ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА – БЕРІК ТОСҚАУЫЛ
Газбен улану жылыту пешінің дұрыс жұмыс жасамауынан, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды. От жағу маусымында орын алатын мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, рейд өткізді.
Айта кету керек, жуырда «Атырау-Доссор» тас жолы жиегімен өтіп жатқан Бірлік поселкесін газбен қамтамасыз ететін диаметрі 89 мм болатын газ құбыры жарылған болатын. Оны қалпына келтіру жұмыстарымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ айналысқан еді. Кейін Бірлік поселкесіне газ қосылып, тұрғын үйлер газбен қамтамасыз етілді.
Рейдке қатысқан Атырау қалалық әкімшілігі, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Бірліктегі тұрғын үйлерді аралады. Газдың қосылғаны жөнінде хабарлап, ескерту шараларын жүргізді.
Атырау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының инженері Талғат Сансызбаевтың айтуынша, биыл күні бүгінге дейін шаһарда 13 рет табиғи газбен улану оқиғасы орын алып, 34 адам зардап шекті.
Мамандардың сөзінше, тұншықтыр-ғыш газ мүлдем иіссіз, уланғаныңызды сезбей қалуыңыз мүмкін. Ол жану процесі бар кез-келген жерде оттегінің жетіспеушілігі салдарынан пайда болады. Сол себепті, отындықпен және газ жүйесі арқылы жұмыс жасайтын жылыту пештерін қолдануда салғырттық танытпаған жөн. Тұрғындарға қолданыстағы жылыту пештерінің жарамдылығын ұдайы тексеріп отыру да маңызды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.