
Жаңа кәсіпорын – жаңа мүмкіндік
Атырау облысында жүк вагондарының доңғалақ жұптарын күрделі жөндеуден өткізудің толық циклын автоматтандырылған түрде жүзеге асыратын алғашқы доңғалақ жинақтау шеберханасы іске қосылды. «TEXOL» компаниялар тобына қарасты «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені аумағында орналасқан «Атырау вагон доңғалақтары» ЖШС – заманауи стандартқа сәйкес соңғы үлгіде жабдықталған кәсіпорын. Жақында жаңа өндіріс ошағы салтанатты жағдайда ашылды.

Бұл – осыған дейін Атырауда вагон құрастыру зауытын ашқан «TEXOL» компаниялар тобының ірі жобаларының бірі. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орны, аймақтағы экономикалық деңгейді көтерудің жаңа мүмкіндігіне ие бұл жоба – жаңа индустрияландыру саясатын іске асырып, машина жасау өнеркәсібін өркендетуге бағытталған маңызды қадам. Соның айқын мысалы ретінде небәрі екі жылда өңірде заманға лайық өндіріс орны ашылды.
Өміршең жоба өрісті
Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаровтың пікірінше, кәсіпорынның іске қосылуының арқасында осыған дейін тек сырттан әкелінетін бөлшектер енді өзімізде өндіріле бастады. Шеберхана орналасқан «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені индустриалды аймағында бұдан бөлек вагон жөндеу, оған керекті құрамдас бөлшектерді шығару, газ терминалдары мен арнайы техникалық қызмет көрсету, басқа да нысандар шоғырланған. Алдағы уақытта осында құйма өндірісін жолға қою жоспарланыпты. Бұл өндірісті жергіліктілендіру деңгейін 96%-ға дейін жеткізіп, импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі мұндай жобаларға үнемі қолдау көрсетіп отыр. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті мамандардың дамуына мүмкіндік беріп, экономиканың өркендеуіне негіз қаламақ.
– Биыл мамыр айында «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құзыретті комиссиясы ревизиялық құрылым және вагон шаруашылығы саласының мамандарымен бірге өндірісті кешенді тексеруден өткізді. Соның нәтижесінде бірнеше типті доңғалақ жұптарына жай, орташа және күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа доңғалақ жұптарын шығару үшін «3038» шартты рұқсат нөмірі берілді. Қысқа ғана мерзімде мұнда 300 доңғалақ жұбы жасалып үлгерген. Дайын өнімді вагон шығаратын «TEXOL» компаниясы ғана емес, басқа да кәсіпорындар пайдаланады. Қажеттілікке қарай өнімнің таралу өрісі кеңейіп, өндірістің қуаты арта түспек. Соған байланысты жұмыс орыны да көбеймекші, — дейді басқарма өкілі Д.Орынбасаров.
«Вагонның жүрегі» осы жерде соғылады
Серіктестіктің бас инженері Ерсұлтан Жамалаштың айтуынша нарықта вагонның доңғалақ жұптарына сұраныстың жоғары екендігін айтады. Әсіресе кейінгі кезде теміржол инфрақұрылымы қарқынды дамыған Атырау өңірінде осы бір оң үрдіс қарқын алған. Кәсіби тілде айтқанда бұл салада доңғалақ «вагонның жүрегі» екен. Өйткені, ұдайы қозғалыста болатын доңғалақ жұбы тозып, ақау пайда болатындықтан, техникалық талап бойынша орта есеппен екі-үш жыл сайын күрделі жөндеу жасалуы тиіс. Әйтпесе пойыздың қозғалысына да, адам өміріне де қауіп төндіріп, төтенше жағдай туындатуы ықтимал.

Ал өндірістік шеберханада қазір әр екі сағатта бір доңғалақ жұбы жинақталып отыр. Барлық жұмыс толықтай автоматтандырылып, сандық жүйеге көшірілген. Бұрын түрлі салада, түрліше жұмыстарды атқарып келгендіктен жаңа позицияға тезірек бейімделіп, біліктілігін жетілдіріп, шеберлігін шыңдау үшін мұнда жұмыс жасайтындардың дені қайта даярлау курсынан өткен.
Қыздар да жігіттерден кем түспейді
«TEXOL» компаниялар тобына кіретін осы жобаны қолға алған құрылысшылардың қарқынды еңбегінің арқасында екі жылда қажетті қондырғы-құрылғылар және құрал-жабдықпен жарақтандырылған, тиісті талаптар мен халықаралық стандарттарға сай шеберхана салынып, пайдалануға беріліп отыр. Мұнда негізінен жүк вагондары үшін жөндеуден өткен және жаңадан қалыптастырылған доңғалақ жұптары шығарылады.
