
Тариф қалай есептеледі? Түсініксіз!..
Облыста электр қуатының бағасы биыл 1 қыркүйектен бастап қымбаттауы мүмкін. Өзгеріс заңдағы жаңа талаптар мен өндірістік шығындардың күрт өсуінен туындап отыр. Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС-нің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын алдағы уақытта көтеру туралы ұсынысы негізінде ұйымдастырылған жария тыңдауда айтылды.

Серіктестіктің бас директорының орынбасары Тұрлан Дошатов жаңа жылдан бастап өңірлік компаниялар тек желілерді басқарумен шектелмей, электрді тұтынушыға тікелей жеткізетінін айтты. Яғни, «Атырау Жарық» компаниясы бұрынғыдай тек тасымалдаушы емес, толыққанды жабдықтаушының ролін де атқарады.
Компанияның есебінше, келесі жылы өңірге жеткізілетін электрдің бір бөлігі Ресейден импортталады. Ал сырттан келетін қуаттың құны жылдан жылға қымбаттап барады. Оған қоса KEGOC пен «Қазақстан темір жолы» секілді ұлттық операторлардың қызметі де шарықтап отыр. Жанар-жағармай мен материал бағасының өсуі де қосымша салмақ салды.
Осының бәрі үстемелене келіп, тұтынушыға жететін соңғы бағаға әсерін тигізді. Қазір атыраулықтар электр энергиясын 16 теңгеден тұтынып отырса, жаңа жылдан кейін ол 22 теңгеден асады. Бұл – бірден 39 пайыздық өсім. Заңды тұлғалар үшін тариф одан да жоғарылайды, ал бюджеттік мекемелер мен ауыл шаруашылығы тұтынушылары үшін баға 19 пайызға жуық көтеріледі.
Әрине, бағаның өсуі халықтың қалтасына салмақ түсіретіні туралы да проблема туындатып тұр. Алайда компания өкілдері мұның барлығы электр энергиясын үздіксіз әрі сенімді жеткізу үшін қажет қадам екенін айтады. Олардың сөзінше, қазіргі шығындар ескерілмесе, алдағы уақытта жарық тапшылығы мен тұрақсыздық қаупі туындауы мүмкін.
Дегенмен, салыстырмалы түрде алсақ, Атыраудағы тариф әлі де кей өңірлерден төмен. Мәселен, Ақтөбеде 22 теңгеден асса, Батыс Қазақстанда 32 теңгеден жоғары.
Энергетика саласындағы баға өсімі қазірдің өзінде қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені электр қуаты – кез келген отбасында да, өндіріс ошағында да басты ресурс. Сондықтан әр теңгенің артында қарапайым тұтынушының тұрмысы мен кәсіпкердің шығыны тұр.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин электр энергиясы тарифін көтеру халықтың емес, белгілі бір топтың бизнес мүддесін көздейтінін айтты. Оның сөзінше, өңірдегі энергетикалық компаниялар бір-бірімен тығыз байланыста, сондықтан тариф өсімі түбінде бір қалтаға жұмыс істейді.
Депутат жылу-электр орталығының жұмысын да сынға алды. Оның айтуынша, жылу – электр өндірісінің қосымша өнімі, бірақ компаниялар оны бөлек сатып, халықтан қыруар қаржы жинайды. Мысалы, «Нұрсаядағы» 80 шаршы метрлік пәтер иесі айына 3939 теңгені электрге, ал 11787 теңгені жылуға төлейді. Осылайша, тұтынушы электрден үш есе артық қаржыны жылуға шығындайды. Сонда жарты жылда тек жеке тұлғалардан миллиардтаған теңге жиналады.
Сонымен қатар, ол экологиялық және су ресурстары мәселесін көтерді. Жылу электр орталығы жылына 11,3 мың тонна зиянды зат шығарып, әрбір атыраулыққа 13 келіден улы қалдық бөледі. Жыл сайын 70 миллион текше метр су ысырап болып, қайта өңдеуге жарамсыз күйде жоғалады.
А.Хайруллиннің айтуынша, компаниялардың «шығынға батып отырмыз» деуі шындыққа жанаспайды, өйткені иелері Forbesбайлар тізімінде жүр. Тариф өсімі әлеуметтік жағдайды ушықтырып, халықтың билікке сенімін азайтады. Сол себепті депутат облыстық мәслихат комиссиясының тарифтің көтерілуіне түбегейлі қарсы екенін айтты.
– Энергетикалық компаниялар алдымен экологиялық зиянды азайтып, шығындарды қысқартсын. Халыққа ауыртпалық артқан тарифке біз қарсымыз, — деді ол.
Жария тыңдауға қатысқан қоғам белсенділері де жыл сайын тарифтің көтерілуі халықтың тұрмысын ауырлатып қана қоймай, барлық әлеуметтік саладағы бағаның өсіміне ықпал ететінін айтты. Неге екені белгісіз, бұған жауап беретін Атырау облысы энергетика басқармасының өкілдері тыңдауға келмеген.
– «Электр энергиясы қымбаттады» деген сылтаумен тауардан бастап такси қызметіне дейін қымбаттайды. Сондықтан бұған жол берілмеуі тиіс. Егер компаниялар шынымен шығынға батып отырса, онда мекемені мемлекетке қайтарсын. 2022 жылғы 8 қарашада Атырау қаласында Президенттің қатысуымен өткен жиында «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын айтылып, халықты қанағаттандырмаса келісім-шартты бұзу жөнінде ұсыныс та болған еді. Алайда оған құлақ асқан ешкім жоқ. Демек бұл жердегі белгілі бір топтың мүддесі бүкіл облыс халқының алаңдаушылығын туғызып отыр, — деді белсенді Ғазиз Ғабдуллин.
