Теңге және доллар: таразы басы теңесер ме екен?

9aaf658cf1eebe35c3ff158ea00 Экономика

9aaf658cf1eebe35c3ff158ea00

«Жасыл қағаздың» дүрбелеңі

Америка долларын ауызекі әңгімеде осылай атайды. Сөз жоқ, АҚШ әлемде экономикасы ең дамыған елдердің көшін бастайды. Одан кейінгі орынды Қытай мен Жапония кезек иеленгенімен, мұхиттың ар жағындағы алпауытқа жете алмауда.

Әйтсе де, бүгінде азиялық екі ірі мемлекет сыртқы саудада доллардан бас тартуда. Сонымен қатар, Түркия, Бразилия, Иран мен Чили американ ақшасын қолданбайды. БРИКС елдері де одан біртінде арылып келеді. Ал, Сирия «жасыл қағазбен» сауданы 2013 жылы доғарған-ды. Мұнда тіпті шетел валютасын пайдаланған адам он жылға сотталады. Міне, осындай қатаң шара белгіленген.

Қазақстандық сарапшылар 2012 жылы-ақ мұнайдың сыртқы саудасын доллармен емес, теңгемен жүргізуді ұсынған-ды. Өкінішке қарай, бұл бастама сол шақта қолдауға ие болмады. Араб және Оңтүстік Америка елдері «қара алтын» құнын американ ақшасымен бағамдайды. Мүмкін біз де соған еліктеген шығармыз. Әйтсе де, енді өз валютамызды көбірек қолдануға бетбұрыс жасалуда. Ұлттық банк мамандары салымды тек теңгемен жүргізген жөн екенін айтады. Алайда, ауызша үгіт пәрменді болар ма екен? Мүмкін долларды уыстап ұстап отырған адамдарға уақыт беріп, сол мерзімде оны теңгеге немесе басқа валютаға айырбастауды міндеттеген дұрыс шығар?

Жалпы, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа, Шанхай бестігіне, тағы басқа да ұйымдарға мүше болғандықтан, әріптестерімен санасуы тиіс. Яғни, олар қай валютаға басымдық берсе, біз де соны қолдануымыз қажет. Рас, еліміздің алтын-валюта резервінің 60 пайызы доллармен бағамдалады. Дәтке қуат берері – бұл көрсеткіштің жыл санап төмендеп келе жатқаны. Әйтпесе, сонау уақытта 80-90 пайызға дейін жеткен көрінеді. Сонымен сараптағанда азды-көпті жетістігіміз бар.

Мамандардың айтуынша, дәл қазір доллардан үзілді-кесілді қол үзуге әлеуетіміз әлсіздеу. Оған тыңғылықты даярлық қажет. Елді индустрияландырудың және ішкі капиталды интеграциялаудың тың саясаты керек. Теңгеге қуат беретін күш ретінде ұлттық экономикамыз дамуы шарт. Дегенмен, АҚШ долларының жағдайы бұдан бес-алты жыл бұрынғымен бағамдағанда төмендеу. Қазір ол ақпараттық науқанның күштеуімен, кейбір елдердің мәжбүрлігімен қуатын сақтап отыр. Ендеше, одан түпкілікті арылудың сәті түскен тәрізді. Ал, бұл Қазақстанға не береді?

Тағы да сарапшылар сөзіне жүгінсек, мұндай жағдайда экономикамыздың оффшорлануынан, сыртқы қарыз қамытынан құтылар едік. Қазір кейбір саясаткерлер елімізде еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін борышкер екендігін айтып, дабыл қағуда. Ал, шетелдіктер құрып алған оффшорлық кәсіпорындар отандық өндірістің адымын аштырмайды. Жалпы, Қазақстан сыртқы сауда операцияларында ұлттық валютаға көшсе, американдықтар республикадағы мұнай активтерін өздері-ақ тапсыруы ықтимал. Өйткені, өндірілген «қара алтын» үшін теңгемен төлеу қажеттігі туғандықтан, оны еліміздің банктерінен сатып алуға мәжбүр болады. Ал, бұл инвесторды қанағаттандыра ма екен?

Жалпы, АҚШ долларының әлемдік нарықта белең алуына не себеп? Ол қалай қуатты күшке айналды? Тарихты таразылап көрсек, ертеде сауданың алтынмен ғана жүргенін көреміз. Бірақ, оның көлемі шектеулі еді. Сондықтан, қытайлар ХІІ ғасырда қағаз ақша ойлап тапты. Ал, Наполеон жорығынан кейін алтынның көп бөлігі Англия меншігінде қалды. Әйтсе де, қос дүниежүзілік соғыстан соң ол АҚШ қолына көшті. Кезінде Шарл де Голль Франциядағы барлық долларды алтынға айырбастауды ұсынғанда американдықтар әрең көнген-ді. Кейін АҚШ президенті Никсон американ ақшасын алтынмен бағамдаудан бас тартты. Қазір доллар да еш нәрсемен қамтамасыз етілмеген. Демек, одан қорқудың қажеті жоқ.

Кейбір қаржыгерлердің пікірінше, валютаны ырықтандыру теңгеге қорған бола алмайды. Бұған дейін сондай қадамға барып, үлкен қателікке жол беріппіз. Енді теңгені нығайтудың нақты қадамдарын жасауымыз қажет. Яғни, көлемді сауданы, тіпті автокөлік пен пәтер сатып алуды қолма-қол ақшаға емес, банк шоттары арқылы жасау керек. Өйткені, қазір теңгеміз жалақы мен жәрдемақыға, күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлікке төлеу тәрізді ұсақ айналымда жүр. Ірі сұраныста жоқ. Сондықтан, Елбасы іргелі компаниялар мен коммерциялық банктерге «валюталарыңды нарыққа шығарыңдар» деген ұсынысын айтты. Демек, еліміздегі барлық қаржылық операция тек қана теңгемен жүргізілуі тиіс. Мемлекет басшысы жақында Шанхай бестігіне мүше елдерге де қаржылық қарым-қатынасты ұлттық валютамен жасауға бастама көтерді.

Бүгінде теңге бәсінің төмендеуіне бірнеше себеп бары айтылады. Мәселен, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің пікірінше, Ресейге қарсы санкцияның одан әрі өршуі, мұнай бағасының төмендігі, әлеуметтік шығындардың артуы, тағы басқалары ұлттық валютамыздың құнсыздануына соқтырды.

Ресей, біздің негізгі әріптесіміз саналады. Республикаға тасылатын барлық тауардың 30 пайызы осы көршіміздің еншісінде. Одан кейінгі орындарды Қытай, АҚШ және Еуропа елдері алады. Демек, рубль бағамы түссе, теңге де арзандайды. Бұл, әрі, қажет нәрсе. Әйтпесе, екі ел арасындағы саудада теңсіздік қалыптасады. Бұдан экспортымыз да, импортымыз да зиян шегеді. Бұдан біраз жыл бұрын Ресей ақшасы бір долларға шаққанда 71 рубльге құнсызданғанда, жерлестеріміз сол жақтан автокөліктер мен басқа да тауарларды көптеп тасып, отандық өндірісті тұралата жаздаған. Үкіметке шұғыл шара алуға тура келген.

P.S.Тарих қойнауынан бізге жеткен тәмсілге қарағанда, күші басымдау бір ел әлсіздеу көршісіне «ақшаларыңа біздің патшаның суретін саласыңдар» деген талап қояды. Әйтпесе, шабуыл жасап, халқын қырғынға ұшырататынын айтады. Бірақ, бұлар көнбеген. Ақшадан айырылу тәуелсіздігін де жоғалту екендігін түсінген тұрғындар одан да майданда қаза тапқанды дұрыс көрген. Төл теңгемізді біз де солай қастерлеуіміз керек.

Ұлттық валюта айналымға алғаш шыққанда оның бір долларға шаққандағы бағамы 4,75 теңге болып бекітілгенін бүгінгі ұрпақ білмейтіні өз алдына, аға буын да ұмытқан шығар. Алайда, араға екі ай салып, ол он беске жеткен-ді. Ал, 1999 жылы теңгеміздің ноқтасын сыпырып, еркіне жіберу салдары айырманың 120-140-қа бір-ақ секіруіне соқтырды. Міне, содан бері шетел валютасы қымбаттап, өз ақшамыз арзандап келеді.

Меңдібай Сүмесінов

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз