Жарнама
Экономика

Атырауда биыл 425 кәсіпкердің жобасы қолдау тапқан

Иә, қазір кәсіп ашып, өз ісін дамытуға ниет білдірген жандарға мемлекет тарапынан қолдау түрлері жеткілікті. Айталық, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдендіру бағыттары арқылы бизнес иелері несиесін жеңіл өтеп, табысын молайтып отыр. Бірі бұрын жалдап келген ғимаратын өз меншігіне сатып алса, енді бірі қажетті жабдықтарын көбейтіп, кәсібінің ауқымын кеңейткен. Біз бұған «Даму» қоры Атырау облыстық филиалы өткізген баспасөз туры кезінде көз жеткіздік.

Ұлттық жобаның жемісі

Шағын  және орта бизнесті өркендету – еліміздің басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да орта кәсіпкерліктің даму қарқынын арттыруға тапсырма берген болатын. Өйткені, отандық өнімнің қатары көбейген сайын біздің өзге елдің тауарына тәуелділігіміз азая түспек. Сондықтан, бүгінде бизнеске біраз жеңілдіктер жасалып отыр.

«Даму» қоры Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Ернар Жұмағалиевтың айтуынша, өңірде 2013 жылдан бері кәсіпкерлердің жалпы құны 255,5 млрд. теңге болатын 4047 жобасы субсидияланып, 3276 жоба 35,4 млрд. теңгеге кепілдік алған. Соның ішінде, биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде несие сомасы 14,4 млрд. теңге болатын 425 жоба қолдау тапқан.

22

Баспасөз туры барысында қордың бағдарламалары туралы толық мәлімет беріп, семинар өткізген филиал директорының орынбасары нақты бизнес-кейстермен таныстырды. «Біз бизнес иелерін қолдауға қашан да дайынбыз. Шынын айту керек, қазір екінші деңгейлі банктердің несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі көп. Яғни, алынған қарызды бірнеше еселеп қайтаруға тура келеді. Ал, қор арқылы субсидияланса бизнес иесі кәсібін дамытуға алған қаржысын 6 пайызбен қайтарады. Мұның өзі үлкен жеңілдік» деді Ернар Жұмағалиев.

«Булки-Хауздың» тәтті бәліші 

Атырау қаласының орталығында орналасқан «Булки Хауз» наубайханасында үнемі кезек көп. Себебі, әрдайым жаңа піскен тәтті нан мен бәліш алуға асыққан жұртшылық мұндағы өнімнің сапалы дайындалатынын жақсы біледі. Ал, оның иесі, жас кәсіпкер Ұлболсын Ерубаева мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсібін кеңейтіп, аспаздық дүкендерінің қатарын көбейтуге жұмыстануда.

Бір бастама екіншісіне себеп болатыны секілді Ұлболсын Ерубаеваның бұл бизнеспен айналысуына отбасындағы жағдай түрткі болыпты. Сал ауруына шалдыққан сәбиін емдетіп, оңалту үшін көп қаражат қажеттігіне көз жеткізген ана кәсіп ашып, табысын арттыруды ойлайды. Сөйтіп, ол немістің «Булки Хауз» наубайханасының технологиясын мұқият зерттеп, көршілес елдегі уфалық серіктестерінен франшиза сатып алады. Ал, осы саладағы білімін жетілдіру үшін Атырауға башқұрт аспаздарын шақыртып, қарамағындағы адамдарды оқытады. Олар болса, немістің нан пісіру құпияларымен бөлісіп, атыраулық аспаздарға шеберлік сабақтарын өткізеді.

Бастапқыда жалға алған ғимаратта ашылған наубайхана қазір кеңейіп, тағы бір аспаздық дүкенмен толыққан. Бүгінде «Риза» жеке кәсіпкерлігі атыраулықтарға нан өнімдерінің 30 түрін ұсынып отыр. «Әрине, кәсіп ашқаннан кейін қиындықтар болатыны белгілі ғой. Бірақ бес жасар баламның ауруы маған қандай қиындықты да еңсеруге жігер берді. Сол үздіксіз жұмыс істеуімнің арқасында бүгінде екі дүкенім бар. Ал, тұтынушыларымнан сұранысты төмендетпеу үшін әлі де немістің нан пісіру технологиясын қолданамын. Өнімдердің құрамдарын Ресейден сатып алып отырмын. Мен мемлекеттік бағдарлама аясында банктегі пайыздық мөлшерлемені жеңілдеттім. Сондай-ақ, несие кепілдігінің 85 пайызын қор арқылы аламын. Биыл елорда төрінде өткен көрмеге қатысып, бірінші орын алдық. Шынымды айтсам, басқа да мықты кондитерлік цехтар қатысқан көрме-байқауда жеңімпаз атанамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген» дейді Ұлболсын Ерубаева.

Атап өтерлігі, әлемді шарпыған індет кезінде Ұлболсынның наубайханасы үздіксіз жұмыс істеп, әлеуметтік осал топтарға жаңа піскен нан өнімдерін тегін жеткізген көрінеді.

«Ерке сылқым»: 18 мың қалыңдықты ұзаттық

Той бизнесінде өзіндік орны бар «Ерке сылқым» салоны соңғы он жыл ішінде 18 000 қалыңдықтың жаңа өмір бастауына «куәгер» болған. Қазақы нақыштағы және этно-стильдегі киім-кешекті жалға беруді жақсы табыс көзіне айналдырған Бану Гайдарқызы алдағы уақытта салонын кеңейтпек ниетте. Енді «Ерке сылқым» Алмагүл шағынауданынан да ашылады.

Бала кезде қуыршағына ақ пердеден той көйлегін тіккенді ұнататын жылыойлық Бану Гайдарқызы 19 жасында тәуекел етіп, армандаған кәсібін қолға алады. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын жоғары оқу орнынан алып шықса да, сүйікті ісіне деген сүйіспеншілігі оны осы салаға жетелейді.

– Тойымдағы ақ көйлек пен сәукелемді өзім тіктім. Ол ұлттық нақышта болғандықтан, көпшілік көйлек тігетін жеке шеберханамды ашуға ұсыныс жасады. Сөйтіп, біртіндеп қалыңдықтар «сырға салу» және «ұзатуға» көйлектерге тапсырыс бере бастады. Осылайша, салоным дүниеге келді, — деген кейіпкеріміз кәсібін дамыту үшін үнемі білімін жетілдіріп отыратынын да жасырмады. 

– Қазір қазақы нақыштағы кәжекейлер мен көйлектер 100 мың теңгеден басталады. Егер біздің салоннан жалға алатын болса, небары 4990 теңгеге береміз. Салонымызда жиырмаға тарта қызметкеріміз бар. Оның 10-ы тігінші. Дүкенші-кеңесшілеріміз де қызмет етеді. Қазіргі заманға сай маркетолог, таргетолог, смм-мамандарымыз жұмыс істейді. Біздің бүгінгі ғимаратымыздың аумағы 350 шаршы метр болса, Алмагүл шағынауданындағы нысанымыздың аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Яғни, ол дизайнерлік орталықта қалыңдықтарға той көйлектері сатылып, жалға беріледі, фотосессия жасауға да мүмкіндік бар, — дейді ол.

122

Бану Гайдарқызының айтуынша, «Ерке сылқымның» көйлек-камзолдары үйлену, қыз ұзату сияқты өмірдің қуанышты сәттерінде киілгені бизнесіне қанат бітірген. Ақтөбе, Орал, Ақтау қалаларынан филиалдарын ашып үлгерген табысты кәсіпкердің шағын бизнесте жүргеніне биыл 11 жылдан асыпты. Ал, киімдерге қажетті ілгек-материалдарды Түркия, Дубай, Қырғызстаннан алдыратын көрінеді.

Кейіпкеріміздің өз кәсібіне деген ерекше қызығушылығы байқалады. Өйткені, дайын той көйлегін қалыңдықтың қалауына қарай өзгертіп беруі – кез-келген тігіншінің қолынан келе бермейтін іс. Оның үстіне, Бану Гайдарқызы тұсаукесер немесе сүндет той кезінде ата-анасымен бірге кішкентай сәбидің де әдемі болып тұруы үшін балалар киімін де арзан бағамен жалға беретінін жеткізді. «Кішкентай балалардың киімі бізге көп пайда әкеледі деп айта алмаймын. Бірақ, бізге той иесінің қуанып, әдемі жүргені маңызды» дейді ол.

Сұхбаттасушымыз «Кәсіпкер-лікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның» екінші бағыты бойынша қолдауға ие болған. Яғни, 19,5 пайыздық несиенің 14,5 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланған көрінеді. Кәсіпкер тек 5 пайызын өтейді. Сондай-ақ, қор 30,1 млн. теңге кепілдік берген.

VIP тіс емханасы

Тәжірибе көрсеткендей, ақылы медициналық қызметтердің ішінде тіс емдеу ісі алдыңғы шепте тұр. Заманауи материалдар, жаңа технологиялар тіс ауруларын емдеудегі табыс факторларының бірі болып табылады. «New City» кешенінен ашылған «Grand Med Group» жаңа инновациялық стоматологиялық емханасында барлық қызмет түрі көрсетіледі. Ең бастысы, мұнда соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар қолданылады.

Клиникада он жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлер жыл сайын курстарға қатысып, біліктіліктерін арттыруда. Бүгінде клиника Атырау қаласындағы ең үздік емханалардың бірі болып отыр.

«Grand Med Group» ЖШС ұлттық жоба шеңберінде ғимаратты жеңілдетілген несиелеу арқылы сатып алып, қарызының 62 пайызына қордың кепілдігін пайдаланған.

Жеке балабақшадан – шығармашылық орталыққа

Өңірде алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істей бастаған «Алтын сақа» балабақшасының құрылтайшысы, «Орда-Сұлтан» ЖШС басшысы Лаура Құсманова енді оқу-шығармашылық, спорт орталығын ашып отыр.  Бүгінде жүзге жуық бала аталған орталықта мектепке даярлау курсынан өтіп, спорт секцияларына қатысуда. Ең бастысы, мұнда қазір сұранысқа ие логопед мамандардың да сабақтары өтеді екен. Кәсіпкер «Даму бала» платформасына қосылған жағдайда 1000-ға тарта шәкіртті қабылдай алатынын жеткізді.

–  Білім саласында отыз жылға жуық тәжірибем бар. Балабақша ашып, бүлдіршіндермен жұмыс істей бастағаннан кейін олардың әрі қарай да шығармашылығын дамыту үшін осы орталықты аштым. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаның жеңілдіктерін пайдаландым. Лесхоз, Геолог және Мұнайшы шағынаудандарындағы екі балабақша ғимаратын осы «Даму» қоры арқылы сатып алдым. Бұл жоба жақсы жолға қойылды. Өткен жылдың маусым айында Тұрғындар қалашығы шағынауданындағы осы ғимаратты сатып алып, бір жыл бойы күрделі жөндеуден өткіздім. Жаңадан спорт кешені салынды. Өнер-білім орталығының атын «Толағай» деп қойдық. Дені сау, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ – қоғамның басты қазынасы ғой. Сол себепті, жастарды бұқаралық спортпен айналысу үшін де осы орталықты ашқан жайымыз бар, — дейді Лаура Құсманова.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button