«Тесік астау» жанында…
Қазір экономиканы әртараптандыруға жұмыстанғанмен, әзірге елдің басым бағыты – мұнай экспорты болып отыр. Елімізде 1991 жылдан бері «қара алтын» өндіру көлемі 2 млрд. тоннаны құрайды. Қайткен күнде де, біз қазба байлыққа әлі де тәуелдіміз. Жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында бастамалар қолға алынғанымен ол әнебір ауыз толтырып айтатындай емес.
Қазақстанда өндірілетін шикізаттың 55 пайызы – Атырау облысының үлесінде десек, бүгінде аймақтың мұнай-газ саласында 95 мың адам жұмыс істейді. Бұл салада халықтың шамамен 30 пайызы еңбек етеді. Негізгі өндіріс көздері – Теңіз және Қашаған ірі кен орындары екені белгілі. Қазір Теңіз кен орнында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жоба – Келешек кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Жоба толық жүзеге асқанында ол өндірісті жылына 12 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді екен. Қазір бұл жұмыстар 93 пайызға аяқталған.
Өткен жылы облыста осы мақсатта еліміздегі ірі мұнай өндіруші компаниялармен 2021-2025 жылдарға арналған Меморандум жасақталып, машина құрылысын дамыту бағытында халықаралық орталық қауымдастығы құрылған болатын. Жалпы, аймақта бірлескен кәсіпорындардағы қазақстандық мазмұнды арттыру жолында біраз шаруа атқарылғанымен, кейбір проблемалар жабық күйінде қалды. Айталық, мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсету, өндіріске қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін компаниялардың басым бөлігі – сол баяғы шетелдік серіктестердің еншісінде. Алпауыт кәсіпорындардың жерімізде жұмыс істегеніне отыз жылдан асса да, біз әлі күнге дейін сыртқа «көз сатып» келеміз.
Иә, «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры Әсет Мағауовтың баяндауынша, құрылым төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни, мәліметтерді жинақтау, әлеуетті дамыту, инвестиция тарту – жаңа қауымдастықтың басты қызметі болып табылады. Бұл ретте құрылым ірі кәсіпорындарға қызмет көрсететін жетпістен астам компания арасында сауалнама жүргізіп, «бас қайғыға» айналған басты мәселелерді анықтаған.
Рас, сең қозғалды. Десек те, статистика көңіл көншітпейді. Отандық кәсіпорынның ірі операторлардың «ортасына» кіру әлі күнге «қол жетпес» арманға айналып отыр. Басты себеп, жергілікті компаниялардың қолында халықаралық сертификаттардың болмауы, сапалы кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, жергілікті индустрияның үш оператордың жобалау жұмыстарымен толық таныса алмауы. Бұған кедендік жеңілдіктің теңсіздігін қосып қойыңыз. Осындай кедергілер жергілікті тауар өндіруші, қызмет көрсетуші компаниялардың қанатын кеңге жаюына мүмкіндік бермей отыр.
Ал, еліміздегі мүйізі қарағайдай мұнай өндіруші кәсіпорындар жергілікті қамтуды дамыту бойынша бірнеше бастаманы қолға алғандығын айтады. Мәселен, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының жобаларды жүзеге асыру жөніндегі директоры Оскар ван дер Вейденің айтуынша, 1997 жылдан бері бірлескен кәсіпорын 30 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсаған. Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілетін газдың шамамен 35 пайызы, мұнайдың 33 пайызы – бірлескен компанияның еншісінде.
– 2025 жылдың наурыз айында Қарашығанақ газы бойынша өндірістік шектеуді алып тастау жобасын уақытынан бұрын аяқтадық. Бүгінгі таңда газды кері айдау бойынша төртінші компрессорды іске қосу бағыты бойынша жұмыстар басталды. Әрбір жоба басталған сәтте жергілікті қамту жайына баса назар аударамыз, — дейді ол.
«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері мұнай-газ секторы бойынша «сатып алулар» үлесінің басым бөлігі отандық компанияларға жүктелгенін атап өтті. Десек те, Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Жүребеков Атырауға келген сапарының бірінде мүлде басқаша пікір білдірген еді. Ол осыдан 5-10 жыл бұрынғы көрініс әлі сол күйінде қалып отырғанына қынжылыс білдірген болатын.
– Өкінішке қарай, біз үш ірі жобаның базасында индустрия құра алмадық. Еліміздегі мұнайдың 70 пайызын өндіретін кәсіпорындардың айналасында мұнай сервисінің дамуы көңіл көншітпейді. Ең болмағанда, орта, шағын кәсіпорындар секілді жобаларды жүзеге асыра алмадық. Әрине, өндірісте белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға болмайды. Десек те, жергілікті қамту бойынша атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бермей отыр. Байқағанымдай, үш ірі жобада да нақты ұсыныстар жоқ. Негізінен, мұндай шара кезінде біздің компаниялар іске асыра алатын тапсырыс айтылуы тиіс. Ал, бұл жолы мұндай ұсыныстар жоқ. Сондықтан, бұл мақсаттағы жұмыстарымызды жүйелендіру керек. Біздің мұнай индустриясында алға қарай нық қадам жасауымызға әлі уақытымыз бар. Проблемаларды анықтап, оны шешуге жұмыстануымыз керек. Біле білсеңіз, бұл операторлар жерімізде жұмыс істеуді жалғастырады. Қазірден бастап қамданбасақ, тесік астаудың жанында қалуымыз ғажап емес, — дей келе Мұрат Жүребеков «қара алтын» өндірумен айналысатын елдерді үлгі етті.
Мысалы, Ресейдің Татарстан, Башқұрстан секілді республикалары құбыр желілерін жергілікті өнімдермен әлдеқашан алмастырған. «Қажет болса, қолмен басқару жүйесін енгізу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қазақстандық мазмұнды дамыту – маңызды міндет болып қала бермек» дейді ол.
*Сіз не дейсіз?
Қолжетімді шикізат – өтімді өнім кепілі
Андрей КИМ, «УльтраСтаб» компаниялар тобының коммерциялық директоры:
– Біз Атырау қаласында геосинтетика өндіреміз. Негізгі шикізатымыз – полиэфир, полиэтилен, полипропилен. Осыдан екі жыл бұрын маусым айында ашылған компания өткен жылдың қорытындысында Атырау қаласында «үздік өндіруші» болдық. Өткен жылы республика бойынша ең үздік экспорт бағыттаушы ретінде «Ұлы дала елінен» жеңімпаз атандық. Біз полипропиленді көршілес Ресейден алып келген едік. Енді «КРІ»-дан тасымалдайтын боламыз. Бұл логистика жағынан өте тиімді.
ТМД елдері арасынан полипропилен өндірісінен екінші орынға шыққанымыз қуантады. Әзірге тапсырысқа байланысты жылына 20 мың тоннадай полипропилен алуды жоспарлап отырмыз. Оның үстіне біздің өндіріс арнайы экономикалық аймақта орналасқандықтан «КРІ» зауытынан арақашықтығымыз – 20 метр. Демек, бізге шикізат қолжетімді. Қазір Әзербайжан, Қырғызстанға өнімімізді экспорттасақ, енді сапалы әрі бағасы да басқаларға қарағанда арзандау тауарымызды өзге елдерге де сатамыз деген ойдамын. Осылайша, жергілікті компаниялардың үлесін арттырудамыз.
Айбөпе САБЫРОВА
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