ЖАҢА ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТ ЖАСАҚТАЛДЫ

2010 жылғы қараша айының 18-інде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы аумағында әрекет ететін «Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы» келісімге қол қойылған болатын. Бірден айта кету керек, бұл құжатта аталған Кедендік одақ елдерінде қолданылатын өнімдерді, тауарларды, азық-түлік түрлерін, т.б. халық шаруашылығы жүктерін тасымалдап жеткізу кезінде оларды буып-түюдің қауіпсіздігінің сақталуы қажеттігі ескеріліп, міндеттелген.

Аталған құжаттың негізінде, «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары кеден аймағына шығарылатын буып-түйілген тауарлардың еркін тасымалданып, орын алмастыруын қамтамасыз ететін немесе реттеп отыруға мүмкіндік беретін техникалық регламенттің жаңа түрін жасақтаған. Жақында облыстық әкімдікте осы құжаттың таныстырылымына орайластырылған «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Шараны ҚР Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Дияс Жәнібеков кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Жаңадан қолданысқа енгізілмекші «Буып-түюдің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті жайында оның жобасын дайындаған «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» РМК Атырау филиалының директоры Надежда Дю баяндады. Әріптесінің айтқандарын облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы Алмагүл Ерболатова толықтырды.

Қазақстан Республикасында каталогтандыру жүйесін құру және шығарылатын өнімді тіркеуге байланысты бекітілген техникалық регламентке қатысты әңгімені институт филиалының жетекші маманы Асыл Ақбасова өрбітті.

«Дөңгелек үстел» басындағы дидарласуға қатысқан мемлекеттік атқарушы органдардың, салалық құрылымдардың және бизнес субъектілерінің өкілдері баяндалған тақырыптарды мұқият тыңдап, өзара пікір алмасты. Қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылды.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз