ТЕЗЕК ТЕГІН ТЫҢАЙТҚЫШ ЕМЕС ПЕ?

Ежелден мал бағып, төрт түлікті тіршілік көзі санаған ата-бабаларымыз малдың етінен бастап сүйегіне дейін пайдаға асырды. Тезегін отын ғып жақты. Күбірін тыңайтқыш ретінде пайдаланды. Бұдан қоршаған ортаға  зиян келген жоқ. Сол себепті салық төлеу туралы сөз де қозғалған жоқ. Қазір заман өзгерген. Жаңа технология, жаңа көзқарас, тың әдіс, әйтеуір, ауыл шаруашылығы саласы қарышты дамып келе жатыр. Баяғыдай қи жағып, үй жылытып, тамақ пісіретін уақыт қалғалы қашан. «Көгілдір отын» маздап тұр.

Қай істің де ұтымды, ұтымсыз жағы болатыны заңдылық. Отын ретінде пайдаланудан  қалған мал тезегі қалай-солай шашыла бастады. Өзен-көлдерді ластап, экологияға елеулі зиянын тигізгені де жасырын емес. Деректерге көз салсақ, мал жеген азығынан 40 пайыз органикалық зат, 50-70 пайыз азот, 80 пайыз фосфор, 95 пайыз калийді қимен бөліп шығарады екен. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін төлемақы ставкалары туралы Қазақстан Республикасы Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер  кодексінің 495-і бабына сәйкес осы қалдықтарға салық бекітілген.  Ал, біздің айтпағымыз – осы мал тезегін егін шаруашылығына пайдалану жайы.

Шаруа қожалықтары жыл сайын минералдық тыңайтқыштар сатып алу үшін дотация алады. Бүгінгі күні экологиялық таза тыңайтқыштардың құны  өте бағалы. Өйткені, кім болса да табиғи таза өнімдерді алып, сапалы азық-түлік алуға ұмтылады. Дамыған елдер халқы химикатты көкөніс жеуіне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Сол себепті де малдың қи-тезегі табиғи тыңайтқыш ретінде шет  мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие, бағасы да қымбат. Мәселен, химиялық қоспа себілген жерге қарағанда, табиғи тыңайтқыш пайдаланған жерден екі есе мол өнім алынады. Әрі сапасы жоғары болады.

 –  «Павлодар облысында көңді өңдеу жұмысы тым тәуір жолға қойылған. Арнаулы жасақталған алаңға шаруа қожалықтары жас көңді жинап, кептіріп, үгітіп, егін алқаптарына жібереді. Өңдеу технологиясына сай әбден өңделген тыңайтқыш экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, біздің шаруашылықтарымыз қолда барды ұқсатудан гөрі, қаржы шығарып басқа жақтан тыңайтқыш алуға мүдделі.

Біздің аймақ – өндірісті өлке. Ірі өндіріс орындарында да табиғатты қорғау, көгалдандыру  іс-шаралары бар. Оған қаржы қаралады. Олар да тыңайтқыштарды шеттен алуға мәжбүр. Бұны айтып отырған себебім – бау-бақша, өсімдік шаруашылығымен айналысатындар үшін тыңайтқыштар әзірлеп, оны сақтайтын бизнес құрылымдар ашылса деген ой тастау. Малдың жүні мен терісін қабылдайтын арнаулы жерлер бар емес пе? Сол сияқты малдың жаңа түскен жапасынан бастап кепкен тезегіне дейін қабылдайтын пункт ашылса, өңдеуден өткізетін арнаулы орындар жасақталса, ауыл жұрты  мәжбүрлеусіз-ақ «қоршаған ортаға зиянды дүниені» өздері жинап тапсырар еді деп ойлаймын, – дейді Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Қанат Қалмахан бізбен әңгімесінде.

Жаны бар сөз. Елді мекендердің айналасында шашылып жатқан көң мен қи – бау-бақшаға табылмайтын тыңайтқыш.  Құрманғазы ауданының Арна ауылынан хабарласқан бір оқырманымыз: «Бұрын біздің ауылда мал айдайтын загондар болды. Оларды баяғыда бұзып тастаған. Бұрынғыдай емес, қазір әр үйде «көгілдір отын» бар. Малдың тезегін апарып далаға төккеннен басқа амал жоқ. Нәтижесінде ауыл ішіндегі мал жапасынан аяқ алып жүре алмайсыз. Далада да дәл осындай жағдай. Тіршілік жалғасып жатыр. Енді бірнеше жылдан соң тау-теке болып үйіліп қалған мал тезегінің астында қалуымыз әбден мүмкін-ау деп те ойлаймын кейде» деп өз ойымен бөлісті.

Шындық сол, біздің өңір өз топырағынан өнген сапалы көкөніске зәру. Құрт түспейтіндей, тауарлық өңін бермейтіндей етіп өңдеп, арнаулы қапшықтарға салып, әрісі сонау Африкадан келген жеміс-жидектер мен көкөністер, обалы не керек, қысы-жазы дүкен сөрелерінен арылмайды. Бағасына қарап жатқан ешкім жоқ, қалдері келгенше жұртшылық дәруменді тамақ болғасын сатып алып жатады. Ал, жаз шығып, бақша өнімдері пісті-ау деген шамада базар аралап, жергілікті өнімдерді іздей бастаймыз. Біреулер «нитраты көп, мынаусын мезгілінен ерте пісірген» деген сияқты уәж айтып жатқандарын да құлағымыз шалған. «Жер өнімінің құнарлы болуы тыңайтқышқа байланысты» дейді мамандар. Осы орайда шаруа қожалығының басшысы Сағытжан Құлмахановқа жолығудың сәті түсті.

Көршілес Қарақалпақстаннан 2008 жылы туған жерге қоныс аударған Сағытжан ағамыз –жоғары білімді, экономист. Сөз саптауынан сауатты, өз мамандығына қоса бау-бақша шаруашылығының да шебері болып алғандығы көрініп тұр. «Қара жер де шаршайды, ескіреді. Оны да әлсін-әлсін сауықтырып тұру керек. Жер екен деп төпелеп егін сала берсек, ол жерден сапалы өнім алу неғайбіл. Ең алдымен жердің бабын тапқан дұрыс. Ал, жердің күйі тыңайтқышпен кіреді. Жақсы тыңайған жер сапасы жоғары, мол өнім беруге қабілетті. Мен 2008 жылдан бері бау-бақша салып келе жатырмын. Осы жылдар ішінде бар болғаны бір тонна ғана көң cатып алыппын. Негізінен өзіміз дайындаймыз. Химиялық қоспаларды пайдаланбаймыз. Нәтижесінде біздің өнімдеріміз табиғи. Сол себепті де бізде егістік жерді көңмен тыңайтуға аса мән беріледі. Жиналған көңге қажетінше селитра, балшық қосып, су құйып үстін мықтап бітеп тастаймыз. Мұны «компас» деп атайды. Бұл үйінді 2-3 жыл бойы шіріп, бойындағы арам шөптері, басқа да жәндіктердің қалдықтары әбден өлгенше жату керек. Мұндай үйінділер артығымен жасалады. Дайын болғандарын пайдалана береміз. Арнайы арық қазып, дайын өнімді алқаптарға сумен бірге жібереміз. Қажет деп тапса, құрғақ күйінде үгітіп салуға да болады. Бұл біз үшін аса таңсық әдіс емес. Бір жағынан үнемді. Айналамызда мұндай қоспа дайындап, қолдану әдісін бізден басқа пайдаланып отырған шаруашылықтар бірен-саран бар болуы мүмкін. Бұл жердегі кездесіп отырған бір қиыншылық мал тезегін жинауда болып отыр. Ауыл тұрғындары бұл мәселеде аса құлықты емес. Алыстан арбалап, қыруар қаржы жойып, ішінде қылшық-қыбыры араласқан сапасыз тыңайтқышты алғанша өз жеріміздегі мүмкіндікті пайдаланғанға не жетсін», – дейді ол. Сағытжан аға бұдан әрі дәруменді тағамның тұрғындар дастарқанына таза күйінде жетуі туралы көптеген пікірлерін ортаға салды.

Бұдан әрі сұхбаттас болған «Сабуров» шаруа қожалығының басшысы Едіге Сабуров та әріптесінің айтқан ой-тұжырымдарын толықтай мақұлдады.  «Біз биыл бірінші рет қарапайым қондырғы арқылы биотыңайтқыш алып, пайдаланып отырмыз. Бұған қоса биогаз алу мүмкіндігі де бар. Оңтүстік өңірлерде мұндай биогазды шаруашылық үшін қолданып отырғандар жетіп артылады. Нәтиже ойдағыдай. Шындығы керек, химиялық тыңайтқыштардың мөлшерін анықтап отыратын агрохимик мамандар бізде жоққа жақын. Сондықтан, егер тыңайтқыш тиісті деңгейден көп не аз салынып кетсе, өсімдіктің сапасына әсер етеді. Ал органикалық тыңайтқыштар қанша салса да көптік етпейді. Әрі өнім зиянсыз, еш қоспасыз тұтынушыларға таза жетеді. Міне, біздің  ұтарымыз осы», – деді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекенов  әңгіме арасында  көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін айта келіп: «Көң – органикалық тыңайтқыш. Оның пайдасының зор екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Қолдан дайындалған тыңайтқыш ең бағалы болып есептеледі. Ол – химиялық қоспаларсыз өнім алудың бірден-бір жолы. Осыны терең түсінген біздің кәсіпкерлеріміз де бұл іске оң бағасын бере бастады. Мысалы, «1 мамыр» ЖШС-інде көңді өңдеп, арнайы қапшықтарға салып, сатуға шығаруға алғышарттар жасалып та қойды», – деді.

Бір сөзбен айтқанда, жерді құнарландыру – әлі де тиісті деңгейде шешілмей жатқан, назар аударуды қажет ететін нәрсе. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру туралы Елбасы өз Жолдауында да, басқа да алқалы басқосуларда жиі айтып келеді. Демек, қолда барды ұқсату – бүгінгі күннің талабы.

 Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз