Жарнама
Экономика

ЖАҢА ЖАБДЫҚТАР

 

Әсіресе, облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің дәрігерлері көп жылғы армандары орындалғанына дән разы. Мұнда қазіргі заман талабына сай келетін күйік шалған теріні емдейтін жабдық алынды. Соның нәтижесінде кішкене пациенттерді шапшаң сауықтыруға болады. Мұндай тәсіл әлемнің барлық хирургиялық бөлімшелерінде қолданылады және оның тиімділігін дүние жүзінде миллиондаған дәрігер мойындап отыр. Мұндай шұғыл ем жаңа жарақаттан сақтайды және теріні тез қалпына келтіреді.

Жалпы, травматологиялық бөлімшенің меңгерушісі Сергей Хванның айтуынша, күйік көбіне оттан және ыстық сұйықтың төгілуінен болады. Балалар абайламай осындай жарақатқа ұрынады. Рас, ыстық будан, электр тогынан және химиялық әсерден де тап болып жатады. Әйтсе де, негізінен адамның үстіне ыстық сұйық төгіп алуынан немесе өрт салдарынан жиі жарақат алынады.

— Жасыратыны жоқ, — дейді Сергей Хван, — біздің дәрігерлер мұндай аппаратқа ие болуды көптен армандап жүрген. Сондықтан, оны жүзеге асырған КТК-Қ компаниясына айтар алғысымыз шексіз. Осы заманауи жабдық арқылы дәрігерлеріміз сырқаттарға тиімді көмек көрсете алады. Компанияға толымды табыс, оның қызметкерлеріне мықты денсаулық пен отбасылық бақыт тілеймін.

Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, терідегі күйікті, әсіресе, ол терінің көп бөлігін қамтыса, емдеу қашанда қиын болатын. Оның үстіне, соңғы кезде балалардың осындай дертке ұшырауы жиілеп кетті. Соның ішінде тоғыз айдан 1,5 жас арасында көбейген. Бұл – алдымен, ата-ананың бейқамдығы. Сәбилерді осы шағында көзден таса етпеу керек.

«КТК-Қ» акционерлік қоғамы жұртшылықпен байланыс бөлімінің өкілі Асқар Шмановтың айтуынша, дәрігерлер қолына тиген бұл қуатты құрал балаларды емдеуде үздік нәтижелерге жеткізеді.

— Компания, — дейді ол, — кезекті қайырымдылық шарасын жүзеге асырып отыр. Осы жолы балалар ауруханасына құны 1 млн. 400 мың теңгелік жабдықты тарту еттік. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Осы күні компания өкілдері Любовь Евстифеева мен Асқар Шманов облыстық офтальмология ауруханасына көз ауруларына диагностика жасау мен лазерлік әдіспен емдеуге қажетті соңғы үлгідегі жабдықты табыс етті. Дәрігерлердің айтуынша, көз аурулары диабетпен және қан қысымымен қабаттаса ауыратын жандарға осындай тәсіл қолданылады. Құны 17 млн. 100 мың теңгелік бұл жабдық – сенімді де қазіргі заманғы аппарат. Енді, мамандардың жолдамасымен аурулар көздерін тегін емдете алады.

— Офтальмологиялық ауруханамен, — дейді Любовь Евстифеева, — біз біраздан бері байланыстамыз. Осында жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қажетті құралдарын алып бердік. Енді, міне, төрт жылдан соң қайта оралып тұрмыз. Бұл жолы осы заманауи аппаратты тарту еттік. Атап айтарлығы – мұндай жабдық еліміздің батыс өңірінде мүлдем жоқ. Демек, көрші облыстардың адамдары осында ем алуына болады. Ал, атыраулықтар енді басқа жаққа бармайды.

Мұндай көмекке, әрине, дәрігерлер де дән разы.

— Уақыт өтеді, — дейді бас дәрігер Мұрат Құсайынов, — технология жаңарады. Біз де заман талабынан қалғымыз келмейді. Көз микрохирургиясы — өте жоғары технологиялық тәсіл. Демек, ол сапалы қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан, аурухана құрылған сәттен-ақ шетелдік ең жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды. Ал, КТК-Қ компаниясының көмегімен аурухана жабдықтары үнемі жаңғыртылып тұрады. Сондықтан, оларға айтар алғысымыз шексіз.

Акционерлік қоғам білім беру саласын да қамтыды. Мәселен, №17 мектеп-лицейге 20 компьютер берілді. Білім ордасының басшысы Дариға Балтабекованың айтуынша, соның нәтижесінде тағы бір информатика кабинеті жасақталды.

— КТК-Қ компаниясы, — дейді ол, — біздің қажеттілігімізді ұдайы қанағаттандырып келеді. Мәселен, 2012 жылы 15 компьютер алып берген. Ал, бұл жолы жиырмасын жеткізді. Бұрын тоғыз оқушы бір компьютер пайдаланатын. Осындай қолдау нәтижесінде білім деңгейінің сапасы артпақшы.

Ал, «Аққу» аталатын №5 балалар бақшасына жылу қазандығы орнатылды. Оның меңгерушісі Ғалия Жолмұханованың айтуынша, бұлар «КТК-Қ» акционерлік қоғамының көмегіне бірінші рет жүгініп отыр екен. Демеушілер барлық жөндеу жұмыстарын өздері бақылауда ұстапты, сондықтан оның сапасына шек келтіруге болмайды. Өткен қыста жылу жүйесі өзінің сенімділігін көрсетті.

Бұған дейін де айтылып жүргеніндей, «Каспий тұрба құбырлары консорциумы-Қазақстан» акционерлік қоғамы денсаулық сақтау мен білім беру салаларының материалдық-техникалық базасын жақсартуға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатқа әр жылы 120 млн. теңге бөлінеді. Компания биыл да сол жұмысты жалғастыруда. Таяудағы жоспарда Атырау қаласындағы №2 емхана үшін қосымша құрылыс қарастырылған. Любовь Евстифееваның айтуынша, қазір жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарында Даңқ аллеясы абаттандырылмақ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button