Табиғи газды тасымалдау мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды
Қазақстанның бастамасымен, Еуразиялық экономикалық одақ бекіткен табиғи газды тасымалдау жөніндегі техникалық регламенттің мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
2019 жылы қабылданған техникалық регламент 2025 жылдың 1 қаңтарына дейінгі өтпелі кезеңге есептелген болатын. Ол кезеңде табиғи газды өндіру мен айналымға шығаруға сәйкестік бағалаусыз және маркалаусыз рұқсат берілген еді. Енді, аталған талаптарға сәйкес келу үшін «Теңізшевройл» ЖШС-не қомақты қаражат және қосымша уақыт қажет.
Техрегламентке сай келу үшін Теңіз мұнай кенішінде 9,1 миллиард м³ құрғақ газ өңдейтін жаңа зауытты іске қосу жоспарлануда. Бұл зауыттың өнімі ЕАЭС техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