
Зауыт құрылысы басталды
Өңірде Қашаған кен орнынан сұйытылған мұнай газын алу, тасымалдау және фракциялау зауыты жобасының құрылыс жұмыстары басталды. Жоба ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен тұрақты қамтамасыз етуге және газ мотор отыны тапшылығын азайтуға бағытталған. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жоба Энергетика министрлігі мен Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісім аясында мердігер компаниялар арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асырылуда. Өткен жылы «QazaqGaz» АҚ мен «НортКаспиан Оперейтинг Компани» ЖШС арасында сұйытылған мұнай газын сату-сатып алу шартына қол қойылып, жобаның жол картасы бекітілген.
Қазіргі таңда нөлдік цикл жұмыстары жүргізілуде: жабдыққа іргетас қалау, ғимараттар мен инфрақұрылым салу жұмыстары атқарылуда. Ішкі нарыққа одан әрі өткізу үшін газдың алғашқы легін қабылдау жыл соңына дейін жоспарланған. Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие және газ өңдеу саласының дамуына елеулі үлес қосады.
Айбөпе САБЫРОВА