ТӨЛЕТАЙ ТАҒЫЛЫМЫ – ҰРПАҚТАР ЖАДЫНДА
Бүгінде осы абзал азамат арамызда жоқ. Ол өмірден тым ерте кетті. Бірақ, ол ашқан, игерілуіне жұмыстанған кен орындары әлі өнім беріп келеді. Демек, тарлан геологтың еңбегі еш болған жоқ. Ең бастысы – Төлетай Нысанов есімі онымен бірге қызмет істегендердің, жерлестерінің жадында мәңгі сақталған. Бәрі де өз ісін ерекше сүйген, мамандығына деген махаббатын адал сақтаған жанның жарқын өмірі жөнінде тебірене айтады. Демек, геологтардың төл мерекесі қарсаңында солардың естеліктерін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен…
Ол уақытпен санасуды білмеді
Төлетай Нысановтың геология саласында қалдырған жарқын іздерінің бірі – оның келешегі зор тұзасты қабатына алғашқылардың қатарында қызығушылық танытуы. Соған дейін геологтар негізінен тұзды күмбездерде ғана жұмыс жасап жүрген. Енді сол кездегі «Қазмұнайгазбарлау» басқармасына тұзасты кен орындарын ашудың мүмкіндігін анықтау міндеті жүктелді. Міне, осы іске бас геолог ретінде Төлетай Қайтбайұлы белсене кірісті.
Жалпы, қазақ жерінен тамаша геологтар шықты. Мәселен, Қазақ мемлекеттік университетінің студенті болып жүргенімде өзімнің әрі ұстазым, әрі ғылыми жетекшім Петр Яковлевич Авровтан көрнекті геолог-барлаушы Нәрен Орынбайұлы Имашевтың есімін естідім. Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында сонау Мәскеуден жоғары білім алған алғашқы қазақтардың бірі екен. Оңтүстік және Солтүстік Ембі кәсіпшіліктерінде жемісті жұмыс жасаған. Сол кезде-ақ терең білімімен, жан-жақты біліктілігімен атағы алысқа жайылған-ды. Кейін Маңғыстау мұнайын ашуда сіңірген ерен еңбегі үшін Ленин атындағы сыйлыққа ие болды.
Міне, осы абзал азамат адам тани білетін. Төңірегіне талантты жастарды жинайтын, оларға сенім білдіретін. Нәрен Орынбайұлы келешегінен үміттеніп, қамқорлық жасаған жастардың бірі – осы Төлетай Нысанов. Қамқорлық дегенде жанынан қалдырмай, кеңседе отыр-ғызып та қойған жоқ. Алдымен өндірісте пісіріп алу үшін Құлсары мұнай барлау экспедициясына жіберді. Жаңа кен алаңдарын ашудың қиындығын көзбен көріп, қолмен ұстауға кеніштерге аттандырды. Сол кезде Каспий маңы ойпатының оңтүстігінде және Солтүстік Үстіртте геологиялық барлау жұмыстары өрістеп жатқан-ды. Төлетай Нысанов сол қайнаған еңбектің ортасына түсті де кетті. Теориялық тұрғыда алған білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік туды.
Сол жылдары Қазақ КСР-ы Ғылым академиясының Қаныш Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының далалық отряд құрамында болған маған Төлетай Қайтбайұлымен жиі жүздесуге тура келді. Бұл кездесулер кезінде біз бұрғылау жұмыстары жүріп жатқан алаңдардың ахуалын ғана емес, болашақ барланатын кеніштердің жайын да әңгімелейтінбіз. Ол келешекке үлкен үміт артатын. Жеті қат жер астының тылсым сырын әлі де аша түсуге ұмтылатын. Таңдаған мамандығын шын сүйген адам ғана осындай болатын шығар.
Кейін, яғни 1973 жылы мені «Қазмұнайгазбарлау» мекемесі орталық тақырыптық партиясының басшысы лауазымына тағайындаған кезде Төлетай Қайтбайұлымен күнде дерлік кездесіп тұрдым және оны бұрынғыдан да жақынырақ таныдым. Өз міндетін жан-тәнімен атқаратын екі адам болса, соның біреуі осы кісі шығар. Ол үшін жұмыс сағаты деген жоқ. Уақытпен санасуды да білмейді. Кеңсеге бәрінен бұрын келіп, ең соңынан шығады. Рас, геологиялық қызметке басшылық жасау да жеңіл емес, атқарар ісі де ауқымды.
Сайып келгенде, Төлетай Қайтбайұлының «Каспий маңы ойпаты мен Солтүстік Үстірттегі мұнай іздеу және барлау жұмыстарын жүргізуге тіркеу және ұсыныстарды ендіру картасын құрастыру» есебі тәжірибе жүзінде мұнай іздестіру жұмыстарының барысында ғылым мен өндірістің байланысына терең талдау жасауға нақты әрекет етілген күллі Қазақстандағы алғашқы құжат болды. Қаншама ғылыми институттардың зерттеулері талданып, бір арнаға жинақталды. Шындығын айтқанда, ол кезде ғылыми ұжымдар материалдық ынталандыру жеткілікті болмағандықтан, өздерінің ұсыныстарының тағдырына да аса алаңдамайтын. Өндірістің мүмкіндіктері жеткілікті ескерілмегендіктен, геолог-барлаушылар да сол ғылыми ұсыныстарға жете көңіл аудармайтын. Міне, осы олқылықтардың орны Төлетай Қайтбайұлының тікелей қатысуымен жасақталған ғылым мен өндірістің бірлігін бекіткен алғашқы құжат нәтижесінде толықты. Сөйтіп, кейін дайындалған ғылыми тұжырымдамалар нақтылығымен және өндіріске тиімділігімен ерекшеленді.
Әттең, ғұмыры ерте үзілді. Әлі де талай алаңдарды ашуға күші де, қуаты да жететін еді. Бірақ, оның есімі замандастарының жадында мәңгілік сақталады. Ол Бозашы кен орнын зерттеуге де көп еңбек сіңіріп еді. Төлетай Нысанов қайтыс болғаннан кейін осы кенішті ашушыларға КСРО Мемлекеттік сыйлығының берілуі де аталмыш кен орнының қаншалық маңызды екендігін көрсетсе керек.
Кеңестік кезде белгілі мамандарды дамушы елдерге іссапарға жіберу үрдісі болды. Төлетай Қайтбайұлына да осындай ұсыныс айтылды. Бірақ, ол үзілді-кесілді бас тартты. «Біздің елімізде де атқаратын шаруа көп және маған берген тәрбиесі мен білімі үшін мен мемлекет алдындағы борышымды әлі өтегенім жоқ» дейтін ол.
Міне, Төлетай Қайтбайұлы осындай патриот болатын. Бүгінде оның атындағы Нысанов кенішінен өнім өндіріліп жатыр. Ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Олег ТУРКОВ,
Қазақстан Республикасы жер қойнауларының Құрметті барлаушысы.