Жарнама
Экономика

ТЕГІН ҚАРАЖАТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы мемлекеттік грантты бөлу тәртібін түсіндірді.

Мемлекеттік грантты ұтпай қалған кәсіпкерлерге арнайы мамандар ресми жауап берді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. Осыған сәйкес, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жанабеков шағымданушы кәсіпкерлерге жауап беру үшін жергілікті  кәсіпкерлерден, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерінен құралған комиссия мүшелерімен бірге жиын өткізді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде атыраулық 360-қа жуық кәсіпкердің жобасы мемлекеттен бизнеске берілетін қайтарымсыз ақшаны ұтпағаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Солардың бірі — ІІ топ мүгедегі Мейрамбек Бауыржанұлы. 10 жылдан бері  халыққа қызмет көрсету орталығында әлеуметтік сала менеджері қызметін атқарып келеді. Ол қоғамның әлсіз топ өкілдерімен жұмыс тәжірибесін одан әрі жалғамақ мақсатта алғаш рет 5,5 млн теңгелік «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді сервис қызметі» жобасын ұсынған.

— Мен жобамды грант талаптарына сәйкес ұсындым. Шартта көрсетілгендей инновациялық,әлеуметтік бағытты қамтиды. Мұндай адамдармен жұмыс жасау тәжірибем де бар. Сондықтан республика бойынша бұрын-соңды болмаған жоба ұсындым. Неліктен грант ұтпағанын түсінбеймін. Соның себебін білгім келеді,-дейді Мейрамбек Бауыржанұлы.

⁃ Өткен жылмен салыстырғанда осы жылы өтінім берушілер саны 3 есеге өсті. Мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз қаржыға облыс бойынша 392 жоба ұсынылып, 37 адамға оң жауап берілді. Барлық ұсынысты қанағаттандыру үшін шамамен 2 млрд теңге қажет. Ал өңір бойынша биыл  106 млн теңге қаржы бөлінді. Біз оны игеру үшін Үкімет қаулысымен бекітілген  арнайы ережеге сүйенеміз. Яғни, 27 млн жастарға, 15,8 млн қоғамның әлсіз топ өкілдеріне, 63,2 млн қалған жобаға бөлінуі шарт. Осы жылы грант беру тек “Qoldau.kz”  порталы арқылы толық автоматтандырылған жүйеде өткізілді. Жобалар комиссиямен Ережеде бекітілген критерийлерге сәйкес бағаланды,-деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.

Ал, Дамбы ауылының тұрғыны Света Өтеғалиева бес жылдан бері киім тігу ісімен айналысып келеді. Қарамағында еңбек ететін төрт тігіншінің үшеуі көп балалы.Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа үш жыл қатарынан «Ер адамдардың киімін тігу» бойынша бизнес жоспарын тапсырып,  тек биыл 2,4 млн теңге ұтып алғанын айтты.

— Маған жобамды іске асыру үшін Комиссия шешімімен 2,4 млн.тг. мақұлданды. Барға шүкір етіп, берілген ақшаға тігін цехымның жұмыстарын ыңғайлауды жоспарлап отырмын. Мұнда «грантты беру барысында ашықтық жоқ» деген пікірге келіспеймін. Өйткені, комиссия мүшелерін мүлде танымаймын.

Арнайы мамандар жобасы өтпей қалған кәсіпкерлерге келесі жылы қайта тапсырудың мүмкіндігін іздеуге және жобаларды іске асыру үшін республикалық және жергілікті басқа да бағдарламалар бар екендігі жөнінде кеңес берді. Жоба ұсыну барысында кәсіп бастаушылар сайтпен жұмыс жасауда қиындық тумас үшін «Атамекен» ҰКП-нан арнайы мамандар бекітілгенін қаперге берді. Сонымен қатар, жиында айтылған арыз-шағымдар наразға алынып, ол жобаларды басқа бағдарламалар аясында жүзеге асыруға көмектесу  үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button