ЫНТЫМАҚТЫ ІС – ЫРЫС

Аталмыш форум аясында отандық кәсіпорындар шығаратын тауарлар мен  ұсынатын қызметтердің көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстанмен бірге кедендік одаққа мүше және бірыңғай экономикалық кеңістікке кіретін Ресей Федерациясының шекаралас Астрахан, Самара, Орынбор облыстары, сондай-ақ Беларусь Республикасы және Батыс Қазақстан облысы аудандары өкілдерінің қатысуымен өткен бұл шараға аталған елдер мен өңірлерден келген кәсіпкерлік құрылымдары өз өнімдерін алып келді.

Кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен холдингтердің, бизнес пен ғылыми-зерттеу институттар, орта, ірі тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер, инноваторлар, туристік компаниялар және басқа мүдделі тараптар өкілдерін қосқанда аталмыш форумға барлығы 80-нен астам кәсіпорынның және 500 шамалы адамның қатысуы қамтамасыз етілді.

 

Жақсы тәжірибе – ортақ қазына

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мұрындық болуымен өткен форум шеңберінде еліміздің батыс өңірінің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының инвестициялық жобаларының тұсауы кесілді. Мұндағы басты мақсат әр аймақтағы бизнес-құрылымдарының ынтымақтастық аясын кеңейту, өзара қарым-қатынастарын, іскерлік, әріптестік  байланыстарын нығайту, жаңа  жобаларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасауға негіз қалау, осы саланы одан әрі интеграциялаудың жолдарын ойластыру болып табылатындығы мәлімделді.

Алдын ала жоспарланғанындай, екі бөлімнен тұратын форумның алғашқы бөлімі Орал қаласындағы «Мұз айдыны» сарайында өткізілді. Жоғарыда айтылып кеткендей, осындағы көрме-жәрмеңкеге жергілікті және көршілес Атырау, Ақтөбе,  Маңғыстау, сонымен бірге Ресей елінің Астрахан, Самара, Орынбор облыстарынан келіп жеткен тауар өндіруші бизнес құрылымдарының өкілдері өздерінің бұйымдарын жайғастырды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлан  Ноғаев  форумға  қатысушыларды құттықтады. Осындай шараға қатысу арқылы кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп, ынтымақтастықта жұмыс жасау үшін іскерлік байланыстарды орнықтыруға шақырды. Өңірде қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан түрлі саладағы инвестициялық жобалардың  аз еместігіне, келешекте де көптеген жобалардың жоспарланғандығына назар аударған Нұрлан Асқарұлы бүгінгідей шараның олардың нәтижелі  орындалысына  септігін тигізетіндігіне сенімділігін білдірді.

Форумға қатысушы атыраулық делегацияның атынан сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев та Атырау аймағында бүгінгі таңда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жалпы құны 1 триллион теңгені құрайтын 34 жобаның жоспарға енгізіліп, олардың кезең-кезеңімен орындалу үстінде екендігін алға тартты. Республикамыздың мұнайлы астанасы атанған қазыналы, кенді өңір кәсіпкерлерінің  форум қонақтары мен көрмені тамашалаушыларға тарту етер тауарларының жеткілікті екендігін меңзеген Ғұмар Ислямұлы мұндай шараның әркімнің қолындағы бары мен жақсысын жарнамалап қана қоюмен шектелмей, бірінен-бірі үйреніп, жоғын тауып, тапсырыс беріп, ілгеріде де  іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруына оңды ықпалын тигізетіндігіне тоқталды. Қатысушы тараптардың баршасына сәттілік пен табыс тіледі. Осыған орайғы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ыстық сәлемін оралдықтар мен қала қонақтарына жеткізіп, арнайы дайындалған естелік сыйлығын табыстады.

Кедендік одақ көмегі

Екі облыстың басшылары  форумға арнайы шақырумен келген ресейлік және көршілес облыстардың басшыларымен бірге көрме-жәрмеңкемен танысып, аралап шықты.

Әр өңірдің тауар өндіруші отандық кәсіпорындарының өкілдерімен тілдесіп, қалай, қандай жобамен жұмыс жасап, табыс тауып жатқандығына, болашақта нендей істерді тындыруды ойластырып отырғандықтарына тереңдей еніп, біраз мағлұматтарға қанықты.

Аңғарғанымыздай, өз жерлерінде болғандықтан да шығар, көрмеге қатысушылардың басым көпшілігінің оралдықтар екендігіне көзіміз жетті. Санының артықшылығымен ғана емес, қолына алып, нәсіптеріне негіз қалаған кәсіптерінің де сан алуандығымен ерекшеленетін олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп-өңдеумен, енді біреулері агрокешенге қажетті техникаларды құрастырып, шығарумен, үшіншілері электр қуатын, таза ауыз су өндірумен, астық өнімдерін шығару, т.б. толып жатқан шаруамен айналысатындығынан хабардар болдық.

Араларында ауылда тұрып, қазақ халқының қолөнерін, ісмерлікті, зергерлік әшекей бұйымдарын жасау өнерін меңгерген шеберлер де бар екен. Мұның сыртында Қарашығанақтағы мұнай-газ өнеркәсібі, туристік  демалыс  орындары,  тарихи-мәдени ескерткіштер, өндіріске керекті өміршең технологиялар, т.с.с. салалардың қай-қайсысын дамытуда да өңірдегі бизнес-құрылымдарының  да  лайықты орны мен рөлінің барлығы айқын еді.

Назар аударуға тұрарлық бір жайт, осындағы «Вираж» ЖШС автосалоны (бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан) арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына ауадай қажетті Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласындағы зауытта шығарылатын, соның үлгісінде отандық кәсіпорын- Семей шаһарындағы «СемАЗ» зауытында құрастырылатын «Беларусь» тракторлары саудаланады. Кедендік одаққа еніп, бірыңғай экономикалық кеңістікке кіргелі бері өңірде агрокешенге ғана емес, өзге де салаларға керекті  техника мен өндірістік, тұрмыстық тауарлардың жеткізілуі жеңілдетіліп, бағалары да біраз төмендетілген. Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің өкілі Анатолий Павловичтің мәлімдеуінше, осындай жан-жақты іскерлік, әріптестік байланыстарды орнатудың нәтижесінде тек өткен 2012 жылдың өзінде тұтастай алғандағы екі елдің арасындағы сыртқы сауда айналымының сомасы 1 млрд. доллардан асқан. Бұл күні өңірдегі ғана емес, еліміздің мұнай-газ саласындағы іргелі кәсіпорындардың бірінен саналатын «Қарашығанақ Петролеум» бірлескен компаниясының өкілдері де осыннан табылды.

Көрмеге Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының бизнесмендері де барымен бөліссе, Атырау облысынан да он шақты кәсіпорынның аттары аталды. Бұлардың қатарында «Атырауреммаш», «Новус Силинг», «Інжу-Маржан», «Жігермұнайсервис», «Контракшн КZ», «Касхим», «Спецпром» КZ», «Тұз» ЖШС-тері мен «Каспий Балық» ӨК бар.

Әлгінде айтқанымыздай, көршілес Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының жетістіктерін осы өңірлерден қатысушы  бірнеше компания паш етсе, ресейлік тауар өндірушілердің де өзгеге көрсетіп, мақтан тұтуға тұрарлық табысты қадамдарымен танылғандығына куә болдық. Солардың санатында «Солана-Агро-Сервис», «Росэкспорт» (Самара), «Экобиос» ғылыми-өндірістік фирмасы (Орынбор)  және «Кондор» өндірістік-коммерциялық фирмасын (Астрахан) атаған ләзім. Осылардың ішінде алғашқысы картоп дақылын өсіріп, сапалы да қауіпсіз  өнім өндіруге маманданған іргелі кәсіпорын болып есептеледі екен.

Самара облысында құрамына бірнеше шаруашылық құрылымы кіретін картоп өсірушілердің одағы құрылған. Бұлардың күшімен екінші нанға баланған осынау аса маңызды азықтық дақылдың 80 пайызы өндіріледі. Оның үстіне самаралықтар картопты өсіріп қана қоймай, тұқымын алып сақтауға, сұранысқа қарай сатуға, тапсырыс бойынша шекаралас аймақтардағы әріптестеріне  дайындап, керекті кеңестерін беруге де дағдыланған. Қала берді, семинарлар ұйымдастырып, тәжірибелерімен ортақтасуды да игі дәстүрге айналдырған. Қалған екі облыста да ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып, өнім өндіруге және қолданыс аясын кеңейтуге бағыт ұсталынған.

Ауқымды шараның орталығына айналған Орал өңірінде мұнай-химия кешенін өрістетуге, ауыл шаруашылығы машиналары мен техникаларын құрастырып шығаруға маманданған кәсіпорындардың қатары көбейіп келе жатқандығы байқалады. Қысқасы, көрмеге қатысушылар да, келіп тамашалаушылар да, арнайы шақыртылған сарапшы мамандар да  бұл жөнінде өз түйіндері мен байламдарын жасап, бағаларын берді. Осыннан жаңа әріптестер мен тұтынушылар, бір-бірімен байланыс жасап, тәжірибе алмасып, бірінде жоғын бірінен алып тұруға уағдаласқандар да табылып жатты. Солардың арасында Атырау жерінде шығарылатын құрылыс материалдарын   сатып алуға ниет білдіріп, «Інжу-Маржан», «Каспий-Балық» ЖШС-тері тәрізді балық шаруашылығымен шұғылданатын атыраулық кәсіпорындардың өнімдеріне қызығушылардың, бірді-екілі Оралда да олардың су маржандарын  саудалайтын  арнайы  дүкендерінің ашылуына тілек білдіргендердің кездескенін естіп, қуандық.

Меморандум – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ кепілі

Сол күні түстен кейін форумның екінші және негізгі бөлігі Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінде  жалғасты. Бұнда да Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысушылардың алдында сөз сөйледі. РФ Бас консулдығының, ҚР Технологиялық даму, Экспорт пен инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктерінің,  «Самұрық-Қазына Инвест» АҚ-ның өкілдері де ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығын атап айтып, «мұндағы мүмкіндіктерді мүлт жібермей, ұтымды пайдалана білсек, қай салада да табысты, әрі  тиімді  дамудың  жаңа  көкжиектері ашылатындығы күмәнсіз»  деген ортақ түйінге келді.

Шара одан әрі секциялық жұмыстармен жалғасты. Тиісті салалары мен кәсіптерінің түрлеріне байланысты қатысушылар да өз кезегінде   «Инновациялық гранттар: ағымдағы ахуалы мен алдағы жағдайы», «Машина жасау мен металл өңдеуді дамыту», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Құрылыс индустриясын дамыту», «Көліктік-логистикалық жүйені дамыту» және «Туризмді дамыту» тақырыптарында оқылған дәрістерді  тыңдады. Әсіресе, инновациялық гранттар түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралын пайдалану, машина жасау мен металдарды өңдеу, «Машзауыт» консорциуымың жұмысы, облыстағы машина жасау компанияларының әлеуеті және проблемалары, агроөнеркәсіп кешенін өрістету, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ұйымдастырылатын қолдау-көмекті қолдану, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың байланысы төңірегінде өрбітілген әңгімелерге зор ынта-ықылас қойып, туындаған мәселелерге қатысты ортақ ой-пікір, ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Осы жерде «Орал» ӘӘК ҰҚ» АҚ, Батыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер қауымдастығы, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті аталған секциялық жұмыстардың модераторлары  болғандығын   нақтылай кеткендігіміз жөн.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз