Жарнама
Экономика

Тұздыкөлдің сабыны

Балшықтан да емдік қасиеті бар сабын алуға әбден болады екен. Бұл жаңалықтың авторы – жас өнертапқыш, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің VIII сынып оқушысы Үкілісағыныш Ахмет. Оның Дендер тауындағы Тұздыкөлдің балшығынан жасап шығарған жаңа өнімінің ерекшелігі неде, пайдасы қандай? Біз мұның қыр-сырын өзінен сұрап көрдік.

2fd15bc2 823c 4fa0 93a8 efc7e98bdfad

Жас ғалымға бұл идея Назарбаев зияткерлік мектептері жобаларының  бірі «Туған елге тағзым» аясында Тұзбұлаққа экспедиция барысында туған.

– Көптеген адамға арнайы осы жерге келіп, табиғи ем алу қиынға соғып жатады. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен топтар мен зейнеткерлерге оңай емес. Өйткені тұзды көлдің суы мен балшығы ем бола тұра, мұнда келушілерге ережелерге сәйкес қызмет көрсетуге ешбір жағдай жасалмаған. Оның балшығы мен суына түсудің өзінде сақтық ережелерін қатаң сақтау керек. Сондықтан мәселені шешудің бір жолы ретінде балшықтан емдік сабын жасауды ойладым. Тұрғындар арасында «егер осы балшық негізінде жасалған сабын ұсынылса, оны қолданар ма едіңіз?» деген сауалнама жүргізіп, нәтижесінде 53,3% адам «әрине», 10%-ы «жоқ, дәрі-дәрмекпен емделемін», 36,7% «білмеймін» деп жауап берді. Сосын менде осы ойды жүзеге асыруға ерекше құлшыныс пайда болды, — дейді Үкілісағыныш.

Жас ғалым өз ойын мектептегі жоба жетекшісімен бөліскенде, «бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы ұстанған ұстазы шәкіртіне қолдау білдіріпті. Әуелі екеуі ақпараттық материалдар жинақтап, зерделейді. Оны тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға бір ай уақыт жұмсаған.

Тұздыкөл балшығының пайдасын химиялық зерттеулер арқылы дәлелдеу және балшықпен емделуді көпшілікке қолжетімді ету мақсатын алға қойған Үкілісағыныштың туындысы сәтті жүзеге асты. Әуелі балшықтың химиялық құрамын жан-жақты анықтап, сабын негізі, ароматизатор, силикон формалар, су моншасы, тамшуыр, шыны таяқша секілді қажетті құрал-жабдықтарды пайдаланып, жетекшісінің көмегімен химиялық әдіс-тәсілдерді жүргізеді. Сөйтсе, сабыннан жағымсыз иіс шықпауы үшін әртүрлі эфир майларын қосуға болады екен. Үкілісағыныш лаванда эфир майының 6-7 тамшысын қолданған. Ең бастысы, сабынның құрамында теміреткі, дерматоз, теңге қотыр және есекжем секілді тері ауруларына ем көлдің балшығы бар.

– Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандары берген ақпарат бойынша Атырау өңірінде экзема, псориаз, лишай секілді тері ауруларымен ауыратындардың саны аз емес. Жыл басынан бастап есепке тіркелген 279 адамның 57-сі қышымамен, 222 тұрғын дерматомикозбен ауырады. Мұндай аурулардың пайда болу себептері әртүрлі. Әсіресе химиялық қоспалары бар тұрмыстық заттарды қолдану да кері әсер етеді. Сондықтан Тұздыкөлдің сабынынан жасалған балшық – тері ауруларына таптырмас ем. Біз бұл өнімді жуырда ғана патенттедік, — дейді жоба жетекшісі Дариға Нұржанова.

Химия зертханасында жүргізілген зерттеу нәтижесінде Индер тұзды көлі балшығының құрамында натрий, сульфат, карбонат, фосфат, темір, барий, хлорид, нитраттың бары дәлелденді. Дегенмен, жас талант теориялық ақпарат бойынша балшықтың құрамында болуы тиіс бромид йонын сапалық реагент арқылы анықтау мүмкін болмағандықтан, оны басқа әдіс арқылы зерттеуді жоспарлап отыр.

– Мен мұнымен шектелмей, жобамды әлі тереңірек зерттеуді алға қойдым. Ауыр металдардың бар-жоғын анықтап, радиацияны да Гейгер аппараты, дозиметр арқылы анықтауды жоспарладым. Жасалған сабынға сынама өткізуге адам табу қиын болды және оның сынақтан өту уақыты да ұзақ. Бұл сабын асқынған дертті толық емдеп жазбағанымен, өнімді тері ауруларының алдын алу мақсатында қолдана беруге әбден болады. Мен мектеп зертханасында тек сапалық зерттеу жүргіздім, енді сандық және сапалық анықтаманы заманауи әдістердің көмегімен жүргізіп, өз нәтижеммен салыстыра отырып, жобаны одан әрі дамытқым келеді, — дейді жас ғалым.

Оның айтуынша емдік қасиеті бар балшықтан жасалған сабындар нарықта кездескенімен, құны қымбат. Сондықтын Үкілісағыныш өз өнімін халыққа қолжетімді бағамен ұсынуды да мақсат етіпті.

Ендеше, бұл тауар – Индер Тұздыкөлінің емдік қасиетін қолданғысы келген кез келген адамға таптырмас мүмкіндік. Біз жас өнертапқыштың алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button