ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ
Тәуелсіз мемлекеттер достастығының сыртқы шекарасын қорғауда тәжік-ауған аймағында бірінші жауынгерлік тапсырманы орындаған алғашқы қазақстандық жеке құрама атқыштар батальонының құрылғанына 22 жыл толуына орай Исатай-Махамбет алаңында салтанатты жиын өтті.
Тәжік-ауған шекарасында бейбітшілік орнату мақсатында жүргізілген әрекеттер сегіз жылға созылды. 1993-2001 жылдар аралығында 35 қазақстандық әскери қаза тауып, көбі жарақаттанды.
— Сегіз жылға созылған бітім-гершілік операциясы барысында содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда, отыздан астам қазақстандық сарбаз қаза тауып, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8755 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді. Қаза болған жауынгерлердің есімдерін ұлығылау мақсатында Шымкент қаласындағы Жеңіс саябағында монумент орнатылды. Біздің өңірде де облыс, қала басшылығы осындай шараларды өткізуге қолдау көрсетуде. Биыл мамыр айының 9-ы күні Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында облыс әкімінің қамқорлығымен тәжік-ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылады. Қолдарында қарулары бар екі жауынгердің бейнесінде жасалған ескерткіштің биіктігі — төрт метр. Мұндай қолдау үшін сол жылдары ұрыстарға қатысқан, қаза болған жауынгерлер мен олардың ата-аналарының атынан облыс, қала басшылығына алғыс білдіремін. Сондай-ақ, әр жылдың 7 сәуір мен 7 мамыры аралығында «Ерлік айлығын» ұйымдастыруды ұсынамын, — дейді аталмыш жауынгерлік іс-қимылдарға және әскери қақтығыстарына қатысушылар мен ардагерлер одағының республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, подполковник Мұрат Мұхамеджанов.
Жиын барысында республикалық «Жауынгерлік бірлік» одағы төрағасы, запастағы полковник Сергей Пашевичтің Ауған соғысы ардагерлерін марапаттау жөніндегі бұйрығымен «Тәжік-ауған шекарасындағы қызметі үшін» Жасұлан Есқайыров, Жасұлан Өтепов және Жеткіншек Сейдалиевтер ескерткіш медальмен наградталды. Сонымен қатар, тәжік-ауған соғысы ардагерлері де марапатталды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген автор.