ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТАҒДЫРЫ ТАРАЗЫҒА ТАРТЫЛДЫ

Азық-түлік молшылығын жасау үшін селоға да инвестиция керек

Ел дамуының сонау 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді межесін айқындап, жобасын сызып берген құнды құжат енді баршамыздың бағыт алар бағдаршамымыз болуы шарт. Осы орайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытып, елді мекендерді өркендетуді тағы да тиянақтап отыр. Демек, атакәсіпті әрі қарай алып жүрудің алғышарттары жасақталуда. Бұл реттегі бастапқы ойды ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевпен бөліскенді жөн көрдік.

 

Өңірдің  өзіндік  жолы  бар

– Ашығын айтқанда, кезінде түрлі себептермен ауылға назар аударылмай қалған жоқ па?

– Расында да, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында селолық сектор әбден тұралады. Оған экономикалық қиындықтардың салдары тиді. Жекешелендіру жайы да жұртшылыққа жете түсіндірілмеді. Аяқ астынан он шақты қой-ешкі мен бірнеше ірі қараға ие болғандар сонысын баға да алмады. Бір қыста қолына таяқ ұстап қалғандар да кездесті. 

Атырау – тек қана мұнай мен газдың ғана емес, төрт түліктің де мекені. Сонау кеңестік кездің өзінде-ақ Қызылқоға мен Құрманғазы аудандары асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылықтарға бай өңір емес пе еді? Сол атакәсіптің бүгінгі мұрагерлері әлі де бар. 

Тағы бір айтарым – қазір облыс басшылығы ауыл шаруашылығына үлкен назар аударып отыр. Сонау жылдары бұл саланың көзден таса болғандығы ешкімнен жасырын емес. Бүгінде барынша жағдай туғызылуда. Мәселен, өткен жылы облысқа агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін 1,7 млрд. теңге бөлінген. Қолымыздағы дерек бойынша, 32 шаруашылық ұжымы мен 2940 жеке кәсіпкерлік нысаны тіркеуге алынған. Сайып келгенде, облыстағы төрт түлік малдың 94 пайызы – жеке иеліктің қолында. Солардың күшімен былтыр өңірдегі ет пен сүт өнімдерінің 99,1 пайызы өндірілді. Ал, облыста өсірілген көкөніс пен бау-бақша дақылдарының барлығы дерлік – жергілікті диқандардың еншісінде.

Бүгінгі  табыс  ертеңге  меже  емес

– Әйтсе де, шындығын айтқанда, ауыл қаланы қамтамасыз етіп отыр ма?

– Жоқ, қамтамасыз ете алмайды. Мұндай жайдың объективті де, субъективті те себептері бар. Алдымен, біздің облыстың табиғи ресурстарының, климаттық жағдайының мүмкіндіктері ауыл шаруашылығын шалқытып дамытуға әуелден шектеулі. Жасыратыны жоқ, өңір тұрғындары азық-түлікпен өз күшімізбен ешқашан қамтамасыз етілген емес. Және солай істей де алмаймыз. 

Әйтсе де, климаттық мүмкіндігіміз шектеулі екендігін алға тартып, қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Ішкі резервімізді сарқа пайдаланып, барынша қолданысқа енгізуіміз керек. Бүгінде облыстық әкімдіктің кең қолдауымен ауыл шаруашылығы саласына батыл бетбұрыс жасалды. Жақсы жобалар жасақталып, жүзеге асырылуда. Бірақ, бүгінгі табыстың ертеңге өлшем болмайтынын да ескерген жөн. 

Дегенмен, өңірде саланың даму қарқыны мен тиімділігі қазіргі мүмкіндіктер дәрежесімен таразылағанда тым төмен. Ауыл шаруашылығының байырғы маманы ретінде де, ғалым тұрғысынан да осылай бағалаймын. Алдымен, құрылымдардың бәрі дерлік көлемі жағынан ұсақ, мал басы аз, мол тауар өндіруге қауқары жетпейді. 

Мәселен, өткен жылы әр шаруа қожалығында орта есеппен 19 мүйізді ірі қара, 87 қой мен ешкі, он жылқы және бес түйе ғана болыпты. Бұл тым аз. Әлемдік тәжірибе  де әр қожалық кемінде үш мың қой өсіргенде табысты саналады. Сонда қайтарымды есептеліп, өнімдерін сатуға шығара алады. Ал, бізде шаруа қожалықтарының көпшілігі төрт түліктің өнімдерін нарыққа шығаруға аса құлықты емес. Негізінен, өз отбасының мұқтажын өтеуге ғана ұстайды. Мұндай тар ауқымдағы түсінікпен мал шаруашылығы ешқашан дамымайды.

Жалпы, маман ретінде айтарым – мал шаруашылығын дамыту негізгі үш фактордан тұрады. Олар – тұрақты мал азығымен, яғни жемшөппен қамтамасыз ету; малды бағып-күту технологиясын сақтау мен селекциялық және асылдандыру жұмыстарын сауатты жүргізу. 

Осы үш негізгі фактор сақталғанда ғана көздеген нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұған бүгінде қаржы ресурсының жеткіліктілігі, заманауи технологияны енгізу мен мал бағатын адамды немесе кадр мәселесі қосылды. Міне, осы күрмеуі көп проблемаларды нарық заманында қалай ұтымды шешеміз? Оның жолдары қандай?

Шаруашылықтарды ірілендіру  керек

– Расында да, қалай шешуге болады? Елбасы ауыл шаруашылығына ден қойып отыр. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалып жатыр. Ендеше, түйіні тарқатылмайтын проблема бар ма?

– Бұл адамдардың өздеріне де байланысты. Рас, бәрін бір-ақ күнде шешіп тастау да мүмкін емес. Бірақ, алынбайтын қамал да жоқ. Еліміз тәуелсіздіктің бастапқы кезіндегі көп қиындықтардан өтіп кетті. Енді, әлемдік озық тәжірибелерді басшылыққа алған абзал. Мәселен, ауыл шаруашылығына, соның ішінде төрт түлікті түлетуге қазіргі заманғы инновациялық негіздегі индустрия керек. Алдымен мәселені талдап, оның нендей себептен туындап отырғандығын зерделеп, содан соң ғана шешу жолдарын ойластыру қажет. 

Сонау жылдардағы жекешелендіру кезінде кеңшарлар тарап, байырғы малбегілер бір-бірінен ажырап қалды. Қазір олар әр төбенің басында отыр. Бүгінде өндірістік кооператив, жауапкершілігі шектеулі серіктестік аталып жүргендердің көбі осы атағына сай жұмыс жасап жүрген жоқ. Сондықтан, осындай шаруашылықтардың басын қосып, ірі құрылым құру қажет. Бұл олардың күш біріктіріп, алдыңғы қатарлы инновациялық жаңа технологиялармен, ғылымның озық жетістіктерімен, өзін ақтаған толымды тәжірибелерімен жеткілікті қарулануына жол ашады. 

Әрине, біраз жылдан бері жекешеліктің дәмін татып, алдына азды-көпті мал салып алғандарды қайта біріктіру де оңай емес. Көбі көнбеуі де мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік қолдау арқылы қызықтырған жөн. Мәселен, облыстағы «Мақаш», «Құрманғазы», «Сүйіндік», «Жасқайрат», «Достан ата», т.б. іргелі шаруашылықтарға тиімді субсидия беріп, ұзақ мерзімді несие ұсынса, олар қазіргіден де іріленіп кетер еді. Мұндай күрделі құрылымға өзгелері де тартылуы мүмкін. 

Жалпы, облыста ауыл шаруашылығын мұнай мен газ саласы деңгейіне дейін көтеріп, оған ерекше көңіл бөлінгені жөн. Рас, жоғарыда айтқанымдай, аймақ басшылығы бұл бағытта түрлі жобаларды жүзеге асыруды қолға алды. Дегенмен, байырғы малбегілерінің бүгінгі ұрпақтары да ортақ іске үлестерін қосқаны жөн. Сонда ғана көздеген мақсатқа бірлесіп жетеміз. Мәселен, қала маңында сауын сиырлардың санын 500-700 басқа дейін көбейтіп, әрқайсысынан жылына 2-2,5 мың литр сүт алынса, атыраулықтардың осы өнімге деген сұранысын қамтамасыз етуге болады. 

Жайылымдар шөлдеп  жатыр…

– Төрт түлікті көбейтуді ұсынып отырсыз. Ал, соған сай жайылымдық жеріміз бар ма? Бүгінде сырттан да асыл тұқымды мал әкелінуде. Ертең соның бәріне жететін азығы табыла ма?

– Жалпы, қазіргі есеп бойынша, бізде 9819800 га жерді алып жатқан жайылым бар. Сол ауқымды алқапқа шөп аз шықты дегеннің өзінде 2,5 млн. қойды бағуға болатындығы есептеп шығарылды. Демек, мүмкіндік мол.

Ендігі мәселе – сол жайылымды тиімді пайдалануда. Өйткені, суландыру көлемі жыл санап кеміп барады. Бұрын пайдаланылған құдықтар қазір қолданылмайды, суы да ашып кеткен. Жерасты суларының мөлшері азайып, мал ішуге жарамай жатыр. Демек, су тапшылығы жайылымдарды барынша пайдалануға мүмкіндік берер емес. 

Тағы бір мәселе – кейбір шаруа қожалықтары мен жеке адамдардың алыстағы жайылымдарды қолданысқа енгізуге құлықсыздығы. Олар ауылдың маңынан шықпайды. Оны әрі тиімді, әрі арзан санайды. Соның салдарынан қазір бірқатар елді мекендердің төңірегі тақырға айналған. 

Ауыл жастарының мал бағудан қашуы да төрт түлікті ұстауда қиындық туғызуда. Сондықтан, жасыратыны жоқ, қожалықтардың көбі келімсек қарақалпақтарды іздейді. Олар да өздеріне сұранысқа үйреніп алған, кемінде 40-50 мың жалақы сұрайды. Мұндай қаражат беруге кез келген қожалықтың шамасы жетпейді. 

Міне, ауыл малының сол маңнан шықпауының бір себебі – осы. Селолық округтерде төрт түліктің 60-70 пайызы қысы-жазы бір жерді таптағасын, оған шөп те шықпайды. Толық тамақтандырылмаған малдан өнім де болмайды. Онымен қоса, түрлі ауруға ұшырайды. Міне, қолымыздағы бар жайылымдық жерімізді ұтымдылықпен пайдаланбасақ, ешқандай оң нәтижеге жетпейміз. 

– Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа толық жетіп жатыр ма?

– Жоғарыда айттым ғой, біз әлі де өз өнімдерімізбен тұрғындарымызды толық қамтамасыз етіп отырғанымыз жоқ. Оның үстіне, алыстағы шаруашылықтар өздігінен өнімдерін қалаға жеткізе алмайды. Инфрақұрылым нашар. Міне, сондықтан, бұрынғы «Колхоз базары» секілді «Дала-қала» жүйесін қалпына келтіру керек. Әйтпесе, өздерін кәсіпкер санап, делдал атайтын арадағы алыпсатарлар ауыл өнімдерін көтере сатып алып, үстемесімен қайта сатып жүр. Бүгінде базардағы баға жергілікті атқарушы биліктің алған шарасымен ғана шарықтап кетпей тұр.

Сонау 1999 жылы тұтынушылар кооперативі туралы заң қабылданды. Оны құру үшін несие алуға болатындығы да айтылды.  Оның үстіне, мұндай мекеме халықтың үстінен табыс табатын коммерциялық құрылым болмауы тиіс. Тұтынушылар кооперативінің басты міндеті мал өнімдерін пайдаға айналдыруға ұмтылған ауыл адамдарына жәрдемдесу болуы шарт. Оған мемлекеттен тұрақты қолдау көрсетілуі керек. Ауыл адамдарының базарда тұрып, сауда жасауға жағдайы жоқ. Демек, осы шаруаны кооперативтер ұйымдастырғаны жөн. 

Маркетинг қызметін жолға қойған жөн. Атырауда отандық және шетелдік мұнай компаниялары жеткілікті. Мұндағы қызметкерлер де әрі сапалы, әрі арзан жергілікті өнімнен қашпайды. 

Міне, айта берсе, ауыл шаруашылығының осындай өзіндік проблемалары бар. Халықтың қолындағы артық сүт пен ет өнімдерін жинап, қалаға жеткізсе де, тиімді болар еді. Қысқасы, Елбасы осы саланы барынша дамытуға қолдау жасап отыр екен, оған нақты іспен жауап бергеніміз жөн. 

Меңдібай Елемесұлы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз