![Ұсыныс-пікір ескерілуі керек 1 qosymsha](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/qosymsha.jpg)
Ұсыныс-пікір ескерілуі керек
Президент бизнес өкілдерімен кездесіп, Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. «Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс» деген еді.
Расында, Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру және осы салықтың шекті мәндерін төмендету туралы ұсынысты қайта қараған жөн. Меніңше, қосымша құн салығы көтерілген жағдайда, барлық жүктеме шағын және орта бизнеске түседі. Сонымен қатар, қарапайым халық үшін де салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені, салық өсетін болса бұл тауар мен қызмет құнының өсуіне де себеп болады.
Салықтағы мұндай өзгеріс ең алдымен халықтың қалтасына түседі, тұтынушының күнкөріс деңгейі нашарлайды, себебі олардың табысы өсіп жатқан жоқ. Мысалы, былтыр төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленсе, биыл да сол деңгейде қалды. Ал инфляция болса қарқын алуда. Халықтың төлем қабілеті болмаса, шағын және орта бизнес иелеріне кәсібін жабуға тура келетіні айтпаса да түсінікті. Кейбір адамдар кәсібін жабуға мәжбүр болады, ал кейбірінің көлеңкелі бизнеске кету тәуекелі жоғары болады.
Тәжірибелі кәсіпкер ретінде бұл мәселе мені де толғандырады. Осы тұста айтарым, Үкіметтің ҚҚС мөлшерін көтеру туралы ұсыныс әлі де зерделеніп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жаңа Салық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде тиісті талдау жүргізілуі керек.
Артур ИМАНАЛИН,
кәсіпкер
Махамбет ауданы