Жарнама
Экономика

«Тариф төмен, өсіреміз!»

Облыста қараша айынан бастап электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін. Қарапайым тұрғындар 6,12 теңге, ал заңды тұлғалар қосымша құн салығын есептемегенде 1кВт электр тоғы үшін 7,12 теңге артық төлемек.  «АтырауЭнергоСату» ЖШС-нің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментіне электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын алдағы уақытта көтеру туралы бұл ұсынысы көптің талқысына түсті.

Энергиямен жабдықтаушы әрі сатып алған электр энергиясын сатумен айналысатын компанияның негізгі уәжі – бүгінде тұрғындарға арналған электр энергиясының бағасы ел бойынша ең төмен.

Компания директоры Тұрлан Дошатовтың сөзінше, облыстағы электр энергиясының бағасы қосымша құн салығын есептегенде 11,83 теңге. Ал, көршілес аймақтардағы тұрғындарға арналған тариф бағасы қосымша құн салығын есептегенде Ақтөбеде 18,61 теңге, БҚО-да 28,16 теңге, Ақтауда 23,15 теңге, Астанада 23,12 теңге екен. Директордың айтуынша, тұрғындарға арналған электр энергиясының қолданыстағы тарифі тұрмыстық электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуімен бірге энергиямен жабдықтаушы ұйымның шығынын арттырады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыстағы заңды тұлғаларға арналған тариф көлемі қосымша құн салығын есептемегенде 33,65 теңге. Бұл да ел бойынша ең қымбат тариф емес. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Ақтөбеде 44,63 теңге, Ақмола облысында 39,84 теңге, Түркістан облысында 37,00 теңге, Қостанайда 34,27 теңге.

Осылай деген серіктестік директоры заңды тұлғаларға арналған тариф бағасы соңғы екі жылдан бері көтерілмегендігін жеткізді. Ал, бағаны өсірмеуге басты себеп – оларды көтерген кезде азық-түлік бағасы көтеріліп кетеді деген ұстаным негіз болған. Монополист компанияның басшысы электр энергиясының бағасын көтеруге мәжбүр болып отырғандығын жеткізді.

– Осыған байланысты халыққа электр энергиясын сатудан пайда болатын ысыраптарды азайтуға және занды тұлғаларға жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін тұрмыстық тарифті көтеру мөселесі экономикалық тұрғыдан орынды. Сонымен қатар, тұрмыстық емес мұқтаждары үшін пайдаланатын тұтынушылар (мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар) үшін қосымша құн салығын есептемегенде 2,33 теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу үшін пайдаланатын тұтынушылар және «Атырау Су Арнасы» КМК (заңды тұлғалар) үшін қосымша құн салығын есептемегенде 7,09 теңгеге көтеруді ұсынып отырмыз, — деді Тұрлан Сағидоллаұлы.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан көпшілік бұл ұсыныстарға қатысты ойларын ортаға салды.

«Қазір облыста 710 мыңға жуық халық болса, оның қаншасы әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын отбасы, сол жағы есепке алынды ма?»

Осылай деп сұрақты төтесінен қойған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Жанар Қайседенова компания шешім шығармас бұрын халықтың ішіндегі әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың жағдайын зерделеу керектігін айтты.

– Тариф бағасының өсуі бюджеттік саладағы жалақыға қарап отырған адамдардың да қалтасына салмақ түсіреді. «АтырауЭнергоСату» ЖШС-і ғана емес, басқа да коммуналдық қызметпен айналысатын монополистер де тариф бағасын кезеңімен өсіріп келеді. Ал, зейнеткерлердің зейнетақылары өспейді. Мүгедектердің жәрдемақылары мардымсыз. Оған қоса диагноздарына байланысты қабылдайтын дәрі-дәрмектері бар. Азық-түліктері өз алдына. Қазір облыста тұрғын үй көмегін 241 отбасы алып отыр. Олардың ішінде зейнеткерлер мен мүгедектер, жұмыссыз адамдар бар. Бұл көмек тұрғын үйі бар жандарға ғана беріледі. Ал, оларға қандай жеңілдіктер қарастырылған? — деді Ж.Қайседенова.

Қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі үшін коммуналдық қызмет шығындарының 30-35 пайызы ғана өндіріп беріледі. Дегенмен, бұл мұқтаж отбасылардың көңілін көншітпейді.

Жылыой аудандық мәслихатының депутаты Бекет Құлбаев кәсіпкерлердің тариф бағасын тұрғындардың тарифімен теңестіру туралы ұсынысын білдірді.

Компания директоры Тұрлан Дошатов ұсыныстары жүзеге асқан жағдайда қарыздарынан құтылып, серіктестіктің жұмысын жандандыруға мүмкіндік алатынын айтты.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Арман Төлегенов  жария тыңдауға қатысушылар білдірген пікірлер ұсыным ретінде қабылданып, түпкілікті шешім тиісті ережеге сәйкес жүзеге асатынын айтты.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суретті түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button