
Тот басқан құбырды қалай тазалайды?
Алдағы уақытта ірі кәсіпорындардағы күрделі жөндеу кезінде технологиялық құбырларды тот-қақтан тазартуға жергілікті өнім қолданылатын болады. Мұнайлы өлкеде бой көтерген жаңа азот зауыты ішкі нарықтағы қажеттіліктерді өтемек. Бүгінде кәсіпорында құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, барлық кешенді-технологиялық желі жабдықтарын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан инвестициялық жобаның өнімі мұнай-газ зауыттарында бұрыннан сұранысқа ие.
Атырау өңірі – еліміздің ең ірі мұнайгаз кластері екені белгілі. Мұндағы әрбір кәсіпорынға кезекті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде технологиялық құбырлар мен аппараттарды шаңтозаңнан арылтып, өндірістік қалдықтардан тазарту үшін құрғақ, таза азот қажет. Азот – жөндеу барысында металдардың тотығуына ұшыратпайды. Улы газдар мен шаңның бөлінуін шектейді. Мұндай техникалық атмосфера құрылғының қызмет мерзімін ұзартып, жөндеу уақытын жеделдетеді. Осы себепті кәсіпорындар да өндірістік қуатына қайта оралады. Яғни, жобаның экономикалық тиімділігі зор.
Бүгінде жаңа өндірістік нысанның құрылысы толықтай аяқталған. «TenizEcoService» ЖШС сұйытылған азот пен оттегін өндіреді. Әр қондырғы сағатына 600 кг-ға дейін сұйытылған азот, 620 келі сұйық оттегі өндіруге қауқарлы. Яғни, бір сағат ішінде екі қондырғы 1200 кг өнім шығарады.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өндірістің жылдық қуаттылығы шамамен 8-10 мың тоннаны құрайды. Жобаның жалпы құны – шамамен 4,6 млрд. теңге. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 20-дан астам жұмыс орны құрылады. Мамандардың айтуынша, азотқа сұраныс жоғары. Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін тапсырыстарға байланысты белгіленеді. Сұйытылған азот күрделі жөндеу кезінде техникалық құбырларды тазарту үшін қолданылады.
Айбөпе САБЫРОВА