«Жарық та, жылу да жеткілікті»
Бүгін энергетиктер әдеттегідей кәсіби мерекесін атап өтеді. Оның үстіне биыл мұнайлы мекендегі мерейлі мамандық иелері 60 жылдық торқалы тойын тойламақшы. Алайда, қаһарлы қыс оқыс оқиғаға толы. Оған дайындығымыз қалай? Осы орайда оқырмандар назарына «Атырау Энергетикалық Кешені» басқармасының төрағасы Алтынбек ҚАРШЕГЕНОВПЕН сұхбатты ұсынбақпыз.
– Алтынбек Төлеуғалиұлы, қылышын сүйретіп қыс та келді. Өткен уақытта республиканың әр өңірінде апатты жай орын алды. Атыраулық энергетиктер де біраз сын сағатын бастан өткізді. Биыл жарық пен жылу жеткілікті ме?
– Әрине, болашақты болжау өте қиын. Әйтсе де, «Атырау–Жарық» акционерлік қоғамы тұтынушыларды электр қуатымен қамтуда қолда бар барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Мәселен, әр жылы инвестициялық бағдарлама аясында жоспарланған жұмыстар жүзеге асады. Биыл Жылыой ауданындағы «Қаратон-2» подстансасын жаңғыртудың бірінші сатысы қолға алынды. Әбден тозған әуе желілері мен трансформатор подстансалары жаңартылды және жөнделді. Арнаулы техникалар сатып алынды. Апатқа қарсы диагностика мен релелік қорғаныш құралдары жаңаланды. Демек, бұл бағытта алдағы уақытта ешқандай проблема туындамауы тиіс.
Облыс орталығында 12 төмендеткіш трансформатор, 0,4 киловольттық электр бағандары мен желілері техникалық тұрғыдан жаңартылуда. Әсіресе, соңғы шара тұтынушыларды электр қуатымен қамту және желі бойындағы өткізгіштік сенімділігін арттырады. Сөйтіп, желідегі электр энергиясының шығыны барынша кемиді. Ескі кешенді және жәй трансформаторлық нысандардың жаңалары тұрғызылуда. Олар жаңа жабдықтармен және қуатты күштік трансформаторлармен қамтамасыз етіледі. Бұл тұтынушыларды көбірек қамтуға мүмкіндік береді.
«Вокзал маңы шағынауданындағы үш трансформатор нысанында құрылыс және электр құралдарын қондыру жұмыстары толық аяқталып, қатарға қосылды. Осындай жұмыстар Жұмыскер мен Атырау шағынаудандарында, Еркінқала мен Ракуша ауылдарында жүзеге асырылды. Осы орайда 1054 км электр желісі заманауи бағандармен және сымдармен ауыстырылды. Үш арнайы техника алынды. Жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін қазіргі заман талабына сай электртехникалық лаборатория алынды. Оның көмегімен күштік кабельдерді сынақтан өткізуге, қуатын өлшеуге, бүлінген жағдайда қай жерде және қандай қашықта екенін дәл анықтауға болады. Тіпті жерасты коммуникациясының тереңдігін де тауып береді.
«Атырау жылуэлект-рорталығы» акционерлік қоғамында жоспарланған төрт негізгі бойлер, бес ыстық сумен қамту сорғысы, автоматты газ тарату стансасы, үш қазандық агрегаты, төрт турбоагрегат, байланыс трансформаторы, бірінші және екінші су көтеру мен циркуляция сорғылары, тағы басқа негізгі жабдықтар күрделі жөнделді. Бұған қоса тағы бір турбоагрегат толық жаңартылуға таяу.
«Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамында диаметрі 720 милиметрлік «ТЭЦ-Пав.Восток» магистральді желісі ауыстырылды. Жылу құбырлары толық қапталды.
Міне, осы және өзге де шаралар қысқы науқанды ешқандай тосын жайсыз өткізіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Мұның бәрі жалаң цифрлар секілді көрінгенімен, сайып келгенде, аса үлкен жұмыс көлемі. Біздің мамандар соның бәрін жоспарлы түрде дер кезінде орындап шықты.
– Өзіңіз айтқандай, мұның бәрі, расында да, қомақты жұмыс күші мен қаражатты қажет етеді. Осы орайда биылға белгіленген инвестиция көлемін білуге бола ма?
