ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕН: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Атырау жылу-электр орталығының өшпес әріптермен жазылған парақтарында кәсіпорында Елбасының болуы ерекше орын алады. Мемлекет басшысы осындағы кезекті қуаттардың бірін өз қолымен қатарға қосып, атыраулықтардың тындырған ісіне разылық танытқан. Осы бағытта одан әрі жалғастыра беруге тілек білдірген.

Расында да, республиканың кейбір өңірі энергетикалық тапшылық көріп, көрші елдерге тәуелділік күйін кешіп отырғанда мұнайлы мекенде мұндай проблема туындап жатқан жоқ. Соңғы жылдары сәтті жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде Атырауда электр және жылу энергияларына сұраныс толығымен шешілген. Тіпті пайдалануға берілер жаңа нысандарды да қамтамасыз етерліктей жеткілікті қор жинақталған.

Міне, осы жай жақында облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған шара барысында тағы да сөз болды. Уәкілетті орган жетекшісі Райхан Мизамғалиева инвестициялық бағдарламаларды қабылдау тәртібін, оны жүзеге асыруда тариф саясаты қалай қалыптасатынын айтып өтті.

Жалпы, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар өздеріне ортамерзімдік инвестициялық бағдарлама қабылдағанда соған сәйкес тарифтің де сатылап көтерілуі көзделеді. Яғни, төлем құнын күрт қымбаттатпай, біртіндеп өсіру қарастырылған. Бұл тұтынушыға салмақ салмау үшін жасалады. Бәзбіреулердің «неге тариф жылда өзгереді?» деген сауалына осылай жауап беріледі. Себебі, қайталап айтқанда, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаражаттың бір бөлігі энергетикалық қуаттарды тұтынушылардың төлемінен құралады. Осы орайда ортақ мақсатқа заңды тұлғалар да, жекелеген азаматтар да тиісінше үлес қосады.

Міне, осыдан кері байланыс туады. Өзгерген тарифті құп алып, коммуналдық төлемін уақытында өтеп отырған тұтынушы монополист мекемеден «не тындырдың?» деп сұрауға құқылы. Белгіленген кестеге сәйкес ара-тұра қоғамдық тыңдаулар мен баспасөз турларының ұйымдастырылып тұратындығы да сондықтан. Оған журналистерден өзге мәслихат депутаттары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысады. Қарапайым азаматтарға да есік ашық. Бірақ, солардың белсенділігі әлі де төмендеу. Сондықтан, осы олқылықтың орнын өз материалымызбен толтырып көрмекпіз.

Сонымен, газетіміздің ілгергі нөмерлерінде айтылғанындай, Атырау жылу-электр орталығы бойынша 2013-2015 жылдарға қабылданған инвестициялық бағдарлама мақсаты – қолдағы активтерді жаңарту, тың техникалармен жарақтандыру және жаңа қуаттарды іске қосу. Оны ойдағыдай орындау үшін аталмыш уақытта барлығы 5 млрд. 656,58 млн. теңге жұмсалуы шарт. Соның 876,77 млн. теңгесі – жылу энергиясы есебінен.

Жалпы, кәсіпорын басшысы Мұхамбетқали Қалиевтың айтуынша, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысымен жылу энергиясын өндіру және онымен қамтамасыз етуден 1 млрд. 278,12 млн. теңге нақты табыс алынған. Яғни, осы уақытта тұтынушылар 255,259 мың гигакалория жылу энергиясын тұтыныпты. Тіпті де жаман көрсеткіш емес. Сонау жылдары қала ортасынан жеке баспана салып алғандар жаппай дербес қазандықтар орнатып, орталықтандырылған жылу жүйесінен бас тартқан-ды. Себеп – көрсетілер коммуналдық қызметтің сапасыздығы. Кезінде көне қондырғылар жеткілікті жылуды бере алмады, ол тесік тұрбалармен тұтынушыларға толық көлемінде жеткізілмеді. Енді жағдай мүлдем өзгерді. Дербес қазандықтарымен жекешеленгендер кері орала бастапты. Міне, инвестициялық бағдарламалардың икемді жүзеге асырылып жатқандығының көрінісі осындай.

Оның үстіне, мұнай өңдеу зауыты жаңа цехтарын іске қосуға байланысты қосымша энергетикалық қуаттарға сұраныс беріпті. Өңірде іргелі жобалардың қолға алынып, жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандардың көптеп қатарға қосылып жатқандығын ескерсек, алда да тың тапсырыстардың боларына сенім мол.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің таратқан баспасөз баянында айтылғанындй, биылғы бірінші тоқсанда кәсіпорын бойынша 343,02 млн. теңгенің инвестициялық міндеттемесі орындалуы тиіс екен. Оның 70,78 млн. теңгесі жылу энергиясы есебінен. Соның нәтижесінде, арнаулы техникалар сатып алынды. Сорғы жабдықтары жаңаланды. Жөндеуаралық мерзімді ұлғайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, І-ІІІ кезектегі айналмалы сутектерін қайта жаңарту бойынша құрастыру жұмыстары жүргізілуде.

Қазір кәсіпорында жаңа газ-турбиналық қондырғы тұрғызылуда. Ол жылу-электр орталығын IV кезекті кеңейтудің екінші кезеңінің бекітілген жоспары шеңберінде жүзеге асырылмақ. Жаңа нысанды қатарға қосу кәсіпорын қуатын 60 меговаттқа дейін көтеруге мүмкіндік береді. Демек, жылына 330 млн. киловатт/сағатқа өсім болмақ. Жайық суын пайдалану мейлінше азаймақ. Ең бастысы – тұтынушылар электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етілмек. Өйткені, тосын жай орын алғанда газ-турбиналық қондырғыны іске қосу бу жабдықтарына қарағанда 8-10 есе шапшаң.

Өзіміз барып көрдік, бүгінде №14 ТГМ-15Б типті қазандық агрегатын құрастыру жүріп жатыр. Оның құрылысына қазақстандық мердігер компаниялар тартылыпты. Жаңа нысанды сығымдау және құбырларды арнайы материалмен оқшаулау шаралары биылғы қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ал, жөндеу-іске қосу қараша-желтоқсан айларына белгіленген. Демек, энергетиктер кәсіби мерекелерін әдеттегіше тың табыспен қарсы алмақ.

Баспасөз туры соңында облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Райхан Мизамғалиевадан кәсіпорынның инвестициялық бағдарламаларын қалай орындап жатқандығын сұраған едік. Мекеменің тарифін және инвестициялық міндеттемелерін бекіткен осы уәкілетті орган емес пе? Ендеше, содан артық кім нақты баға бере алады?

– Кәсіпорын өзіне алған міндеттемелерін толық көлемде және уақытында жүзеге асырып жатыр, – деді ол.

Демек, жылу-электр орталығының бүгінгі межелі жұмысы ертеңгі нәтижелі ісінен көрініс таппақ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттер «Атырау-Жарық»
 АҚ-ның баспасөз
қызметінен алынды.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз