ЖАЛҒАН АҚША МЕН ЗАҢСЫЗ КӘСІП

ешкімге абырой бермеген 

Экономикасы дамыған аймақта сан түрлі жолдармен салық төлеуден жалтарып, оңай олжа іздеушілер қатары жойылмай отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Тәкиев мәлімдеді.

 

Департамент басшысы өткен жылы жалған ақша жасауға байланысты 23 оқиға бойынша тергеу жүргізілгенін атап өтті. Жалған банкнотты өткізу мақсатында дайындаған үш қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жасырын ақша жасау «шеберлері» екі мың, бес мың теңгелерді де қолдан жасауға маманданыпты. Қылмыскерлер бес жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, банктердегі инкассация кезінде байқалатын жалған банкноттар анықталды.

Жалған кәсіпкерлікке байланысты 67 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде он қылмыстық істің екеуі сотқа жолданып, тоғыз тұлға сотталды. Мамандар заңсыз айналымда жүрген ақшалардың ел экономикасына зиян келтіріп отырғанын айтады.

Заңсыз банкроттық та бюджеттің қалтасын қағып, мемлекетті шығынға батырады. Қылмыстың мұндай түріне байланысты бес тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Үш қылмыстық іс сотқа жолданды.

Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы жөнінен былтыр облыста 12 қылмыстық іс қозғалды. Тексеру кезінде 15 592 алкоголь өнімі тәркіленді. Тергеу нәтижесі бойынша он тұлғаның алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиялары қайтарып алынды. Екі іс тергеуге жіберілді.

Өңірімізде мұнай және оның өнімдерінің де заңсыз саудасы анықталып отыр. Бір ғана мысал, Атырау және Маңғыстау облыстарында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың Маңғыстау аймағының кен орнында өндірілетін мұнайды ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы бұл сала бойынша 24 қылмыстық іс қозғалған. Оның үшеуі сотқа жолданды.

Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде заңсыз ойын бизнесі бойынша 18 қылмыстық іс тексерілді. Он үш лотерея терминалы тәркіленіп, кінәлілер жауапқа тартылып, жазасын өтеді.

Көзі қат бекіренің бел кеспесі жең ұшынан жалғасқан ұйымдасқан топтың саудасын қыздырып тұр. Балық және оның өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша үш қылмыстық іс қозғалып, екеуі сотқа жіберілді. Жетпіс келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді.

Квазимемлекеттік секторда өткен жылы 37 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде ұлттық компания қызметінде – 12 (коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын, коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын, мемлекеттік мекемелер, т.б.) мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында – 24 (Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020, «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік мекемесі ) құқық бұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ, бюджет қаржысын жымқыру мемлекеттік сатып алуға да жетіпті. Бұған қатысты облысымызда өткен жылы 24 қылмыстық іс қозғалды.

Көлеңкелі экономиканың өркен жаюына қолма-қол есептесу, касса түбіртегінсіз қызмет көрсету және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық, интернет-банкингтің және ақшасыз есеп айырысудың әлсіз дамуы да себеп болып отыр. Бұл элементтердің қатарына бухгалтерлік есептегі бұрмалаушылықтарды қосыңыз.

Бетті дайындаған:

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз