
Таңдайдағы тың серпін
Ел экономикасының өркендеуінде инфрақұрылым нысандарын дамыту маңызды рөл атқарады. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдармен қатар, өңірлердегі сапалы тас жолдардың салынуы ауыл-аймақтың дамуына серпін береді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесін Махамбет ауданында жүзеге асып жатқан шаралардан анық көруге болады.

Ауданға қарасты Таңдай ауылы – ондаған жылдар бойы «Бақсай» кеңшарының орталығы болған, тарихы терең, бүгінде Бақсай ауылдық округінің әкімшілік-аумақтық орталығы саналады. Өзіндік дәстүрі мен даму жолы қалыптасқан іргелі елді мекеннің кескін-келбетінің уақыт талабына сай жаңаруы – заңды құбылыс.

Биыл бұл ауылдың көшелері адам танымастай өзгере түспек. Оған дәлел – мұндағы автокөлік жолдарына көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстарының басталуы. Алдын ала жоспарға сәйкес, жаңғыртылатын жолдың жалпы ұзындығы – 6,2 шақырым. Жобаның тапсырысшысы – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мердігер мекеме – «АВС–Лимитед» ЖШС.

Құрылыс-монтаж жұмыстарына жауапты серіктестіктің өкілі Азамат Сәрсенғалиевтің айтуынша, биыл екінші тоқсанда басталған жұмысты жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
-Қазір учаске басында бірнеше техника мен жиырмаға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Нысанның жобалаушысы – «Игілік Стройпроект» ЖШС, ал құрылыс сапасын «Қабылан Эксперт» мекемесі қадағалауда. Жоспарланған жұмыстар кестеге сәйкес орындалуда, – деді учаске бастығы Азамат Сәрсенғалиев.


Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
Махамбет ауданы