«ЖАХАН АТЫРАУ» ЖЫЛУ СЫЙЛАЙДЫ
— Диас Тұрғалиұлы, әңгімемізді кәсіпорынның өмірге келу, қалыптасу тарихынан бастасақ?
— Кәсіпорынның негізі 2002 жылдың шілде айында қаланған. Бүгіндері мұнда ондаған адам еңбек етеді. Негізгі атқаратын қызметі: жылумен, сумен жабдықтау, желдету және кондиционерлеу жүйелеріне арналған қазандық жабдықтарын қою, монтаждау, реттеп-жіберу болып табылады. Бұдан бөлек, мұнда қазандықтарды, жылу алмастырғыштарды, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін, өзге де тұрба құбырларын жуып-шаю, тазалау шаралары жүзеге асырылады.
Алғаш құрылып, іске кіріскелі он жылдан астам уақыттың ішінде тұтынушылардың тапсырысы бойынша компанияның күшімен газбен және сұйық отынмен жанатын бірнеше мыңдаған жылыту қазандықтары, сорапты стансалар мен генераторлар, ондаған блокты-модульді қазандықтар орнатылды.
— Қандайма болмасын табыстың мықты материалдық-техникалық базаның, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың арқасында келетіні белгілі ғой?
— Шынымен де, азды-көпті жетістікті еншілеуімізге компанияның тұрақты дамуы, ұсынылатын өнімдер мен көрсетілетін қызмет түрлерінің бекітілген нормативтік талаптар мен халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылуы кепілдік беріп отыр. Оған қоса, кәсіпорынның сауда-көрме залынан тұратын өз өндірістік базасы, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған кәсіби біліктілігі жоғары, сапалы сервистік қызмет көрсетуге толықтай жетілген жұмысшы-мамандар құрамы бар.
Барлық жұмыстар нормативтік актілерде беркітілген талаптарға сай жүргізіледі. Монтаждау шараларының сапалылығы мен сенімділігіне, яғни негізгі қордағы құрылғы-қондырғылар мен құрал-жабдықтардың 36 ай немесе үш жыл мерзімге дейін кідіріссіз, жөндеусіз пайдаланылуына, клиенттерімізге тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуімізге кепілдік беріледі. Өйткені, монтаждау жұмыстарын атқарғанда мұнда «GENEBRE», «WIKA«SAMSON», «DANFOSS» секілді еуропалық және «Буран Бойлер» ЖШС сынды отандық өндірушілердің жоғары сапалы материалдары қолданылады.
— Серіктестіктің атқаратын жұмыстары тұтынушыларға ұсынылатын өнімдер, өндіріске енгізілген жаңалықтар туралы нақтырақ әңгімелесеңіз?
— Серіктестіктің негізгі міндеттерінің бірі жабдықтардың жеткізілуін, монтаждау мен жіберіп-реттеу жұмыстарын шұғыл түрде жүзеге асыру болып табылады. Сол жағы қатаң ескерілгендіктен кәсіпорын қоймаларында өндіріске бірінші кезекте керекті заттар және қосалқы бөлшектердің жеткілікті қоры жасақталған. Сонымен бірге «Жахан-Атырау» блокты-модульді және контейнерлі қазандықтарды (қуаттылығы 100 кВт-дан 50 мВт-қа дейін) шығаруға маманданған бірден-бір кәсіпорын болып есептеледі. Және де бұл қазандықтар тапсырыс берушіге дайын (сыртқы инженерлік желілер мен коммуникация жүйелеріне қосудан басқасы) күйінде жеткізіледі. Жалпы алғанда, кәсіпорында шығарылатын жылыту қазандықтары бүгінгі таңда жылумен жабдықтау көздеріне қойылатын, төтенше жағдайлар департаментінің келісімімен бекітілген заманауи талаптарға толықтай жауап береді деп нық сеніммен айта аламын.
Айта кету керек, жылу және блокты-модульді қазандықтардан бөлек бізде қысыммен жұмыс жасайтын және ұлғайту бактері, түрлі сыйымдылықтағы электрлі су ысытқыштар (Аристон), үлкен қуаттылықтағы газбен жану пештері, конвекторлар мен өзге де қосалқы жабдықтар дайындалып, құрастырылып шығарылады.
Компания өз қызметін республика аумағында дамыта отырып, осыдан екі жыл бұрын Астанада «Жахан Инжиниринг» ЖШС еншілес кәсіпорнын құрды.
— Өзіңіз айтып өткеніңіздей, қашан да тұтынушы талабы мен талғамы алғы кезекке қойылатыны мәлім…
— Сауалыңыз өте орынды. Алдымен айтарым, кәсіпорындағы барлық өндірістік үрдістердің халықаралық сапа менеджменті талаптарына сәйкестендіріле жүргізілуін жүйелі қадағалап, тұрақты бақылауда ұстаймыз. Оның үстіне, жұмыс жасаған жылдар ішінде жинақтаған білім-білігіміз бен тәжірибеміз бар. Соның нәтижесінде, өзімізде өндірілген дайын тауарларды сатып-өткізуден бөлек, тұтынушы тараптарға кешенді қызмет көрсету құқығын иеленгенбіз. Мұндай мүмкіндік беретін құжаттардың бірі 2009 жылы алынған сертификат. Ол бойынша, кәсіпорынның мамандарына қалыпты қысымы 0,7 кг/см-ден, жылу тасымалдаушы қондырғысының температурасы 115 градустан көтеріңкі болып келетін қазандықтарды, тұрба құбырларын жөндеуге, жіберіп-реттеу жұмыстарын орындауға, сервистік қызмет көрсетуге рұқсат етіледі. Сол сияқты, ағымдағы жылдың мамыр, маусым және тамыз айларында қолымызға тиген лицензиялардың негізінде жылу өнімділігі 30 мВт-қа дейінгі автоматтандырылған блокты жылу тарату бекетін, қуаттылығы 50 мВт-тан аспайтын блокты-модульді қазандықтарды дайындап шығаруға мүмкіндік алсақ, мұның сыртында сәулет, қалақұрылысы және құрылыс саласындағы қызметтермен айналысуға да құқығымыз бар екенін айтқым келеді.
Мемлекет басшысы тағайындаған «Алтын сапа» жүлдесі үшін дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан республикалық конкурсқа қатысушылардың қатарында болуымыз да азды-көпті жетістіктеріміздің еленгені деп есептеймін.
— Әсерлі әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Дәулетқали АРУЕВ.