Жарнама
ЭкономикаСарапTime

ТАРИФ: Тұрғындарды тығырыққа тіремеуі тиіс

МОНОПОЛИЯ – ҚАРАПАЙЫМ СӨЗБЕН АЙТҚАНДА, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН НЕМЕСЕ БЕЛГІЛІ БІР ӨНІМ ТҮРІН ӨНДІРУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КОМПАНИЯ ҮШІН НАРЫҚТА БӘСЕКЕЛЕСТІҢ БОЛМАУЫ. ОСЫ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП, КОМПАНИЯ ӨЗ ТҰТЫНУШЫЛАРЫНЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ЕСКЕРМЕЙ, БАҒА МЕН САПАҒА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ. АЛ, МҰНДАЙ ОЛҚЫЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ ҮШІН ЕЛДЕ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ, ОБЛЫСТАРДА ОНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТТЕРІ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ. ЯҒНИ, МОНОПОЛИСТ КОМПАНИЯ БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ, РҰҚСАТСЫЗ ӨСІРЕ АЛМАЙДЫ. БӘРІМІЗГЕ АЯН, ЖАРЫҚ ДЕСЕ «АТЫРАУ-ЖАРЫҚ» АҚ, ҚАЛДЫҚ ДЕСЕ «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» ЖШС, ГАЗЕТ ДЕСЕ «ҚАЗПОШТА» АҚ ОЙҒА ОРАЛАДЫ. ЯҒНИ, БҰЛАР ОБЛЫС НАРЫҒЫНДА БӘСЕКЕЛЕСІ ЖОҚ МОНОПОЛИСТ КОМПАНИЯЛАР. КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕЛЕР ҰСЫНАТЫН ҚЫЗМЕТ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ БОЛҒАНДЫҚТАН, ҚОҒАМНЫҢ ДА ТАЛҚЫСЫНА КӨП ТҮСЕДІ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚАЛДЫҚ ШЫҒАРУ ТАРИФІ, СУ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ЖӘНЕ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ЖӨНІНДЕ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ БАЛЖАН ДОСМҰХАМБЕТОВАМЕН СҰХБАТТАСЫП, ХАЛЫҚТЫ СУМЕН, ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРҒАН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫҚ.

– Балжан Ибатқызы, соңғы күндері облыс халқы арасында талқыға түскен мәселе – қалдық шығару тарифінің бірден үш есеге көтерілуін ұсыну. «Арнаулы автобаза» ЖШС өзінің ұсынысында соңғы рет тариф көтерілген 2020 жылдан бері көптеген шығынының өскеніне уәж айтты. Бірақ, олар ұсынған ақпараттан осы тарифпен де қалыпты жұмыс жасап жатқанын, ешқандай қарызының жоқ екенін көрдік. Демек, тарифті көтермей-ақ жұмыстарын жалғастыруға болады ғой…

– Қоғамдық тыңдауда «Арнаулы автобаза» басшылары бұған дейін 197-215 теңге аралығындағы тарифті 594 теңгеге көтеруді ұсынды. Мәліметтерге сүйенсек, қаладан бір жылда 128 мың тонна қалдық шығарылады. «Арнаулы автобазаның» қазіргі қабілеті бір жылда 50 мың тонна қалдықты сұрыптауға жетеді. Әрине, шығындар бар. Олар белгіленген жерге контейнерді қояды, оны жинайды, сұрыптайды, арнайы техникалар мен олардың шығындары, абоненттік бөлімі, олардың орындары, қызметкерлердің жалақысы бар. Соған сай кірісі де бар. Жеке тұлғадан, кәсіпкерден арнайы тарифпен төлем алады. Қала тазалығы үшін қалалық әкімдіктен қаржы бөлінеді. Сұрыпталған қалдықтарды, яғни картон, темір, пластик бұйымдарды арнайы өңдеуге тапсырады. Тек шығындарды ғана халық назарына ұсынып, біржақты мәліметпен шешім шығаруға болмайды. Алдымен, мекеменің табыс деңгейін анықтап, бүге[1]шігесіне дейін зерттеп шешім қабылдайтын боламыз.

– Қоғамдық тыңдауда жаңа тариф бекітілген соң Атырауда жаңа қоқысты сұрыптау кешенінің іске қосылатыны айтылды. Егер тариф өзгеріссіз қалса, сұрыптау кешені іске қосылмай ма? Әлде жаңа тарифтің белгілі бір сомасы екінші компанияның еншісіне өте ме?

– Қоғамдық тыңдаудан кейін қоқыс полигоны алаңына барып, екі компаниямен де таныстым. Екеуі де жекеменшік құрылым. «Арнаулы автобазаның» құны 130 млн. теңге тұратын орталығы жылына 50 мың тонна қалдықты сұрыптайды. Ал, құны 3 млрд. теңгелік «Грин Сити Клининг» ЖШС-нің жаңа кешені жылына 150 мың тонна қалдықты сұрыптауға арналған. Жұмыс көлемімен салыстырғанда, кешендердің құн айырмашылығы жер мен көктей. Қалдықты қаланың әр нүктесінен жинап, сұрыптайтын «Арнаулы автобазаның» тарифі 197 теңге, ал «Грин Сити Клининг» тек сұрыптау үшін 200 теңге тариф сұрап отыр. Оған сұрыпталған қалдықты тапсырғаннан түсетін пайданы қосыңыз! Жоғарыда айтқанымдай, қала бойынша бір жылда 128 мың тонна қалдық шығарылады. Оның 50 мың тоннасын «Арнаулы автобаза» сұрыптап отыр. Осы жерде бірнеше сұрақ туындайды. Ал, қалған 78 мың тонна қалдықты сұрыптауға өте үлкен көлемдегі кешен неге салынған?! Сұрыптау тек жаңа кешенде жасалса, бұрынғы сұрыптау орталығы бос қала ма? Аталған ЖШС бізге 10 күн ішінде инвестициялық бағдарламасын ұсынуға уәде берді. Жалпы құнының 1,5 млрд. теңгесін жеке инвестор салса, 1,5 млрд. теңге банктен қарызға алынған. Демек ол жерде қосымша пайыз, комиссия бар. Неге халық бұл компанияның банктен алған қарызын пайызымен қоса төлеуі керек? 1,5 млрд. теңгесін жобаға салған инвестордың да түпкі мақсаты пайда табу емес пе?! Әлі де тексеретін тұстар, түйткілдер бар. Барлық мән-жай анықталғаннан кейін сіздермен бөлісетін боламын. Қоғамдық тыңдауда жергілікті блогерлер облыста экологияның нашарлағанын, өмірге келіп жатқан сәбилердің мүгедек боп жатқанын, сондықтан тарифті өсіріп, жаңа кешенді іске қосуды сұрады. Ал, бұл қалдықты өңдейтін үлкен зауыт емес, жай сұрыптайтын кешен екенін айтқым келеді.

– Тариф бағасын көтеруге ұсыныс берген мекеменің бірі – «Атырау облысы Су арнасы». Құрылымның өзгеден айырмашылығы – коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын. Мекеменің су тазарту қондырғысын өз көзіңізбен көріп келдіңіз. Ахуал қандай?

– Мекемедегі алғашқы су тазарту қондырғысы 1939 жылы іске қосылған екен. Есептеп көріңіз, мұнайлы қала халқы 83 жыл бұрынғы құрылғы тазартатын суды ішіп отыр. Әрине, судың сапасына мін жоқ. Оны күнде арнайы лаборатория, мамандар тексеріп отыр. Ал, ескі құрылғы кенет істен шықса не болмақ?! Облыстағы шетелдік компаниялардың әлеуметтік бағдарламасы аясында қала орталығына 4 млрд. теңгеге тутұғыр қойылды. Әрине, мұндай жобалардың болғаны дұрыс. Бірақ, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бірінші орында тұруы керек. Неге әлеуметтік бағдарламаға бөлінген қаржыға осы су тазарту құрылғыларын жаңаламасқа?! Иә, тариф соңғы рет 2015 жылы өскен. Мекеме басшылығы берген деректерге сүйенсек, соңғы бір жылда электр қуатының тарифі екі рет өсіп, «Атырау облысы Су арнасы» тек энергия үшін «АтырауЭнергоСатуға» 90 млн. теңгеге жуық бережақ. Сондықтан су тарифі бойынша арнайы қоғамдық тыңдау өтеді. Бүгінде 1939 жылдан бері әр жылдары іске қосылған 4 су тазарту станциясы бар екен. Бесіншісі 2011 жылы салынғанымен, құрылыстың сапасы нашар болып, әлі күнге іске қосылмапты. Ал, тәулігіне 60 мың текше метр суды тазартатын алтыншы станцияның жобасы дайын. Әзірге сараптамадан өтпеген. Жұмыс жасап тұрған 4 станцияның алғашқы салынған екеуіне қанша салым қажет? Ең бірінші екеуінің де таза су резервуарының тұрбасы жіті жөндеуді қажет етіп тұр. Сонымен қатар, тұндырғыштар мен олардың төбе жабындыларын жөндеу, технологиялық құбыр желілерін ауыстыру, қабырғаларын жөндеу қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуде ең бірінші орында орындалуы керек. Атырау қаласының кәріз желілерінің негізгі бөлігі бұдан 50-30 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген 295,4 шақырымды құрайтын кәріз коллекторының 39,421 шақырымы апатты жағдайда. Кәріздік сорғы станциялары да өте ескі. Мәселен, қаладағы 85 кәріздік сорғы станциясының 45-не жөндеу жасау жоспарланыпты. Оның құны әрқайсысына 180- 250 млн. теңге. Соның ішінде 10- ына шұғыл түрде жөндеу қажет. Ұлттық экономика министрі жыл басында Атырау облысында 185 жобаны іске асыру үшін бірнеше трлн. қаржы бөлінгенін айтқан еді. Енді соны тексеріп, жоғарыда айтылған станцияларға қаржы бөлінді ме, жоқ па, соны анықтаймын. Егер болмаса, көп күттірмей облыс бюджетіне енгізу қажет.

– Қалада өзін «Газаймақтың» өкілі ретінде таныстырып, газ құрылғыларына техникалық қызмет ұсынып жүргендер пәтер жағалап жүр. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ кеңсесіндегі басқосуда олардың бұл мекемеге еш қатысы жоғы, өздерінің атын жамылып, тіпті арнайы киімін киіп жүргені айтылды. Яғни, бұлар басқа бір техникалық қызмет көрсететін компания өкілдері. Мұндай компанияның қалада он шақтысы бар екен. Кейбір тұрғындар ақысын төлеп, келісім-шартқа отырғанымен, кейін оларды таппай қалып жүр. Бұларды кім бақылайды?

– Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті жөніндегі 7-бабының 5-1 тармағында «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады» делінген. Демек, осы заң шыққан жылы, яғни осыдан 10 жыл бұрын облыста газ-техникалық инспекция құрылуы керек болған. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, мұндай құрылым Атырау облысында әлі күнге жоқ. «ҚазТрансГазАймақ» сіз тұратын үйге дейін газ желісін жеткізіп береді. Әрбір көп қабатты үйдің кіреберісінен пәтерге дейінгі газ желісіне ПИК, үйге кіргеннен кейін желінің жұмысына үй иесі жауапты. Жеке секторда да сары түсті газ шкафынан бастап үй иесінің меншігінде. «104» қызметі ақау кеткен тұсты жөндемейді, тек бекітіп кетеді. Сондықтан, әр тұрғын өзінің қауіпсіздігі және ақау туындаған жағдайда жедел көмек алуы үшін үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуші аттестатталған мекемелермен келісім-шартқа отыруы тиіс. Егер келісім-шарт болмаса, «ҚазТранГазАймақ» тұрғындарды газ желісінен ажыратуға құқы бар. Бірақ, осы заңсыздықтарды анықтап, дер кезінде алдын алатын, пәтер жағалап келісімшартқа отырып, кейін жоқ боп кететін компаниялардың жұмысын бақылайтын газ-техникалық инспекциясы Атырауда құрылмағандықтан, осындай алаяқтық әрекеттер орын алып отыр. Алдағы уақытта мұны да назарымда ұстап, мәселенің мәнісін анықтау ойда бар. Облыста бұдан өзге де көптеген мәселелер бар. Соған орай, болашақта түрлі қоғамдық тыңдаулар өтеді. Барлығын «Аtyraý» газетінің оқырмандарымен бөлісіп отыратын боламын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат САНСЫЗБАЙ

Фото: «АТЫРАУ» газеті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button