Тұрақты энергия көзі
Елімізде электр энергиясына тапшылық жыл сайын артып келеді. Ал, жарықсыз күнді елестетудің өзі қиын. Сондықтан, бұл өткір мәселенің басты шешімі атом электр станциясын салу екендігі жиі айтыла бастады. Адамзаттың қуат көзіне сұранысын қамтамасыз ету үшін атом энергиясының баламасы жоқ екендігі анық байқала түсті. Статистикалық деректерге сүйенсек, дүние жүзінде 451 атом электр станциясы бар. АҚШ-та – 100, Францияда – 58, Жапонияда – 54, Қытайда – 35, Ресейде 10 станция энергия өндіріп тұр. Әлемнің барлық елі атом электр станциясының «жемісін» көріп отыр. Осылайша, АЭС үздіксіз энергия тетігі болып отыр.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум өткізу арқылы шешілетінін атап өткен болатын. Осыған байланысты, еліміздің әрбір өңірінде жария талқылаулар өтіп, жұртшылықтың пікірі тыңдалды. Энергетика министрлігінің өкілдері мен ұлттық ядролық орталық, арнайы институт өкілдері келіп, маңызды мәселеге қатысты жан-жақты мәлімет берді. Десек те, қоғам белсенділері осынау өзекті өзекті мәселенің екінші жағы да бар екенін атап өтті. «Атом» деген атынан-ақ үркіп қалған жұрт өткен күннің еншісінде қалған апаттардың зардабын еске салды. Әрине, «нәзік» мәселеге қатысты қоғам тарапынан түрлі пікірлер айтылуы заңды. Алайда, қазір бізге тұрақты энергия көзі ауадай қажет.
– Атом электр станциялары энергия өндірудің маңызды көздерінің бірі болып табылады. Айталық, АЭС-тар көмір немесе газ жағатын станцияларға қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын аз шығарады. Бұл климаттың өзгеруімен күресте маңызды фактор болып табылады. Аз мөлшерде ядролық отын, көп мөлшерде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Тұрақты энергия көзі болып табылады. АЭС-тар ауа райы жағдайларына тәуелсіз жұмыс істейді. Күн немесе жел энергиясы көздерінен басты айырмашылығы – тұрақты және сенімді электр энергиясын қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада АЭС-тар басқа көптеген энергия көздеріне қарағанда экономикалық тиімді болуы мүмкін. Сондай-ақ, осы бағыттағы технология үздіксіз дамып келеді, бұл олардың қауіпсіздігін арттыруға және радиоактивті қалдықтарды басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді Атырау Энерго кешенінің басқарма төрағасы Алтынбек Қаршегенов.
Десек те, қоғамда бұл тақырыпқа қатысты сан алуан пікір бар. Ал, Энергетика министрлігі өнеркәсіп және атомдық энергетика департаментінің директоры Ғұмар Серғазиннің пікірінше, егер осы мәселе референдумда қолдау тапса, АЭС салынатын Алматы облысының аумағында қосымша сейсмикалық талдаулар жасалынады. Ал, қазірдің өзінде тапшы болып отырған су мәселесіне қатысты сауалға Ғұмар Серғазин атом электр станцияларын салқындатуға және басқа мақсаттарға пайдаланылатын «тіршілік нәрінің» көлемі жылу электр орталықатырна қарағанда әлдеқайда төмен екендігін атап өтті.
«Атом электр станциясы бір жылда құрылысы аяқталатын үй емес. Оның құрылысының өзіне 10 жылға тарта уақыт керек. Оған дейін біздің елде осы салаға қажетті мамандардың бірнеше буыны даярланып шығады. Оның үстіне, мердігерлер өздерінің оқу орталығында да оқытады. Атомдық энергетика бізге таңсық сала емес. Тіпті, бұған «мұрнының иісі бармайтын» мемлекеттер атом электр станцияларын салуға жұмыстанып жатқанда, біздің жаңашылдықтан қашпағанымыз жөн деп санаймын», — дейді ол.
Р.S: Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық болашағын қамтамасыз етуде маңызды қадам болуы мүмкін. Дегенмен, бұл мәселені жан-жақты қарастырып, экологиялық және қауіпсіздік жағын да ойластырған жөн.
Айбөпе САБЫРОВА
Коллаж автордікі