ЖӘРМЕҢКЕ ЖАНДЫРҒАН ҮМІТ ОТЫ
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Атырау қаласындағы жастар ресурстық орталығы мен «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігі қолға алған шараға келушілер аз болмады.
Жәрмеңкеде Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Бисембиев сөз сөйлеп, еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың сай келуін, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғандығын, осы орайда жәрмеңкенің жұмыссыз жүрген жастарға көп септігі тиетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ, ол жастар бос жұмыс орындары туралы тегін анықтама алып, birzha.zhasatyrau.kz сайтына тіркелу арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік барын айтты. Сайтқа тіркелудің жолдарын таныстырып, жастардың түйіндемелерін тіркеуге қолдау көрсетті. Сайт іске қосылғаннан бері бір жұмыс күнінің ішінде 200-ге жуық түйіндеме қабылданған.
«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясындағы жәрмеңкеге облыс көлемінде 16 мекеме қатысып, 168 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде бүгінгі күннің талабына сай техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Сондай-ақ, мәдениет саласына методист, хореограф мамандары қажет екен.
Жәрмеңкеге қатысқандардың бірі «Болашақ-Атырау» ЖШС 27 мамандық бойынша бос жұмыс орнын ұсынды. Серіктестіктің мамандарды іріктеу бөлімінің супервайзері Кәмшат Шарипованың айтуынша, жермеңкеде сұранысқа сай маман табыла қоймады.
Ал, оқу орнын кеше ғана тәмамдаған жастар еңбек өтілінің жоқтығына байланысты жолы болмағандығына қынжылады. Соның бірі — Атырау қаласының тұрғыны Әділет Шайхымежденов биыл Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Фатих университетінің инженер мамандығын тәмамдаған. «Алған білімін туған жердің игілігіне жаратсам» деген оймен Атырауға келген ол бүгінгі жәрмеңкеден үмітті.
«Бұған дейін бірнеше жәрмеңкеге қатысып, әр мекемеге түйіндеме тапсырған болатынмын. Алайда, көбі жұмыс тәжірибесі жоқтығын алға тартып, жұмыс тауып беруге ынтасы болмайды. Қазір «Флюор Казахстан Инк» компаниясының Атырау облыстық филиалына түйіндемені өткіздім» деген ол «Жастар тәжірибесі» бойынша да құжаттар жинақтайтынын айтты.
Айта кетерлігі, жастарды жұмыспен қамтуда аталған бағдарламаның маңызы зор. Алты ай мерзімде келісім-шартпен жұмыс жасап, кейін сол мекемеде тұрақты маман болып қалуға мүмкіндік мол. Бүгінгі күні бағдарлама аясында заңгер, экономист мамандықтарына сұраныс жоғары.
Ал, «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меңжан Қажыгереевтің айтуынша, жастар ұсынылған 70-80 мың жалақысы бар жұмысқа аса қызығушылық танытпайды.
«Жасыратыны жоқ, жастар көбіне 150-200 мың жалақылы вахталық ауысыммен қызмет ететін бос жұмыс орнын сұрайды. Ал, бұл бірден табыла қоймасы анық. Сондықтан, оларға «Жастар тәжірибесі» арқылы бірте-бірте тәжірибе жинақтап, алға басуы керек» деген М.Қажыгереев жастарды жұмыспен қамтудың 30 пайызы «Жастар тәжірибесі» арқылы жүзеге асатынын айтты.
Жәрмеңкеде барлығы 152 жастың түйіндемесі қабылданды. Сұранысқа сай оның 63-і әңгімелесуден өтті. Енді оның нәтижесі бір апта ішінде белгілі болады. Ал, қалғаны алдағы уақытта бос жұмыс орнының қажетіне қарай әңгімелесуге шақырылмақ.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.