Жарнама
Экономика

ТШО: ӘЛЕУМЕТТІК жауапкершілік жүгі

 «Елде  болса, ерінге тиеді»

 Алпауыт компания «қара алтын» өндірудің қайтарымын халыққа көрсетуді мақсат етеді. Бірлескен кәсіпорын құрылғаннан бергі кезеңде ел экономикасына шамамен 74,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаражат салды. Жергілікті құрылымдардың тауарлары мен қызметтерін тұтынғаны, темір жол мен мұнай құбырларын пайдаланғаны үшін төленген төлемдердің, сонымен қатар, мемлекет бюджетіне салынатын салықтар мен роялтилердің бәрі Қазақстан экономикасына қосып отырған үлес саналады. Кәсіпорындағы қазақстандық кадрлардың еңбекақысы да осының ішінде.

Елбасының бастамасымен дүниеге келген ТШО бүгінде үлкен шаруалардың ұйытқысына айналып отыр. Ол Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау мен білім беру саласын өрістету мақсатында ауқымды қаражат бөлуде. Оның бәрін санамалап шығу мақсат болмас, бір анығы, Құлсары қаласының су тазалау және сумен жабдықтау жүйесін толықтай қайта жүргізу, Атырау қаласы мен өзге де мекендерді газбен, сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету секілді маңызды жобалар осындай қолдаудың арқасында жүзеге асуда. 

Табысты  жұмыс неден  басталады?

Қызметінің табысты, жұмысының өнікті болуын мақсат еткен компаниялар шаруаны алдымен, қызметкер-жұмысшыларына жағдай жасаудан бастайды. «Теңізшевройл» солардың қатарынан екені анық. Бүгінде кәсіпорын басшылығы қарамағындағыларға Қазақстандағы ең үздік әлеуметтік пакеттерді ұсынуда. Соның бастылары, тұрғын жай алу үшін өсімсіз несие беру, банк салымдарын қосымша қаржыландыру, отбасы мүшелеріне жәрдемақы ұсынуы еді. Осы мақсатта компания осыдан төрт жыл бұрын қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік пакетті толықтырып, жаңа ұжымдық келісім-шартқа қол қойды. Жұмысқа қызметкерлерді ынталандыру жөніндегі бағдарламаның негізгілері ретінде жалақы көлемінің көтерілуін, жұмыс қорытындысы бойынша берілетін сыйақыны, шетелде тәжірибесін ұштау мүмкіндігін және мамандарды халықаралық үздік стандарттар деңгейінде дайындау бағдарламасын атап айтуға болады. Бірлескен кәсіпорын 2008 жылдан бері қызметкерлерді дайындауға бөлген қаржысының көлемін бүгінде едәуір көбейтіп отыр.            

Баспана  алуға барынша  көмек

Баспана мәселесі қашан да өзекті. Осы орайда, жергілікті жерде мәселен, «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясының тым жақсы бастаманы қолға алғанына тоқталуға болады. Аталған акционерлік қоғам өзінің қызметкері қаладан пәтер саудаласа, немесе үй салатын болса 5-8 миллион аралығында пайызсыз несие береді, ауылдық жерлердегілерге 1-1,5 миллион теңгені қолына ұстатады екен. Ақиқатында, мұндай зор қамқорлық жасаудың үлгісі ТШО-да әуелден қалыптасқан. Қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын жайын жақсартуға өсімсіз несие беру тәжірибесі ТШО-ның өзіндік ерекше дәстүріне айналғандай.

Тұрғын-жай несиесі бойынша қолға алынған бағдарлама негізінде 2010 жылдың сәуірінен бері жалпы мөлшері 59 миллион АҚШ долларынан астам көлемде 500-дей несие берілген. Соның нәтижесінде баспананың зары өткен талай отбасы қоныс тойын тойлады. Жасыратыны жоқ, екінші деңгейлі банктердің шаруасы түскен жанды діңкелетіп қоятын кезі жиі кездеседі. Ұсынған пайыздарының көлемі аспандап тұр. Ал, ТШО-да жұмыс жасайтындар осыншалық машақаттың бірін де көрмейді. Өйткені, мұнда қызметкер-жұмысшының әлеуметтік ахуалы ең басты назарға қойылады. Осы себептен шығар, тшолықтардың арасында тұрғын үй үшін несие алып, оны уақытында өтеп, кейін қайтара несие алуға өтініш беретіндердің саны көп. 

Денсаулық – басты  назарда

ТШО өзінің қызметкерлерінің денсаулығын басты назарға алған. Соның көрінісіндей, компания қарамағындағыларға стандарттық категориялы қызметтері үшін барлық төлемдерді өз есебінен жүргізеді. Ал, сақтандырылған азаматтардың жалпы саны 6000-ды құрайды. Кәсіпорында нәпақасын тауып отырған жандар мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық сақтандыруының басым бөлігін еліміздің сақтандыру компаниялары жүзеге асыруда.

Айта кетейік, вахтамен жұмыс жасайтындар Теңізде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған клиникалардағы білігі жоғары дәрігерлердің қызметін пайдалана алады. Мұнда олар жыл сайын медициналық байқаудан өтеді, сонымен қатар, жедел медициналық жәрдемге қоса өзге де дәрігерлік қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігіне ие.

 

Қоғамдық ұйымдарды қолдау

Бірлескен кәсіпорынның жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен байланысы нығайып келеді. Соның арқасында өмірге тың бастама, жаңа жобалар келуде. Өткен жылы алпауыт компания «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Жаңа өмір» жобасын жүзеге асырды. Ол жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектесуді мақсат еткен болатын. Жобаға С.Қазыбаев атындағы балалар үйі, Жасөспірімдер сарайы мен отбасылық типтегі балалар қалашығының директорлары, тәрбиешілері, педагогтары, тәрбиеленушілері тартылды. Мамандар тың бастаманы жүзеге асыруда тынымсыз еңбек етті, ол және нәтижелі болды. Мәселен, Жасөспірімдер үйі мен облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері ауланы өздері абаттандырып, есептеулерді жоспарлау және жүргізуді үйренді. Сонымен қатар, олар бетон, монтаждау, дәнекерлеу, бояу, жасылдандыру жұмыстарын қолға алды. Кестелеу, тігін машиналарын да игерді. Бұл тағдырдың тепкісін көрген балалардың бүгінгі өмірге ыңғайлануына мүмкіндік беруде.

Мұның бәрі мұнай және газ өндіруші кәсіпорындардың флагманы – ТШО-ның әлеуметтік мәселеге ерекше маңыз беретіндігінің анық айғағы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button