Жарнама
Экономика

«Жаны бар» бизнес

Әлеуметтік кәсіпкерлік – тек табыс табу емес, ең алдымен қоғамға пайда әкелу, адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, ұмыт бола бастаған құндылықтарды жаңғырту жолы. Бүгінде Қазақстанда бұл бағыт жаңадан қарқын алып келеді. Мемлекет қолдауы мен ірі компаниялардың бастамалары арқасында әлеуметтік кәсіпкерлердің қатары артып, олардың жобалары ауыл-аймақтың тынысын ашып, мыңдаған адамның тұрмысына оң ықпал етуде. Атырауда өткен әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы республикалық форумы да осы игі істің мән-маңызын айқындай түсті.

9c6cdbfc 08d9 44ec b2fa 5af0c1edd84e

Өңірде 69335 кәсіпкер бар

Форумның Атырауда ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Соңғы жылдары мұнайлы өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік ерекше қарқынмен дамуда. Бұған «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан және биыл он жылдығын атап отырған «Жарқыра» бағдарламасы тікелей әсер етті.

Форум жұмысына елдің түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік кәсіпкерлер, сарапшылар, билік, бизнес және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Бұл шара әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жылдың маңызды оқиғасына айналып, диалог құру, тәжірибе алмасу және өңірлердің тұрақты дамуына арналған бірлескен шешімдерді іздеуге бағытталды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров форум қатысушыларын облыс басшылығы атынан құттықтап, биыл 30 тұрғынға жалпы сомасы 160 млн. теңгенің мемлекеттік гранттары берілгенін айтты. Қазір өңірде халыққа қызмет көрсететін шамамен 60 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді.

– Бүгінде өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсіп, 69 335 бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 64 323, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға көп, — деді ол.

«Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын заңға түзету қажет»

Форумға арнайы қатысқан Мәжіліс депутаты Динара Назарова әлеуметтік кәсіпкерліктің ел үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау – қоғамның әлсіз топтарын қорғаудың, халықтың тұрмыс сапасын арттырудың ең тиімді жолы екенін жеткізді. Депутаттың пікірінше, бұл бағыттағы нақты тетіктерді заңнамалық деңгейде қалыптастыру қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлердің жұмысы қарапайым бизнес иелерінің ісінен өзгеше, себебі олар табысты қоғамға қайта бағыттап, әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсайды. Сондықтан оларға мемлекеттің ерекше қолдауы қажет.

7fe5aa05 fe0d 4799 9c96 2ce4d9437ee9

Бұл ойды Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Шолпан-Сәуле Мұратбек те жалғастырды. Ол әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңның үш жыл бұрын қабылданғанын еске салып, сол уақыт аралығында тәжірибе барысында бірқатар олқылықтардың анықталғанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде еліміз бойынша ресми тіркелген 1317 әлеуметтік кәсіпкер жұмыс істеп жатыр, оның 63-і Атырау облысында. Әлеуметтік кәсіпкерлік көрсеткіштері бойынша елордалық кәсіпкерлер көш бастап тұр, олардың қатарында Алматы мен Батыс Қазақстан облыстары да бар.

Министрлік өкілі қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі құралдары дайындалып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында жеңілдіктер, гранттар, субсидиялар бар. Биылғы алғашқы бес айдың өзінде жалпы сомасы 91 млн. теңгенің 19 гранты берілген. Жылдың екінші жартысында бұл көрсеткіш еселеп артпақ. Осы тәжірибе көрсеткендей, 2021 жылы қабылданған заңнамалық құжаттарды жетілдірудің қажеттігі анық байқалды. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына жол ашып, мемлекет пен қоғам үшін тиімділігін арттыра түспек.

Атырау – үздік ондықтың қатарында

«Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі комитет төрағасы Александр Соболев Атыраудың бүгінде бұл салада көшбасшы өңірге айналғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, республикалық форумның дәл осы жерде өткізілуі тегін емес, себебі аймақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл жетістіктің негізгі себептерінің бірі – «Теңізшевройл» компаниясының бастамалары мен мемлекеттік қолдау шаралары.

Александр Соболев он жыл ішінде «Жарқыра» бағдарламасының аймаққа серпін беріп, ондаған әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсеткенін атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік кәсіпкерлік – жай ғана пайда табудың жолы емес, қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралы, «жаны бар» бизнес. Бұл бағыт әлемде елу жылдан астам уақыт бойы дамып келсе, Қазақстанда заңды негізі небәрі 2021 жылдың қаңтарында қаланды. Дегенмен үш жыл ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бұған дейін әлеуметтік кәсіпкерлік көрсеткіштері бойынша соңғы орындардың бірінде тұрған Атырау бүгінде үздік он өңірдің қатарына еніп отыр. Өңірде реестрде тіркелген әлеуметтік кәсіпкерлер саны қысқа уақыт ішінде 20-дан 46-ға жеткен.

Мұндай серпінді өсімге мемлекеттік қолдау шаралары да айтарлықтай ықпал еткен. Мәселен, гранттарды тек әлеуметтік кәсіпкерлер ала алады. Бұл олардың бизнесін тұрақты жүргізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер де әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға атсалысуда. Форум аясында өңірдегі бірнеше нысанда болған спикердің баяндауынша, әкімдік тұрғын үйлердің ең төменгі қабаттарын әлеуметтік кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беріп, заңға сәйкес 50 пайыздық жеңілдікпен жалға ұсынып отыр. Бұл тәжірибе өзге өңірлерге де үлгі боларлық қадам саналады.

«Жарқыра» бағдарламасының тағы бір маңызды артықшылығы бар. Ол қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар оқу, кеңес беру, тәжірибе алмасу арқылы қатысушылардың кәсіби дамуына жол ашады. Александр Соболевтің пікірінше, Атырау облысының тәжірибесі жүйелі қолдау мен әріптестік болған жағдайда әлеуметтік кәсіпкерліктің нақты нәтиже беретініне дәлел болып отыр. Осы тұрғыда «Жарқыра» бағдарламасы әлеуметтік бизнесті тұрақты дамытудың, кәсіпкерлер үшін қолайлы экожүйе қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналған.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің мектебі

Биылғы форум ерекше маңызға ие болды – «Жарқыра» бағдарламасының іске қосылғанына 10 жыл толып отыр. 2016 жылы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен басталып, «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры» қоғамдық қоры жүзеге асырып келе жатқан бағдарлама жай конкурс немесе оқыту жобасы ғана емес, әлеуметтік бизнесті қоғамдағы оң өзгерістер құралына айналдырған қозғалыс болды.

Қор директоры Ирина Горбаченконың айтуынша, бағдарлама 10 жыл ішінде 82 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетіп, гранттар, пайызсыз қарыздар, менторлық көмек, сондай-ақ үздік кәсіпорындарда тағылымдамадан өту мүмкіндігін берді. Бүгінде «Жарқыра» түлектерінің жобалары жыл сайын 30 мыңнан астам атыраулыққа көмектесіп келеді. Бағдарлама қаражатты қайтару тетігін енгізіп, оларды жаңа қатысушыларға қайта үлестірді. Тиімділігі жоғары болып, қайтарым 100%-ға жуықтады. Кәсіпкерлер қаражатты мүмкіндігінше тезірек қайтарып, өзгелердің де пайдалануына жол ашады.

– «Жарқыра» жылдар ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер үшін нағыз мектепке айналды. Біз қатысушылардың қоғам дамуына әрі қарай да үлес қосатынына сенеміз. Ал форум оларға жаңа идеялар, серіктестер мен ресурстар табуға көмектеседі, — деді Ирина Горбаченко.

Сарапшылар тәжірибесі – құнды бағыт

Форум аясында ерекше сәттердің бірі – 2025 жылғы «Жарқыра» байқауының финалистерін марапаттау болды. Әлеуметтік кәсіпкерлікке тың серпін беруді мақсат еткен бұл байқаудың жеңімпаздары – өз идеяларын табанды түрде жүзеге асырып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар. Олардың жобаларының ортақ мақсаты – халықтың әлеуметтік проблемаларын шешу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, сондай-ақ ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жастарға үлгі болу.

Өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу – әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі. Бір өңірде сәтті жүзеге асқан жоба екіншісіне үлгі болып, жаңа бастамалардың тууына негіз қалады.

Солардың бірі – Ақтөбедегі «Derbes neurocentre» орталығының жетекшісі Сара Қазыбаева. Ол өз сөзінде аутизмге шалдыққан жастарға қолдау көрсету тәжірибесімен бөлісті. Оның командасы 18–22 жас аралығындағы ерекше жандарды жұмысқа орналастырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап отыр. Сара Қазыбаева – «Autism. Қолжетімді орта» қорының президенті әрі аутизмі бар ұлдың анасы. Сондықтан ол бұл істі жеке тағдырымен байланыстырған, жүрек қалауымен атқарып жүргенін айтты. Қазіргі таңда оның бастамасымен инклюзивті шеберхана «Derbes» жұмыс істейді, онда SPA-жинақтар шығаратын өндірістік цех ашылған, сондай-ақ сүйемелдеу арқылы жастарды жұмысқа орналастыру бастамалары жүзеге асуда. Бүгінде цехта төрт жас маман тұрақты еңбек етіп жүр, тағы 16 бала еңбек терапиясынан өтуде.

Қолөнерші Қуанышқалиевтер

Әлеуметтік кәсіпкерлік форумында көзге түскен қатысушылардың бірі – Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан келген Қуанышқалиевтер отбасы. Он саусағынан өнері тамған Зоя, Зина мен Рая бүгінде меринос қойының жүнінен қазақы оюмен өрнектелген текемет басып, түрлі қолөнер бұйымдарын халыққа ұсынып отыр.

Ұлттық қолөнерге деген бейімділік ағайындыларға ата-анасынан дарыған екен. Қазір олар мемлекеттен грант алып, ұмыт бола бастаған қазақтың көне құндылықтарын қайта жаңғыртуға бел шеше кірісіп жүр.

Ағайындылардың үлкені, ағаш шебері Бөлекбай Қуанышқалиев бұл кәсіпті күтпеген жерден бастағанын айтады.

– 1993 жылы қоқыстың арасынан ескі бесікті көрдім. Бұл жағдай маған айрықша әсер етті. Өйткені ұлтымыз оны ерекше құндылық санайды емес пе? Көз көрген көрініс санамда тағы бір ой туындатты. «Бесікті неге өзім жасамасқа?» деген ой қылаң берді. Содан үш күнде жаңа бесік ойып жасап шықтым. Оны бесік тойға апарғанымда, күтпеген жерден тапсырыстар түсіп, кәсібім басталды. Кейін бесікпен қатар сандық, үстел секілді ағаш бұйымдарын да жасап, кәсібімді кеңейттім. Қазір қарапайым нан тақтайынан бастап, он облысқа түрлі ағаш өнімдерін жеткізіп отырмыз, -дейді ол.

Бүгінде шебердің ойы – ауқымды. Алдағы уақытта ағаш үй жасауды қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл бағыт Қазақстанда әлі кеңінен дамымағандықтан, Қырғыз елі мен Моңғолия тәжірибесін негізге алып, үлкен киіз үйлерді Атыраудан шығару – оның басты мақсаты.

Форум соңында қатысушылар әлеуметтік кәсіпорындарға барып, «Жарқыра» аясында жүзеге асқан идеялардың қоғамға қалай пайда әкеліп жатқанын өз көздерімен көрді. Келесі күні әлеуметтік кәсіпкерлер лотос алқаптарына барып, бейресми жағдайда әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы туралы стратегиялық сессия өткізді. 

Мұнайлы өңірде жоғары деңгейде ұйымдастырылған алғашқы республикалық форум еліміз үшін маңызды бетбұрыс болды. Ол әлеуметтік кәсіпкерліктің жай бизнес емес, қоғамның түйткілді мәселелерін шешетін, адамдардың өмірін жақсартатын күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button