ТАРИХТЫ ТАРАЗЫЛАҒАНДА

1993 жылы 15 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес ұлттық валюта - теңге айналымға енгізілді. Жаңа үлгідегі купюраларды әзірлеуге ақша шығаруда төрт жүз жыл тарихы бар Ұлыбритания елінің «Харрисон және ұлдары» банкнот фабрикасы таңдалды. Қағаз ақшаның көркемдігі суретші-дизайнерлер тобымен (Т.Сүлейменов, М.Әлин және А.Түзелханов) жасақталды. Онда 1 теңгеде - Әл-Фарабидің, 3 теңгеде – Сүйінбай Аронұлының, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлының, 10 теңгеде –Шоқан Уәлихановтың, 20 теңгеде – Абай Құнанбайұлының, 50 теңгеде – Әбілхайыр ханның, 100 теңгеде – Абылай ханның портреттері бейнеленген.

 

Ұсақ ақша – тиындар бастапқыда қағаз түрінде шығарылды. Бір теңге номиналы 1, 2, 5, 10, 20 тиыннан тұрды.
1994 жылы ұсақ қағаз тиындардың орнына номиналы 2, 5, 10, 20 және 50 тиындық латунь монеталар, соңынан 1, 3, 5, 10, 20 теңгелік никель монеталары айналымға қосылды.
Осы жылдың 1 наурызынан бастап 200 теңгелік, ал 1994 жылғы 27 шілдеде 500 теңгелік банкноттар айналымға шығарылды. Бұл банкноттар «Әл-Фараби» сериясы деп аталды.
1995 жылғы мамыр айында Алматыда елдегі қолма-қол ақшамен қамтуды толықтай қамтамасыз ететін Ұлттық Банкінің банкноттық фабрикасы ашылды. Номиналдық құны 1000 теңгелік банкнот айналымға шықты. Алғашқы мерейтойлық күміс ақша – Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толу құрметіне шығарылған бес түрлі күміс теңгеліктер.
1996 жылы ҚР Ұлттық Банкінің мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалуы бойынша міндеттері жаңадан құрылған Республикалық Бюджеттік банкке берілді. 2000 теңгелік банкноттар және «Жібек Жолы» деп аталатын инвестициялық монеталар номиналы 1000, 2500, 5000, 10000 теңге және Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына 20 теңгелік монеталар айналысқа шығарылды.
1997 жылы бұрынғы монеталарды және майда номиналдағы банкноттарды ауыстыруға бейімделген монетамен теңгенің жаңа түрлері бекітіліп, жаңа дизайндағы «нибрасс» қоспасынан жасалған номиналы 1, 5, 10 теңгелік және М.Әуезовтің 100 жылдығына 20 теңгелік монеталар айналымға енгізілді.
Ел Президентінің Жарлығымен 15 қараша ұлттық валюта – Теңге күні, Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.
1998 жылы Ресейдегі қаржы дағдарысына және Қазақстанмен сауда әріптестері елдеріндегі ұлттық валюталардың құнсыздануына байланысты Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын қатаңдатып, республикалық бюджет тапшылығын тікелей несиелеу тәжірибесін тоқтатты. Зейнетақы жүйесін реформалау бағытында «ҚР зейнетақылық қамтамасыз ету туралы» Заң қабылданды.
1999 жылы өткен жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңгелік банкноттар айналымға енгізілді. Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) қоры құрылды. Теңгенің еркін құбылмалы айырбастау бағамы режимі енгізілді. Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған 20 теңгелік монета шығарылды.
2000 жылы дизайны өзгертілген 1999 жылғы үлгідегі номиналы 200 және 500 теңгелік банкноттар айналымға енді. С.Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына 50 теңгелік монета шығарылды.
2001 жылы дизайны өзгертілген 2000 жылғы үлгідегі номиналы 1000 және 2000 теңгелік банкноттар, дизайны ішінара өзгертілген номиналы 100 теңгелік банкноттар, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік мерейтойлық банкноттар, дизайны ішінара өзгертілген 2001 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар айналымға енгізілді.
2002 жылы айналысқа биколор әдісімен жасалған номиналы 100 теңгелік монета шықты.
2003 жылы 10000 теңгелік банкноттар және Қазақстанның ұлттық валютасының 10 жылдығына арналған номиналы 500 және 5000 теңге «Ту» және «Елтаңба» күміс монеталары айналымға шықты.
