ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ
Әлемдік ахуалдың бізге де қатысы бар
Қазақстан экономикасы өткен жылы 4,2%-ға өсті. Еліміздің сыртқы сауда айналымы 8,3 %-ға қысқарды. Мұнай мен негізгі металдардың әлемдік бағаларының төмендеуіне, мұнай, көмір, ферроқорытпалар, мыс және алюминий экспортының физикалық көлемінің қысқаруына байланысты тауарлар экспорты 4,9 %-ға төмендеді. Машина мен жабдықтар, химия өнімдері және азық-түлік тауарлары импортының азаюы есебінен тауарлар импорты 14,5 %-ға азайды. Осы сыртқы экономикалық үрдістердің биыл да Қазақстан экономикасына тигізер әсері бар. Елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін экономикалық саясат сыртқы факторлардың салдарын есепке алатын болады.
Контрциклдік экономикалық саясат
Еуропалық Одаққа экспорттаушылар үшін қолданылатын мөлшерлемелерден (шетелдік валютада 2-3%) аспайтын сауда және экспорттық қаржыландыру тетіктері әзірленеді. Ел экономикасын одан әрі индустрияландыру саясаты өңірлік ерекшелікті ескере отырып, белгілі бір басым секторлардағы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы шеңберінде жүргізіледі.
Елде іскерлік белсенділікті одан әрі қолдау үшін Ұлттық қордан жыл сайын 100 млрд. теңге бөлінетін болады. Доллармен алынған қарыздар бойынша борыштық жүктемені төмендету және іскерлік белсенділіктің тоқтатылуына жол бермеу мақсатында халықаралық қаржы институттарынан қарыз тарту жеделдетіледі. Сол арқылы бизнесті ұлттық валютада кредиттеу мүмкіндігі жүзеге асырылады. Бизнес секторының инвестициялық шығыстарының өсуін ынталандыру мақсатында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті несиелеудің өсімін, лизингтік операцияларды кеңейту, «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдау жалғасын табады.
Макроэкономикалық тұрақтылық
Бұл үйлестірілген салық-бюджет саясаты мен инфляция деңгейін жоспарланған 6-8%-да ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі. Ақша-несие саясатында орта мерзімді кезеңде инфляциялық реттеуге көшу үшін негіз қалыптастырылатын болады. Ол теңгедегі жинақтардың нақты кірістілігін арттыруға және күтілетін инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді. Валюталық саясат қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталады.
Сонымен бірге, теңгенің айырбас бағамының шұғыл ауытқуларына жол берілмейді. Валюта нарығында алыпсатарлықты шектеу бойынша шаралар қабылданады. Осы жылы Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, қолма-қол шетелдік валюта нарығында айырбастау пункттерінің қызметіне қойылатын талаптарды арттыру бағытында заңнамаға өзгерістер енгізеді. Ұлттық Банктің алтын-валюта қорлары көлемінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 3 айлық көлемінен төмендеуіне жол берілмейді.
Салық саясаты экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және өндірістердің өсуін ынталандыруға бағытталатын болады. Бұл ретте кәсіпорындар үшін салықтық жүктеменің өсімі көзделмейді. Тапшылық жөніндегі фискалдық шектеулер бойынша бюджет шығыстарын айқындау, мемлекеттік міндеттемелердің кезең-кезеңмен өсуі, жекеше сектордың инвестицияларын бюджеттік инвестициялармен ауыстыруды болдырмау бюджет саясатын қалыптастырудың негізгі тәсілдері болып табылады. Республикалық қазынаға жүктемені азайту мақсатында халықаралық қаржы ұйымдарының сыртқы қарыздары тартылады және өзара әріптестік тетіктері пайдаланылады.
Қаржылық тұрақтылық
Жаһандық тепе-теңсіздік тудырған кері әсерлерді азайту, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені жасақталатын болады. Ол ҚР-ның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жүргізілетін болады.
Ұлттық валютаның экономикадағы рөлін арттыру мақсатында:
— теңгедегі жинақтарды ынталандыру үшін салымшыларға кепілдік беріледі; «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ теңгедегі депозиттер бойынша капиталдандыруды 5 млн-нан 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтады;
— халықтың доллардағы депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4 %-дан 3%-ға дейін төмендетіледі;
— тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салынады.
Банктердің теңгедегі өтімділігін ынталандыру мақсатында:
— қажет болған жағдайда пруденциалдық реттеудің жекелеген нормаларын уақытша төмендету мүмкіндігі қарастырылады;
— коммерциялық банктерге теңгедегі өтімділік беріледі.
Банк секторын сауықтыру мақсатында:
— Банктердің проблемалық активтерін азайту жұмысы жалғасады. «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жарғылық капиталы 250 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтылады, оның банктермен ынтымақтастығының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
— «Базель III» банктер капиталының жаңа стандарттары кезең-кезеңмен енгізіледі. Жаңа стандарттарға біртіндеп және ауыртпалықсыз көшу мақсатында капиталдың жеткілікті болуы үшін банктерге неғұрлым жұмсақ талаптар белгіленеді.
Тұтастай алғанда, жаңа экономикалық саясат сыртқы факторлардың салдарын жұмсартуға, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын нығайтуға бағытталады. Қаржы секторын сауықтыру, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және экономиканы әртараптандыру арқылы қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісі қолға алынады. Сыртқы нарықтағы ахуал нашарлаған жағдайда, Үкімет пен Ұлттық банк елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу үшін қосымша шаралар қабылдайтын болады.
Амандық АБДОЛОВ.