– Қазір кәсіпорында 70 адам еңбек етеді. Бекітілген штаттық кесте бойынша 80 адам болуы керек. Әйтсе де әлі өндіріске қажетті мамандардың тапшылығы аңғарылады. Жұмыс ауысымдық әдіспен жасалады. Зауыт еңбекшілері негізінен жергілікті азаматтар болғандықтан біліктілігін арттырып, мамандықтарын шеберлікпен меңгеруіне, қажеттілігіне қарай қайта даярлықтан өтуіне қолайлы жағдай жасалған. Атап өтер жайт, кәсіпорында жұмысқа ыждағатты, қимылы ширақ, ісі тындырымды, жігіттерден кем түспейтін қыздар да бар. Мысалы, техник-оператор Айсұлу Аманғалиева жұмысқа жақында ғана қабылданды. Бұрынғы жұмысының салаға қатысы аз болса да жаңа кәсібіне машықтанып, техниканың тілін тауып, тез меңгеріп алды, — дейді серіктестіктің бас директоры Олег Новиков.
Автоматты жүйенің пайдасы
Кәсіпорынның болашақта ел экономикасының күретамыры – теміржол көлігінің сенімділігін арттырып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін көтеруге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болатыны даусыз. Кәсіпорында жылына 10 мың жұп вагон доңғалағын жинақтап шығару көзделген. Дегенмен қазіргі қарқынға қарағанда, оның әлеуетінің жоғары, мүмкіндігінің мол екенін аңғару қиын емес.
Ал автоматтандыру деңгейі жөнінен бұл кәсіпорын аймақтағы ғана емес, республикадағы жетекші позициялардың біріне ие. Өйткені, мұнда өндірістік процестер түгел автоматтандырылған желінің көмегімен жұмыс істейді. Толықтай сандық бағдарламалық басқару жүйесіне қосылған. Дайын доңғалақ жұптары осы жерден «Ақжайық-7» станциясындағы вагон жөндеу депосына, басқа да тұтынушыларға жөнелтіледі. Өндіріске керекті шикізат өзге өңірлерден, тапшы дүниелер Ресейден жеткізіледі.
Кәсіпорынның болашақ жоспарында сырттан келгенге иек артпай, біртіндеп отандық материалдар мен детальдарға көшу, бірнеше кезеңнен тұратын өндірістік циклды соған бағыттау жоспары бар. Егер сол мақсат жүзеге асса, қазақстандық мазмұнның үлесін ұлғайтуға жол ашады.
Шеберлікті шыңдайтын орта
Жаңадан ашылған өндіріс ошағында жөндеуші слесарь, жонушы, оператор, фрезерлеуші, ақауды анықтаушы, басқа да жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Оны қанағаттандыру үшін жұмысқа жаңадан қабылданған жұмысшылар атқаратын міндетіне байланысты қайта дайындықтан өткізіледі. Келешекте арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен студенттерді дуальды оқыту жөнінде келісім-шартқа отыру көзделген.
Көзбен көріп, куә болған жайт, бұрын басқа салада, өзгеше бағытта жұмыс істегеніне қарамастан, мұндағы жастардың өз міндетіне қызығушылығы басым, жауапкершілігі жоғары. Темір жонушы Ислам Жұмағалиев мұнда заманауи жабдықтармен жұмыс істеу аса қиындық туғызбаса да, зор жауапкершілікті талап ететінін айтады.
– Жұмыс өзіме ұнайды. Өйткені, уақыт талабына сай автоматтандырылған жүйеде, сандық форматта жұмыс істеу тіптен қызықты. Кәсіпорынның болашағы зор, мүмкіндігі мол екеніне сенімдімін. Дейтұрғанмен, әлі де білмейтініміз, үйренеріміз көп. Бұған да толық жағдай бар. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жасаған ісімізге қарай жалақы да жаман емес. Биыл атаулы жыл аясында жұмысшы мамандарды қолдап, материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары да алынуда. Кәсіпорында еңбек еткен қысқа ғана мезетте басшылық тарапынан жасалған осындай қамқорлықты айқын сезіне бастадық, — дейді жас маман.
Доңғалақтардың ақауын анықтап, жөнге келтіруші Шалқар Жақсылықовтың жұмысқа кіріскеніне бірнеше ай ғана болған. Бұрын түрлі кәсіпорындарда жоғары санатты дәнекерлеуші болып істеген жігіттің жұмыс өтілі – жиырма жылға жуық. Қазір алты адам екі ауысымда еңбек етеді. Барлық жұмыс автоматтандырылып, цифрландырылған. Басты міндет – вагон доңғалақтарының ақаулы, әсіресе осінің диаметрінде алшақтық байқалған, жарылған тұстарын дәл анықтау. Жұмыс көлемі де соған сай белгіленеді екен. Шалқардың қасындағы әріптес жас жігіттердің бәрі де, «жас келсе – іске» демекші, таңдаған мамандықтарына деген ынтасы жоғары, қызығушылығы зор көрінеді.
Игі іс жалғасымен көрікті
Жобаны қаржыландырған «Halyk Bank» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Жанна Майкопованың пікірінше, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы көлік инфрақұрылымы дамыған, өндірісі өркендеген өңірде жаңа көкжиектердің ашылуына жол ашады. Қаржы ұйымы мен кәсіпорын арасында орныққан өзара ынтымақтастық пен ұтымды іскерлік байланыс – табысқа жетудің жаңа мүмкіндігі. Іске қосылған жоба да соның бастамасы іспетті.
Әлбетте, игі іс жалғасын табады.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