Қоғам белсендісі Дидар Хамзиннің айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы қазірдің өзінде күрделі. Серіктестікке қарасты қарапайым жұмысшылар күні-түні еңбектенсе де 150 мың теңгеден артық жалақы алмайды, ал мекеме басшылары миллиондап айлық алады. Мұндай жағдайда тарифті көтеру халыққа қосымша ауыртпалық түсіреді. Сондықтан электр энергиясының бағасын қымбаттату мүлде орынсыз.
– Газ қорының үстінде отырған Атырау облысында электр энергиясы ел бойынша ең арзан болуы тиіс еді, керісінше қымбаттап бара жатыр. ЖЭО мен «Атырау Жарық» ресми құжаттарда 470 МВт қуат өндіреміз дегенмен, шын мәнінде 130-180 МВт қана беріп отыр. Жарық жиі өшіп, тұрғындар қиналуда, қыста адамдар электр қуатының тапшылығынан жылусыз қалып отыр. Бұл – басқарудағы тиімсіздіктің айқын дәлелі, — деді Д.Хамзин.
Ол стратегиялық маңызды кәсіпорындарды мемлекет қарамағына қайтару қажеттігін атап өтті. Мысал ретінде «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ын тілге тиек етті. Мемлекеттік басқаруға өткен соң бұл мекеме жаңа техника алып, инфрақұрылымын жақсартып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр. Егер энергетика саласында да дұрыс менеджмент пен мемлекеттік бақылау болса, үш-төрт жылда жұмысты жандандыруға мүмкіндік бар.
Қоғам белсендісінің пікірінше «Атырау Жарық» пен ЖЭО-ын мемлекет қарамағына қайтарып, жұмысты тиімді ұйымдастыратын менеджерлерді тағайындау қажет. Сонымен бірге жаңа, заманауи электр станцияларын салып, өндіріс қуатын арттырған жөн.
Тыңдауға қатысқан кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова да тарифтің өсуіне байланысты өз уәжін білдірді. Кәсіпкердің айтуынша, соңғы жылдары шағын дүкендер мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сататын нысандар тұтынған электр қуаты үшін ең жоғары ақы төлеп келген.
– Ақтау мен Ақтөбені салыстырайық. Олар 38 теңгелік тарифке күні кеше ғана жетті. Ал біз, атыраулық кәсіпкерлер, үш жыл қатарынан 38 теңгеден төлеп келдік. Неге бізге сол кезде берешектерді азайтпадыңыздар? — деп ашынды кәсіпкер.
Оның айтуынша, қазір шығын көп, ал тарифті көтеру кәсіпкерліктің дамуын тежейді. Әсіресе, үй маңындағы шағын дүкендер үшін бағаның көтерілуі халықтың қалтасына тікелей әсер етеді.
– Кәсіпкерлердің табысы – жеке адамның табысы емес. Біз халыққа күнделікті тұтынатын азық-түлікті жеткізіп отырмыз. Электр тарифі көтерілсе, сәйкесінше, тамақ та қымбаттайды. Мысалы, 200 теңге тұратын бөлке нан 230-250 теңгеге жетуі мүмкін. Сіздер 2026 жылға дейін жеке тұлғалармен тарифті теңестіріп, кәсіпкерлер үшін бағаны көтермейміз деген уәдеге тұрмадыңыздар. Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығы көтеріледі. Бұл автоматты түрде тарифке қосылады. Яғни 45 теңгелік тарифті біз 55 теңге қылып төлейміз. Сонда кәсіпкерлер үшін бағалар 40-50 пайызға дейін өседі. Мұндай жағдайда бағаның қымбаттауы заңды, — деп түйіндеді кәсіпкер.
Ал Жылыой аудандық мәслихатының депутаты Ғафур Орынғалиев бұл жағдайдың тағы бір себебі – бәсекелестік ортаның дамымауынан деп түйін жасады. Егер нарықта бірнеше компания халыққа қызмет көрсетіп, сапа мен баға үшін өзара бәсекеге түссе, тарифтің шектен тыс көтерілуіне жол берілмес еді. Қазір керісінше, монополист компаниялар көлемін азайтпай, өз қызметтерінің сапасы төмен болса да, бағаны көтеруге бейім.
– Егер басты міндеті – монополияға қарсы әрекет ету болса, онда Табиғи монополияларды реттеу комитеті неге осы уақытқа дейін бәсекелестік ортаны қалыптастыра алмады?! Қазіргі компания халықпен тиімді жұмыс істей алмаса, онда нарыққа басқа басқарушы мекемелерді, тіпті шетелдік немесе жекеменшік инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазір тарифтің қалай есептелетіні қарапайым халыққа түсініксіз. Компаниялар шығындарын, табыстары мен даму жоспарларын ашық жарияламайынша, әрбір өсім әділетсіз болып көрінеді. Сондықтан тарифті көтеру тек цифрды бекіту емес, ол халық алдындағы жауапкершілік, ал билік үшін – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету міндеті болуы тиіс, — деді Ғафур Қасымғалиұлы.
Жиын соңында депутаттар мен қоғам өкілдері әуелі шығындарды қысқартып, қызмет сапасын арттыруды, экологиялық мәселелерді шешіп, қажет болса стратегиялық кәсіпорындарды мемлекет қарамағына қайтаруды және тарифті көтеру мәселесінде халықтың пікірін ескере отырып, жария тыңдауды қайта өткізуді ұсынды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Сурет автордікі