СарапTime: ЖАРЫҚ НЕГЕ СӨНЕДІ?

propopropop Экономика

ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ ТЕК АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ ЕМЕС, КҮЛЛІ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІНЕН САНАЛАДЫ. ШЫНТУАЙТЫНДА, БҰЛ – ШҰҒЫЛ ШЕШІМІН ТАБУДЫ ТАЛАП ЕТЕТІН ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА. СОЛ СЕБЕПТІ, БҰЛ МӘСЕЛЕ ҮКІМЕТ ПЕН ПАРЛАМЕНТТІҢ ҰДАЙЫ БАҚЫЛАУЫНДА ТҰР.

Таяуда облысқа жұмыс сапарымен келген республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғановтың назарынан да бұл мәселе тыс қалмады. Ол әуелі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты партияның сайлауалды бағдарламасының облыстағы орындалу барысымен танысты. Жергілікті халықпен жүздесіп, олардың ой[1]пікірін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді, еңбек ұжымдарымен кездесті. Сондай басқосулардың бірі энергетиктермен өтті. Онда аймақтың энергетика кешенінде қордаланған проблемалар мен оларды оңтайлы шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл бөлінді. Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енген инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

ЖОБАЛАР ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТСА…

«Қазақстанның бірыңғай электр жүйесі Батыс аймағының электр желілерін күшейту. Электр желілері нысандарының құрылысы» деп аталатын жоба – аса күрделі әрі стратегиялық тұрғыда маңызы жоғары жоспар. Мұнда Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аралығына тартылған 220 киловаттық электр желісінің қуаттылығын күшейте отырып, олардың өткізу қабілетін, сөйтіп тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру көзделген. «KEGOC» АҚ «Батыс жүйеаралық электр желілері» филиалының директоры Константин Чернохаевтың түсіндіруінше, қазір республиканың батысындағы осы екі облыс бір-бірімен өткізгіштік қабілеті 100 мегаваттан аспайтын 220 киловаттық жалғыз тарам электр желісі арқылы байланысқан. Егер жөндеу жұмыстары кезінде уақытша ажыратылса, тек Атырау облысы емес, Маңғыстаудағы жұртта да электр қуаты автоматты түрде болмайды. Соның салдарынан тұтынушыларды электр қуатымен сенімді түрде қамту мүмкіндігі азаяды. Сол себептен де жоғарыда аталған жобаны жүзеге асыру қажеттілігі туындап отыр. Жоспар бойынша ол 2023 жылы аяқталуы тиіс. Қосымша құн салығын қоса есептегенде оның құны 56,76 млрд. теңгені құрайды. Нақты айтқанда, бұл жоба Батыс Қазақстан және Атырау облыстары аумағымен өтетін қолданыстағы 220 кВт[1]тық екінші тізбектегі – «Орал-Оңтүстік жағалау-Индер-Қарабатан-Құлсары» (жалпы ұзындығы – 775,358 км) желілік нысандарының құрылысын қамтиды. Айта кету керек, мұндай ірі құрылыс соңғы рет 1988 жылы жүргізіліпті.

– Екіншісі – қолданыстағы желілерді реконструкция жасау әуелі 110 және 220 кВт-тық Атырау, Құлсары, Теңіз, Бейнеу подстанцияларындағы ашық тарату құрылғыларын қамтиды. Мұның да тапсырылу мерзімі келесі жылға белгіленген. Басты мақсат – осы нысандардағы жабдықтардың техникалық деңгейін арттыру. Сол арқылы подстанцияларға барынша жоғары кернеулі заманауи үлгідегі жабдықтарды орнату арқылы энерготиімділікке қол жеткізу және сенімді әрі қауіпсіз жұмыс ырғағын жолға қою. Бұған бюджеттен 5,8 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды, – деді ұлттық оператордың аймақтағы өкілі.

Ал, «қазынаның қыруар қаржысын шығындап, осындай күрделі жобаны қолға алуға қандай жағдай себепші болды?» деген сауалға келсек, оның туындауы да заңдылық. Өйткені, қазір қолданып келе жатқан жоғары кернеулі жабдықтар әбден тозған, яғни өз ресурсын толықтай сарқып, уақыт талабына сай қажеттілікті өтей алмай тұр. Сол себепті, жоба шеңберінде күні бүгінге дейін пайдаланылып отырған 220-110 кВт-тық ашық тарату қондырғыларындағы түрлі құрылғылар (подстанциялардағы ажыратқыштар, ток беріп, желі бойындағы кернеуді реттейтін трансформаторлар, өзге де қосалқы бөлшектерді айырып-қосатын аппараттар) реконструкциядан өтеді. Жоспарланғанындай, Атырау мен Құлсары қалаларындағы подстанциялар, Теңіз вахталық қалашығы мен Бейнеу кентіндегі ашық тарату қондырғылары түгелімен жаңартылады. Облыстың даму бағдарламасына енгізілген маңызды жобалардың санатында «Оңтүстік жағалау-Индер» (ВЛ 220, кВЛ-2540) жоғары кернеулі электр желісінің реконструкциясы да бар. Қызмет көрсету мерзімін өтеп біткен, ұзындығы 197 шақырымға жуық бұл желінің құрылысы да биыл аяқталуға тиіс. Құны – 3,67 млрд. теңге (салынатын қосымша құн салығын қосқанда). Жоспарлы жұмыстардың дені жасалған. Нысан қайтадан іске қосылғанда желі бойындағы жүктеме айтарлықтай азайып, электр қуаты бірқалыпты, үзіліссіз беріледі. Ауа райының қолайсыз құбылыстарына қарамастан, желідегі кернеу деңгейінің сақталып, тұтынушылардың сенімді қуат көзімен қамтылуына мүмкіндік жасалады. Сайып келгенде, осындай ауқымды жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстанның батысындағы электр желілерін республиканың бірыңғай энергетика жүйесіне біріктіруге жол ашылады.

ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫРҒАН АУЫЛДАР

Облыстық энергетика және тұрғын үй[1]коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, қазір облыстағы 160-қа жуық елді мекеннің басым бөлігіне тұрақты электр желісі тартылған, қамтылуы – 98%. Қалғандарына орталықтан шалғайда орналасып, оның үстіне халқы аз болғандықтан электр желісі тартылмаған. Қорыта айтқанда, Атырау өңірінде тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі – 414 МВт. Бүгінгі таңда облыстағы электр энергиясын тұрақты тұтыну көлемі – 260-280 МВт. Сондай-ақ, өздерінің өндірістік қажеттіліктері үшін қосымша электр қуатын өндірушілердің қатарында «Теңізшевройл» ЖШС (522 МВт), NCOC (360 МВт), Атырау мұнай өңдеу зауыты (30 МВт) және «СагатЭнерджи» (11 МВт) компаниялары бар.

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ДА ӨНДІРЕМІЗ…

А й м а қ т а б а л а м а л ы э н е р г и я көздерін тиімді пайдалану мақсатында Исатай ауданының Манаш ауылында қуаты 52,8 МВт-тық жел электр станциясы салынып, алдыңғы жылы іске қосылған. Құны 12,3 млрд. теңге тұратын жобаның мердігері – «Ветроэнерготехнология» ЖШС. Мұнда 36 бірлік жел электр қондырғысы (желқалақ) орнатылған. Заңды тұлғалар үшін баламалы қуатты тұтыну тарифі 22,68 теңге (ҚҚС-сыз). Ал, «Ұлттық индустриялық мұнай[1]химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз ету үшін қуаты 310 МВт газтурбиналы электр станциясы салынды. Оның бастамашысы – «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, құны – 111,2 млрд. теңге. Мұнда 2 бу және 2 газ турбинасы қойылған. Бұдан басқа, Мақат пен Доссор кенттерінің арасында «Дивитэл» ЖШС[1]нің өз қаржысы есебінен қуаты 48 МВт[1]тық жел электр қондырғысын орнатылды. Құлсары қаласының аумағынан (Жылыой ауданы) да қуаты осыдан сәл астам (50 МВт) жел электр станциясының құрылысы салынды.

ЖАРАМСЫЗ ЖЕЛІ ЖАРЫЛҚАЙ МА?

Жарамдылық мерзімі асып, ескірген желіні қалпына келтіріп, қайта жаңғырту да ұдайы назардағы жайдың бірі. Мұндай нысандар негізінен теміржол станциялары мен бекеттердің үстімен өтеді. Күні бүгін «Қазақстан темір жолы» компаниясына қарасты Атырау электрмен жабдықтау дистанциясының (ЭЧ-4) құзырындағы жүйелердің де 60-70%-ы тозған. Демек, соңғы кезде желі бойындағы апатты жағдайлардың жиілеуіне өкпе артуға да болмайды екен. Жергілікті тұрғындар орынды ренішін айтқанмен, әзірге көнуге мәжбүр. Осыған байланысты, облыс бойынша 12 елді мекен мен тұрғын үй кешеніне тартылған электр желісін ауыстыру жұмыстары басталып кетті. 2019 жылы – 340 млн. теңгеге жуық, 2020 жылы – 269 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, бұған Құлсары қаласындағы (Жылыой ауданы), Жамансор (Қызылқоға) ауылдарындағы, Махамбет-1, Сарытоғай ауылдары, «Самал», «Жасыл белдеу» шағынаудандарындағы (Махамбет), Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарындағы (Исатай) электр желілері жаңартылып, негізгі жабдықтары жаңғыртылған. Мұндай жұмыс биыл да Атырау қаласындағы жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінде, сонымен қатар жекелеген өңірлерде жалғасып жатыр.

Жылдан жылға қала үлкейген сайын халықтың электр тұтыну көрсеткіші де өсіп келеді. Әйтсе де, оны бір мезгілде және қажетті көлемде қамтамасыз етудің мүмкіндігі бола бермесі анық. Оның үстіне, жыл сайын жүргізілетін техникалық тексерулер шаһардың көп қабатты үйлер қатар түзеген аудандары және жекеменшік үй секторларында желідегі кернеудің төмендігін көрсетуде. Ал, мұндай желінің жарықпен жарылқап тастамайтыны тағы кәміл. Бұл жерде облыста өндірілген энергияны тұтынушыға жеткізуші кәсіпорын – «Атырау-Жарық» АҚ болғандықтан, оның мойнынан жауапкершілік жүгі жеңілдей қоймайтыны да анық.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз