
Жарты жылда үш миллион тоннаға жуық мұнай өңделді
Ресми дереккөздерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айында Атырау мұнай өңдеу зауытында 2,88 миллион тоннадан астам мұнай өңделген. Бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен мұнай-химия саласының тұрақты дамуына қосылып отырған елеулі үлес.
Аталған кезең ішінде зауыттағы мұнай өңдеу тереңдігі 88,7%-ды құрап, бұл көрсеткіш зауыттың технологиялық әлеуеті мен өндірістік тиімділігінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Ал түсті мұнай өнімдерінің жалпы үлесі 77,29%-ды құраған. Бұл бензин, дизель отыны және басқа да жеңіл мұнай өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зауыт жұмысының тиімділігін арттыру бағытында бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Солардың бірі – биылғы мамыр айынан бастап мұнайды өңдеу тарифінің төмендетілуі. Бұған дейін тоннасына 54 450 теңге болып белгіленген тариф енді 47 000 теңгеге дейін төмендеді.
Айта кету керек, Атырау мұнай өңдеу зауыты – Қазақстандағы ең ірі және техникалық тұрғыдан жаңғыртылған өндіріс орындарының бірі. Мұнда соңғы жылдары экологиялық талаптарға сай заманауи кешендер мен қондырғылар іске қосылып, өндіріс үдерісі автоматтандырылған. Осы арқылы зауыт тек ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де кезең-кезеңімен арттырып келеді.
Жарты жылдың қорытындысы көрсеткендей, мұнай өңдеу көлемі тұрақты өсім қарқынын сақтап отыр.
Дәулетқали АРУЕВ