
Тұрақты дамудың басты шарты
Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту туралы тапсырмалары – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуы үшін айрықша маңызды бастама.
Ұзақ жылдар бойы бұл сала жүйелі назардан тыс қалып, бүгінде инфрақұрылымның айтарлықтай тозуына әкелді. Атырау өңірінде де осы мәселе өткір сезіліп отыр. Электр, жылу, су жүйелерін жаңғырту – күн тәртібіндегі басты міндет.
Президент Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, тарифтерді жүйеге келтіру – халыққа сапалы әрі сенімді қызмет көрсетуге жол ашуы тиіс. Бұл жерде тарифтің өсуі қызметтің сапасымен тікелей байланыста болуы қажет. Біз, Атырау энерго кешені ұжымы, осы бағытта жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Электр желілері кезең-кезеңімен жаңғыртылып, жаңа технологиялармен жұмыс жасалуда.
Цифрландыруды кеңінен қолдану арқылы коммуналдық инфрақұрылымның ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Бұл – халықтың сенімін арттыратын басты тетік.
Сонымен бірге, жаңа технологияларды енгізу арқылы біз электр қуатын үнемдеуді, желілердің сенімділігін арттыруды және тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздеп отырмыз.
Экономиканың барлық саласында энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл тұрғыда тұтынушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған талаптарды енгізу – дер кезінде жасалған қадам.
Атырау облысының Энерго кешені ретінде біз Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді толық қолдаймыз. Өйткені бұл мәселе бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып саналады.
Алтынбек ҚАРШЕГЕНОВ,
Атырау Энерго кешенінің басқарма төрағасы