Жарнама
Экономика

ТКШ реформасы: Атырау экономикасына әсері

Алдағы аптадан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жаңа заң күшіне енбек. Бұл өзгерістер Атырау қаласының экономикасына да, тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да әсер етеді. Өйткені қаладағы көпқабатты үйлердің 80 пайызы – 2000 жылға дейін салынған ескі баспаналар. Мұндай үйлерде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады.

«ТКШ басқарушы, сервистік компаниялардың бірлестігі» қауымдастығының атқарушы директоры Гүлнар Салихованың айтуынша, қолданыстағы тариф халыққа да, компанияларға да қолайсыз. Жаңа заңға сәйкес, енді әр үйдің жеке есепшоты ашылып, жиналған қаражат тек сол үйдің өзіне ғана жұмсалады. Бұл жағдай әсіресе ескі үйлердің тұрғындары үшін ауыр тиеді.

Қазіргі тариф – бір шаршы метрге 45 теңге. Ол 2020 жылдан бері өзгермеген. Алайда осы уақыт ішінде Атырауда баға да, жалақы да айтарлықтай өсті. 2020 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңге болса, қазір 85 мың теңгеге жетті. Бірақ тариф сол деңгейде қалып отыр.

Гүлнар Салихованың айтуынша, бұл басқарушы компаниялардың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруде. Өйткені қызмет көрсету құны қымбаттағанымен, кіріс өспеген. Соның салдарынан компаниялар банкрот болудың алдында тұр.

Экономистердің пікірінше, мұнайлы өңір саналатын Атырауда табыс деңгейіндегі айырмашылық жоғары. Бір бөлігі жаңа үйлерге көшіп, тұрмысы түзелсе, екінші бөлігі – ескі баспаналарда тұратын әлеуметтік әлсіз топтар. Егер тариф мәселесінде тиімді шешім табылмаса, жаңа заң олардың жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button