– Бізде жасырын еш нәрсе жоқ. Осы жылы «Атырау–Жарық» акционерлік қоғамы бойынша 1 млрд. 317 млн. теңгенің жұмысы жоспарланды. Ал, «Атырау жылуэлектр орталығы» АҚ-ы бойынша инвестиция көлемі 5 млрд. 286,05 млн. теңгені құрады. Ақырында, «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамындағы шараларды жүзеге асыру үшін 746 млн. теңге жұмсалды. Соның нәтижесінде жоғарыда айтылған ауқымды іс тындырылды.
Әрине, бұл – барлық шаруа бітті деген сөз емес. Өмір өз орнында тұрмайды. Алдағы күндер жаңа міндеттер жүктейді. Демек, инвестициялық жоспарлар жалғасады. Оның үстіне, аймақта өндіріс ошақтары да, тұрғын үйлер де, әлеуметтік нысандар да артып келеді. Солардың бәрін жарықпен де, жылумен де, қамтуға тура келеді. Сондықтан, келешекте энергетикалық қуаттар бүгінгіден де өседі.
– Осы орайда Атырау жылуэлектр орталығында орнатылып жатқан реактивті газэнергетикалық қондырғы туралы білгіміз келеді. Оның пайдалануға берілуімен аймақта электр энергиясымен қамтуда сенімділік қалыптасуына үміт бар емес пе?
– Иә, бұл – тек Атырау энергетикалық кешенінде ғана емес, күллі аймақ тарихында үлкен оқиға. Оны барша жұрттың күтіп отырғанын да түсінеміз. Нысанның өте күрделі екендігі соншалық, оны жете меңгерген мамандар елімізде де жоқ. Сондықтан, сырттан шеберлер шақыруға тура келді. Ал, біздің инженер-техниктер солармен қоян-қолтық жүріп, тәжірибе жинақтайды. Өйткені, заманауи қондырғыны түбі өзіміз кәдеге жаратамыз.
Ал, қуаты 60 МВт болатын газтурбинадағы дайындық жұмыстары алдымыздағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Осы межені жобалап отырмыз. Содан шетелдіктердің қатысуымен іске қосу жүргізіледі. Жаңа нысанның қолданысқа берілуі өңірде энергетикалық қуаттардың сенімділігін одан әрі арттырады. Сайып келгенде, сыртқы факторларға байланысты оқыс оқиға кезінде де электр энергиясын қалыпты сақтауға мүмкіндік туады. Сәл ғана шыдасақ, оның игілігін атыраулықтар көретін болады.
– Жазғы мезгілде Атырау жылуэлектр орталығы энергетикалық жабдықтарды салқындатуда кедергілерге тап келеді. Бұған негізінен Жайық суы пайдаланылады. Бірақ, өзен деңгейі жыл санап төмендеп жатыр. Ендеше, мәселе қалай шешілмек?
– Жайықтың тайызданып жатқаны баршаға мәлім. Бүгінде ол күллі республика үшін басты проблемалардың біріне айналды. Оның бізге де тура қатысы бар. Өйткені, Атырау жылуэлектр орталығының бу турбиналары өзен суымен салқындатылады. Яғни, Перетаска тұсынан су аламыз.
Ал, қазіргі қалыптасып отырған жағдайды дабыл қағарлық деп бағалауға болады. Электр және жылу энергияларын шығарып отырған негізгі жабдықтарды дер кезінде салқындатып тұрмаса, оларды тоқтатуға тура келеді. Бүкіл өңірді энергетикалық қуаттармен қамтуда кідіріс орын алуы ықтимал. Тіпті толық тоқтауы да мүмкін. Бұған, әрине, ешқандай жол беруге болмайды. Сонау жылдары электр энергиясы қыc кезінде көбірек тұтынылатын. Алайда, соңғы бірнеше жылда оны пайдалану жаз кезінде күрт өсетіні байқалды. Бұған тұтынушылардың ыстық уақытта салқындатқыш құралды жиі қолдануы себеп. Қазір өндіріс орындарында да, әлеуметтік нысандарда да, тұрғын үйлерде де қуатты кондиционерлер көп. Міне, сонда электр және жылу энергияларын шығаратын бу турбиналарына еселеп салмақ түседі.
Рас, бір жоба бар. Ол – қажетті суды өзімізде даярлау. Әрине, бұл – тұйықтан шығудың бір жолы. Бірақ, оның іске асуы – жеңіл нәрсе емес. Ең алдымен, оған аса ауқымды қаражат қажет. Шыны керек, мұндай қаржы бізде жоқ. Қосымша табыс табу үшін қолданыстағы заңдылықтар аясында уәкілетті органдармен инвестициялық келісім жасап, жеке тариф алуымыз керек. Алайда, «Электрэнергетика туралы» Заң талаптарына сәйкес инвестициялық келісім негізгі жабдықтарға қатысты ғана жасалады. Ал, біз жоспарлаған жабдық оған жатпайды. Әйтсе де, құны 15 млрд. теңгеден асатын қуаты сағатына 39000 текше метрлік қондырғыны әкеліп, құралдауға техникалық-коммерциялық ұсыныс алдық. Қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде. Оның оң қолдауға ие болуын біз де күтіп отырмыз. Өйткені, қайталап айтқанда, қалыптасқан жағдай өте күрделі.
– Қазір қыс уақыты. Бетін әрмен етсін, бірақ тосын жай кез-келген уақытта орын алуы ықтимал. Оған даярлық қалай?
– Тұтынушылар назарына мына мәліметті ұсынамыз. Қазір шаһарда сегіз жөндеу және алты жедел әрекет ететін бригада жасақталған. Оларға барлығы 16 техника бөлінді. Олардың екеуі арнаулы саналады. Құлсары қаласында 6 жөндеу және үш жедел әрекет ететін бригада бар. Бұларға 10 техника, біреуі арнаулы, берілген. Сөз ретінде айтар болсақ, осы 26 техниканың 13-і биыл алынған. Демек, дер кезінде қатарға қойылды.
Қажет уақытта қолданатын жабдықтар мен материалдардың жеткілікті қоры жасақталды. Бригадалар мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді. Демек, бұл бағытта ешқандай проблема жоқ. Қаһарлы қысқа сақадай-сай отырмыз. Әрине табиғат тосын мінез танытуы ықтимал ғой. Дегенмен, сын сағатында тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге әзірміз. Түптеп келгенде, бұл – біздің парызымыз.
– Мереке қарсаңында да қызмет жөнінде айтып жатырмыз. Мұнсыз тағы болмайды. Осы орайда жалақы жөнінде не айтасыз? Кәсіпорында кадр тұрақтауы соған да байланысты ғой.
– Иә, маман мәселесі бізде де бар. Турасын айтқанда, атыраулық энергетиктер сапында сырттан келген адам жоқ. Бәрі де жергілікті жердің тұрғындары. Басшылық құрам да, қатардағы электр монтерлері де – атыраулықтар. Демек, бізге әрбір қызметкер қымбат. Олардың өндірістегі де, тұрмыстағы да мәселесін барынша шешуге тырысамыз.
Ал, жалақы жөнінде айтсақ, оның орташа көлемі 264 621 теңгені құрайды. Соның ішінде басшылық құрам 448 554, инженер-техник қызметкерлер мен мамандар – 223 234, ал қатардағы электр монтерлері 245 203 теңге алады. Соңғы рет айлық биылғы 1 шілдеде 20 пайызға көтерілді. Байқап отырғаныңыздай, еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейімен салыстырғанда бірнеше есе артық.
Әрине, бұдан да жоғары көтеріп, қазіргіден де көбірек беруге болар еді. Әйтсе де, оған дәл осы сәтте мүмкіндік жоқ. Турасын айту керек, «Атырау Энергетикалық Кешені» бюджеттен де, өзге көздерден де қаражат алмайды. Біздің қаржылық қорымыз – өзіміздің қызмет көрсетуден тапқан табысымыз. Оның тағы бір жолы – тарифтік түсімдер. Салыстырмалы түрде атасақ, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда мұнайлы мекенде ең төменгі тариф қалыптасқан. Атыраулықтар әр киловатт-сағат электр энергиясына арзан төлеп отыр. Біз оны қарапайым халыққа салмақ салмау үшін әдейі істегенбіз. Бірақ, таяу уақытта бизнес пен жеке азаматтар үшін тариф теңеседі. Бұл – жоғары жақтың талабы, өмір шындығы. Кәсіпкерлікке де артық күш артуға болмайды.
Міне, көрдіңіз бе, бір мәселеден екіншісі туындайды. Жоғарыда айттым ғой, бізде тек осы жердің адамдары еңбек етеді. Яғни, өз мамандарымызды өзіміз даярлап жатырмыз. Өңірдегі электр мамандығына оқытатын арнаулы оқу орындарымен байланысымыз жақсы. Олардың студенттерін өндірістік тәжірибеге тартамыз. Кейін түлектерді қызметке қабылдаймыз. Әйтсе де, солардың кейбірі осында толымды тәжірибе жинақтап, жан-жақты жетілген соң жалақысы мол компанияларға ауысып кетеді. Қайтеміз, ешкімді күштеп ұстап тұрмаймыз ғой. Әйтсе де, біз энергетика кадрларын әзірлейтін ұстахана секілді болып отырмыз.
Ал, жалақы мәселесіне оралсақ, алдағы уақытта да оны өсіруге тырысамыз. Ол, әрине, кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігіне байланысты.
– Осы орайда тұтыну-шылармен байланыс қалай жақсармақ?
– Бұл – біздің басты межеміз. Атырау энергетикалық кешеніне қарасты кәсіпорындардың бәрі тұтынушыларға сервистік қызметті жақсарту мақсатында жұмыс жасауда. Осы орайда ашықтық саясаты үстемдік құрады. Мәселен, энергияны ұсыну және сату қызметінде барлық тұтынушылардың мәліметі сақталған бағдарлама жасақталып, қазір ол қалыпты жұмыс жасауда. Электр энергиясының пайдалану көлемі тұрмыстық тұтынушыларға «ЕРЦ-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің біртұтас есептеу орталығы арқылы жүзеге асырылады. Қажет жағдайда және әркімнің тілегі бойынша есептеу құралының көрсеткіші тұтынушыға электронды түрде жолданады. Ашықтық деген осы емес пе?
Төлем төлеуді жеңілдету үшін Kaspi, Халық және Teleqram қосымшалары арқылы интернет-банкинг көмегін пайдалануға болады. Осы жылы «Атырау–Жарық» акционерлік қоғамының диспетчерлік қызметі колл-орталығына қосылды. Сонымен қатар, қаладағы коммуналдық қызметтің Teleqram біртұтас орталығы қызмет істейді. Мұның бәрі қалалықтардың қоңырау шалуына жедел әрекет етуге септігін тигізеді. Құжат айналымын электронды жүйеге аудару абоненттермен жұмысты шапшаңдатты.
Біз өзімізді әлеуметтік-жауапкершілікті мекеме санаймыз. Сондықтан, жұмысымызды одан әрі жақсартуға барлық күшімізді жұмсаймыз. Тұтынушыға сапалы қызмет көрсету – біздің мақсатымыз. Барлық энергетикалық кәсіпорында электронды сайттар бар. Қызмет барысын солардан да көруге болады. Оның үстіне, 2012 жылдан бері «Энергетик» газеті тұрақты шығып келеді. Тұтас энергетикалық кешеннің күнделікті тіршілігі сонда да кең көрініс тапқан. Жалпы, жұртшылықпен жұмыс жасаған соң, олармен байланысымыздың беріктігі бізге де қымбат. Еңбегімізге ел риза болып, алғысын айтып жатса, бұдан артық нендей мәртебе керек?.
– Көп рахмет. Біраз жәйді әңгіме еттік. Бүгін Атырау энергетика кешені өзінің 60 жылдық тойын тойлайды. Ол төл мерекемен тұстас келіп отыр.
– Иә, біз үшін биылғы айтулы мереке – 60 жылдық тойымыз. Аз уақыт емес. Осы аралықта талай буын алмасты. Әке жолын ұлы жалғастырды. Аға ізін іні басты. Атыраулық энергетиктердің жаңа ұрпағы қалыптасты.
Тарихқа көз салсақ, сонау 1963 жылғы 18 маусымда Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрі Т.И.Батуров Гурьев энергожүйесі өндірістік кәсіпорны «Запказэнерго» аудандық энергетикалық басқармасы құрамынан шығарылып, дербес құрылыс болуы жөнінде №922 өкімін шығарған екен. Сөйтіп ол Гурьев аудандық энергетикалық шаруашылық басқармасы аталыпты. Міне, осы жыл қазіргі Атырау энергетикалық кешенінің құрылған сәті ретінде тарихта таңбаланды. Оның негізін қалаушы Н.Т.Неверов десек, Гурьев жылу-электр орталығының бірінші директоры Н.Б.Бекмамбетов еді.
Атырау энергетикалық кешенінің содан бергі өткен белестері әр жылдары жарық көрген кітаптарда кеңінен баяндалады. Сондықтан бәрін қайталаудан аулақпын. Бір ғана нәрсе анық, өткен жылдар жетегінде энергетикалық қуат еселеп артты. Қазір аймақта жарық та, жылу да жеткілікті. Одан тапшылық болмайды. Жүздеген шақырымдық желілер электр қуатын өңірдің барлық түкпіріне жеткізеді.
Міне, соның бәрін атқарып отырған біздің ұжымның қызметкерлері. Ендеше, мереке құтты болсын. Алдағы күндердің жарқын жеңісіне бірге қадам басайық.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның
Құрметті журналисі