экономикалық тұрақтылығы, қауіпсіздігі, тіпті өмір сапасы олардың қаржы мен заңды қаншалықты түсінетініне тікелей байланысты. Қаражатты дұрыс басқару, құқықтарын қорғау және алаяқтықтан сақтану – әрбір адамға қажет дағдылар. Дегенмен, жастардың бұл бағыттағы білім деңгейі қандай? Олар қаржылық сауаттылықты қайдан үйреніп жүр, әлде өмірден алынған қателіктер арқылы ой түйеді ме? Ендеше, осы сауалдардың жауабын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Құқықтық сауаттылық – адамның өз құқықтары мен міндеттерін білуі және оларды сауатты түрде қолдана алуы. Бұл кез келген адамға қажет болғанымен, жастар үшін ерекше маңызды. Себебі олар – елдің болашағы, ертеңгі мамандар, кәсіпкерлер, көшбасшылар.
Өмірде көріп жүргеніміздей, құқықтық білімнің жетіспеушілігі кейде жастарды қиын жағдайларға ұрындырады. Еңбек шарттарын білмегендіктен әділетсіз жұмыс жағдайларына келісіп, заңды білмеген соң өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Бұл олардың қаржылық және құқықтық әлсіздігін көрсетеді. Қазақта «Заң күшті емес, шындық күшті» деген сөз бар, алайда шындықты қорғау үшін де заңды білу керек.
Заңды білу – жөнді білу
Осы тұста құқықтық сауаттылықтың төмендегідей артықшылықтарын анықтадым:
-Жеке құқықтарын қорғау – келісімшарттар, еңбек заңнамасы, тұтынушы құқықтары бойынша хабардар болу;
-Құқық бұзушылықтың алдын алу – заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды;
-Жемқорлыққа қарсы тұру – әділетсіздікке жол бермеу және оны тану қабілеті;
-Қоғамдық жауапкершілік – қоғамдағы әділдік принциптерін түсіну.
Қазақстанда соңғы жылдары құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында көптеген шаралар қолға алынуда. Дегенмен, жастардың бұл саладағы белсенділігі әлі де төмен. Құқықтық білім тек Қылмыстық кодекс пен заң баптарын жаттау емес, ол – күнделікті өмірде қолданылатын практикалық құрал.
Қаржылық сауаттылық – болашақтың кепілі
Ақша – әлемдегі ең маңызды ресурстардың бірі. Бірақ оны дұрыс басқаруды білмеген адам қаржылық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Жастардың қателіктерінің бірі – тек қысқа мерзімді қаржылық мақсаттарға көңіл бөлуі.
Кәсіби сарапшы ретінде қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидаларын атап өтейін:
-Бюджет жүргізу – табыс пен шығысты дұрыс басқару, қажетсіз шығындарды азайту;
-Несие және қарыз – пайыздық мөлшерлемелерді түсіну, артық қарыздан сақтану;
-Инвестициялау – қаржы құралдарын тиімді пайдалану, тәуекелдерді бағалау;
-Сақтандыру – болашақтағы қаржылық тәуекелдерден қорғану.
Өз қаражатын дұрыс басқара алатын, инвестиция жасауды білетін, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылатын жастар – ел экономикасының берік тірегі. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, қаржылық білім де өмірлік қажетті дағдыға айналуы керек.
Интернет-алаяқтық – заманауи қауіп
Күнделікті өмірде ғаламтордың пайдасын да, зиянын да көріп жатқанымыз рас. Мәселен, соңғы жылдары виртуалдық кеңістікте алаяқтық құлашын кең жайды. Бүгінде ғаламторда алданудың негізгі себебі қаржылық және құқықтық сауатсыздықтан туындап отыр. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, былтыр интернет-алаяқтық оқиғалары күрт өскен. Мысалы, 2023 жылы 770 жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1105-ке жеткен.
Жалпы, алаяқтықтың ең көп тараған түрлері:
-Фишинг (Phishing) – жалған сайттар немесе хаттар арқылы жеке деректерді ұрлау;
-Қаржы пирамидалары – жеңіл табыс уәде етіп, адамдарды ақша салуға итермелеу;
-Кибершабуылдар – аккаунттарды бұзу, төлем карталарынан қаражат ұрлау;
-Жалған интернет-дүкендер – алдын ала төлем жасап, тауарды алмау.
Иә, «Аңқау елге – арамза молда» деп бекерге айтылмаған. Сондықтан әр адам алаяқтың құрбанына айналмаудың жолын білгені жөн. Интернеттегі қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін тұрғындар банк картасының деректерін ешкімге бермеу және жеке деректерді қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны қолдану қажет.
Осы жазбамды түйіндей келе айтарым, мақала оқырманға ой салу мақсатында жазылды. Өйткені, құқықтық және қаржылық сауаттылық тек жеке адамның ғана емес, тұтас елдің тұрақтылығы мен дамуына ықпал етеді. Өз құқықтарын білетін, ақшасын дұрыс басқаратын жастардың мемлекет тірегі екені белгілі. Ол үшін жастар білімді болуы керек. Ал, «Білім – инемен құдық қазғандай» емес пе?! Қаржылық-құқықтық сауатты болу – әркімнің өз болашағына жасайтын ең тиімді инвестициясы.
Әлия СҰЛТАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Экономика және құқық факультетінің Стратегиялық даму және ғылым жөніндегі декан орынбасары