Ипотекалық несиелеудің Қазақстандық кепілдік беру қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» құрылды. «Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы» Заң қабылданды. Ғ.Мүсіреповтің туғанына 100 жыл және Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына 50 теңгелік монеталар шығарылды.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау бойынша агенттігі құрылды.
Ә.Қастеевтің туғанына – 100 жыл, Ә.Марғұланның туғанына 100 жыл толуына 50 теңгелік монеталар шығарылды.
2005 жылы айналымға 2 теңгелік және «нейзильбер» қоспасынан жасалған номиналы 20, 50 теңгелік монеталар шықты.
«ҚР валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заң қабылданды.
2006 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттардың келбетіне өзгерістер енгізіп, дүниежүзілік тәжірибедегі әлемдік үрдістерге жауап беретін, мемлекеттік рәміз берілген жаңа дизайндағы банкноттар айналысқа шығарылды.
2007 жылы ҚРҰБ 2006 жылғы номиналы 10 000 теңгелік банкноты Бангкок қаласында өткен (Тайланд) «Валюта мәселелері жөніндегі халықаралық қауымдастық» конференциясында “Ең үздік жаңа валюта” номинациясында бірінші орынға ие болды.
2008 жылы Ұлттық валютаға 15 жыл толуына арналған номиналы 5000 теңгелік банкнот және Атырау филиалының ұсынысымен кезінде Қазақ мемлекеттігінің бесігі болған Сарайшық қаласынан табылған монеталарға арналған «Сарайшық монетасы» айналысқа шықты.
2009 жылы «Алтын Барс», «Күміс Барс» инвестициялық монеталар қолданысқа енді.
2010 жылы номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкнот айналымға шығарылды.
2011 жылы VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 2000 теңгелік, Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстан Республикасының төрағалық етуіне арналған номиналы 1000 теңгелік банкноттар және Атырау филиалы ұсынысымен жойылып кету қаупінде тұрған теңіз жануары ретінде «Қазақстан фаунасы» сериясынан «Бекіре» күміс монетасы пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 5 000 және 10 000 теңгелік ескерткіш банкнот айналысқа шығарылды. 50 000 теңгелік ескерткіш алтын монета, 500 теңгелік ескерткіш күміс монеталар мен 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған монеталар да тәуелсіздіктің мерейтойына арналды.
Бұл банкнотта жоғары қорғалған баспа саласын¬дағы қорғаныш элементтерінің ең соңғы әзір¬ле¬мелері қолданылды. Банкнотта тұңғыш рет үш қорғаныш жіп қолданылды: бұл магниттік жіп, түсі құбылмалы ені – 6 мм, қорғаныш жіп және ені – 18 мм. әрі металл жылтыры бар металсыздандырылған полимер жолақ.
2006 жылғы «Бәйтерек» сериясын 2011 жылғы үлгідегі «Қазақ елі» деп аталатын жаңа серияға біртіндеп ауыстыратын банкноттар айналымға шығарылды.
2012 жылы. Номиналы 10 000 теңгелік жаңа банкнот енгізілді.
«Қазақстан қалалары» сериясынан номиналы 50 теңгелік «Атырау» монетасы қолданысқа кірді.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік және нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар пайдалануға берілді.
2013 жылы. Өткен жылғы үлгідегі номиналы 2000 теңгелік банкнот айналымға шықты.
Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайынғы конкурсының қорытындылары бойынша жаңа дизайндағы 5 000 теңгелік Қазақстан банкноты «2012 жылдың үздік банкноты» деп танылды.
«Банкноттардағы портреттер» сериясынан халық композиторы Құрманғазыға арналған ескерткіш алтын монета және М.Төлебаевтың 100 жылдығына, М. Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған 50 теңгелік монеталар айналысқа шықты.
Ұлттық валюта теңгенің айналымға енгеніне 20 жыл толуына орай 500,5000 теңгелік күміс,100000 теңгелік алтын және 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған монеталар қолданысқа енгізілді.

Шолуды әзірлеген
Меңдібай Сүмесінов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз