Жарнама
ЭкономикаҚоғам

Ырыққа көнбеген БАҒА

Өсімдіктің жайқалып өсуі су мен күннің көзіне, автокөліктің жүруі сапалы жанармайға байланысты болса, адамның күнделікті тірлігі, қалыпты өмір сүруі де соған ұқсас. Үнемі құнарлы, сіңімді ас ішкенді қажет етеді. Алайда, Атырауда тамақтың бағасы аспандап барады. Халық ең көп баратын базарлар мен сауда орындарын аралап, жиі тұтынатын тағам бағаларын салыстырғанымызда осы жағдайды байқадық. Мұның себебі неде?

«Насихадағы» жағдай Қала орталығындағы бұрынғы «Рахат» базары қашан да халыққа толы. Мұнда өзге сауда орындарына қарағанда тағамның да, киім-кешектің де бағасы жоғары. Біздіңше, «Насихаға» тамақ алуға ешкім арнайылап келмейтін секілді. Күнбе-күн бас сұғатындар – осы базардың айналасында тұратын тұрғындар.

Жұмыстан келе жатқанда түстікке не кештік асқа қажет оны-мұнысын алады. Өкінішке қарай, сол азын-шоғын өнімнің өзі арзан емес: қияр мен қызанақ – 800- 1000, алма мен алмұрт – 600-1000, картоп – 210-220, ет жəне ет өнімдері – 2400-2800, қораптағы сүт (3,2%, 0,9гр.) – 350-450, шай (200гр.) – 750-850 теңге… Қазіргі уақытта күнелтістің күні үшін елі мен жерін, бала-шағасын тастап, саудамен айналысып жүргендер аз емес.

  • Солардың бірі – Жылдыз атты қырғыз қызы. Бізше – Жұлдыз. Атырауға келгеніне үш жылдың жүзі болған. Осы базардың маңынан пəтер жалдап тұрады. Өзінің қолынан келмейтіні жоқ – салаттың неше түрін жасайды, құтыға тəттілер мен ащылар жабады. Одан қалса, елінен кепкен жеміс-жидек, бал, тосап алдыртады. Оларды бір-біріне араластырып, адам ағзасына пайдалы керемет тұнба əзірлеп сатады. – Біздің жақта жұмыс жоқ. Сосын да осылай туған жерден жырақта жүруге тура келеді. Тек үйде қалған балаларымды, туыстарымды сағынамын. Пандемияға байланысты еліме де бара алар емеспін. Жылына бір-ақ рет қатынаймын. Бəрі де қажеттілік. Мейірбанды халқынан ба, Атырауға əбден бауыр басып қалдым. Өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Арнайы іздеп келеді, өздеріне ұнаған тағамдарын алады. Осы кезге дейін ешкіммен жүз шайысып көрмедім. Бəрі маған үлкен түсіністікпен қарайды, — дейді сауда жасаушы қырғыз келіншек.

Көтерме сауда қызуда Қашаннан қаладағы «Дина» базарына келуші аз болмайды. Ығы-жығы тұтынушының көбі базар сыртындағы көтерме сауда орындарына барып, өзіне қажетті тағамдарын сатып алады. Мұнда тек қалалықтар ғана емес, алыс-жақын ауылдар мен аудандардан да барады. Бізге қарсы ұшырасқан исатайлық ерлі-зайыпты өздерінің жекеменшік дүкендеріне тауар алмақшы екен. Сөз арасында көтерме бағамен алған тағамдарының тез арада өтіп кететінін айтып, өздерінің риза көңілдерін байқатты. Жекеменшік көліктеріне тиеп жатқан ұн, құмшекер, рожки, күріш, шемешкі май, жұмыртқа – бəрін көршілерінің асыға күтіп отырғандарын да жасырмады.

– Мəселен, мына əжетхана қағазының бір данасын біз 26-30 теңгеден алдық. Ал ауылда бұл жоқ. Басқа да тұтыну заттары – тіс пастасы түрлі иіс майлар мен иіс сабындар, сұйық сабындар – бəріне сұраныс жоғары. Тапсырыспен де апарамыз. Оларға да, бізге де тиімді, — дейді кəсібін ұршықтай үйіріп отырған келіншек.

Өзін Мəдина деп таныстырған орта жастағы əйел адам: «Бұрын «Дина» базарындағы тауарлар арзан еді, қазір айтарлықтай қымбаттаған. Мысалы кəдімгі қойдың үйітілген басы 1500 теңге тұрады. Ал жұмыртқа 45 теңгеден. Осылайша бар тапқан-таянғанымыз ішіп-жемге кетіп тұр. Тамақтан басқа да тірлік бар ғой, студент баланы оқыту, жасы келгендерін үйлендіру дегендей. Қолымызда жинақ жоқ. Бар ақша тамақтан ауыспайды…» деді ренішті кейіпте. Мəдинаның айтқанымен келіспеске лажымыз қалмады.

Түйіндей келе айтарымыз, расында да әркім көрпесіне қарай көсіледі. Біреу ыстық тамақ жеуді армандаса, екінші біреу қымбат көлік пен зәулім үйді қалайды. Ал үшіншісі індетпен арпалысып жатқан жақынына саулық тілеп, Жаратқаннан оның амандығын жалбарына сұрайды. Мүмкін адам баласына мына өмірде тоя тамақ ішу де мақсат болмас. Хадисте де: «Адам баласы үшін аз тамақ та жеткілікті. Асқазанның үштен бірін – тамаққа, екіншісін – суға, ал қалған білігін ауаға қалдырсын» деген ғой. Кім біледі…

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button