Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Перизат Таңатованың мемлекеттік қызметте алты жыл тəжірибесі бар. Ол қазір аудан əкімі жанындағы əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі.
Аудандағы іскер əйелдермен тығыз жұмыс жасайтын Перизат бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған үш балалы ана. Биыл облыста алғаш рет ұйымдастырылған «Томирис» көшбасшы əйелдер бағдарламасының белсенді қатысушысы атанды.
– «Томирис» – əйелдердің елдің саяси өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында көшбасшылық дағдыларды үйрету арқылы гендерлік теңдіктің əлеуетін арттыруды көздеген бағдарлама. Оған облыстағы белсенді нəзікжандылар қатысты.
Іріктеу кезеңінде Махамбет ауданынан мемлекеттік саясаттағы бес көшбасшы əйел қатысып, бұл бағытта білім жетілдірдік. Төрт күндік жоба аясында теориялық жəне тəжірибелік форматта біраз дүниені меңгердік. Республикалық деңгейдегі спикерлермен еркін пікір алмастық. Көпшілік алдында сөйлеп, қарым-қатынас орнату, эмоционалды интеллектіні дамыту жəне жобаларды басқаруды үйрендік. Жаңа бастама саяси мансапты жетілдіруге көмектеседі. Бүгінде бағдарлама арқылы алған білімімізді ауданда кəдеге асырып жатырмын. Бізге осындай мүмкіндіктер жасауда қолдау көрсетіп жатқан облыс əкімі жанындағы əйелдер істері жəне отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зəмзагүл Хиданқызына алғыс айтамын, — дейді Перизат Таңатқызы.
«Томиристе» білімін жетілдірген ол аудандағы қыз-келіншектердің көшбасшылық деңгейін арттыруда бүгінге дейін 9 ауылдық округте семинар ұйымдастырды. Жуырда Таңдай жəне Ортақшыл ауылында нəзікжандылардың қатысуымен семинар-тренинг өткізуді жоспарлаған. Қазір нəзікжандыларды кəсіпкерлік бағыты қызықтырса керек. Сондықтан олармен басқосуларда мемлекет тарапынан осы салада көрсетілетін қолдаулар туралы көбірек ақпарат берілуде. Бүгінде кəсіп ашып, оны дамытуға талпынған жанға мүмкіндік өте көп.
Қазір Махамбет ауданында 2000-ға жуық кəсіпкер тіркелсе, оның 919-ы, яғни 40 пайызы – əйелдер. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 20,4 пайызға артқан. Кəсіпкерлік саласындағы əйелдердің белсенділігі өте жоғары. Шаруа қожалықтарында да көшбасшы əйелдер бар.
Биыл бизнестің сенімді серіктесі – «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлік палатасы 300-ден астам азаматқа кеңес берсе, оның жартысы – əйелдер. – Бүгінде кəсіпкерлік саласында 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба қолға алынған. Оның бірінші бағыты бойынша стартап жобаларға мемлекет тарапынан 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат беріледі. Аудан бойынша конкурсқа құжат тапсырған 51 азаматтың 16-сы əйелдер. Автоматтандырылған жүйе арқылы құжаттары тексеруден өткен азаматтар өз жобасын комиссия мүшелерінің алдында қорғауда. Бизнес идеяларын іске асырамын деген адамға мемлекеттік қолдаудың тетіктері өте көп. Ең бастысы, адамда алға жылжимын деген ынта-ниет болса болғаны, — дейді Перизат.
Сондай-ақ ол облыста гендерлік саясатты дамытуда «Томирис» сияқты бағдарламаларды жиі ұйымдастыру қажеттігін құптайды. Өйткені, əр ауылда жұмыссыз отырған əйелдер көп. Олар ауылдағы қоғамдық жұмыстармен ғана шектелмеуі тиіс. Əр азамат өзінің əлеуметтік жағдайын арттырып, ауылды түлету үшін өңірде жоқ бизнесті қолға алуы керек.
– Сол үшін тəжірибе алмасу мақсатында басқа облыстардың кəсіпкерлік нысандарына турлар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Мəселен, Алматы қаласында болғанымда, пайдаланылған А4 форматтағы қағазды қайтадан өңдеп, таза парақ шығарып жатқан экожобаларды көрдім. Шымкенттегі кілем шығару зауытында болдым. Шағын ғана цехтан басталған жұмыс бүгінде үлкен табыс көзіне айналған. Осындай жобаларды Атырау өңірінде де кеңінен қолға алған жөн. Қазір бізде жазылған, сызылған парақтар қоқысқа кетіп жатыр. Оны қайта өңдеу деген дүние атымен жоқ. Сондықтан бізде қамтылмаған осындай тың жобаларды жүзеге асырса қандай ғажап?!
Ал адам алға мақсат қойып, іске кіріссе алмайтын асу жоқ. Тек қоғамда тұрғындардың ынтасын арттырып, жігерлендіру – мемлекеттік қызметтің бір тұтқасында жүрген бізге міндет. Осы бағытта аудан əйелдерін көштен қалдырмай, қатарға ілестіруге жұмыстанып жатырмыз. Қазір қайтарымсыз гранттар арқылы біраз нəрсені жүзеге асыруға болады. Құжат тапсыру да толық автоматтандырылған. Олардың цифрлық сауаттылығын арттыруда да жұмыстар қалыс қалған жоқ. Аудан бойынша мемлекеттік орындарда барлығы 11 өз-өзін қамту бұрышы қызмет етеді, — деді ол.
Бұрын кəсіпкерлерді ынталандыру үшін заттай гранттар ұйымдастырылған. Енді соны қайтадан қолға алса, жұмысты жандандыруға болады. Мемлекет тарапынан 400-500 мың теңге көлеміндегі заттай грант беруге толық мүмкіндік бар.
– Мəселен, егер осындай жобалардан шебер əйелдер тігін машинасын ұтып алса, бірден тапсырыс қабылдап, кəсібін бастап кетер еді. Бұл қолында ешқандай инвестициясы жоқ жандар үшін өте қажет қолдаудың бірі, — дейді П.Таңатова.
Жаһандану заманында əйелдер тек ошақ басындағы жұмыспен шектеліп қалмауы тиіс. Халық шаруашылығының барлық саласына араласып, тіпті саясатта да алдыңғы қатардан көрініп жүруі – заманның қажеттілігі. Көшбасшылық қасиет кез келген адамның бойында бар. Тек соған адамның жігерін жанып, ынталандыру Перизат сынды парасатты жандардың қолынан келері сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Махамбет ауданы