
Табиғаттың сыйын тиімді пайдаланайық!
Жақында ғана ауыздақталған өрт бізге көп нәрсені аңғартты. Соның ішінде табиғатқа немқұрайлы қарағанның соңы жақсылыққа әкелмейтініне көз жеткіздік. Салдарынан тұрғындар да жапа шекті. Әрине, «тілсіз жауды» ауыздақтауға бағытталған жұмыстар қарқын алды. Жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Алдағы уақытта қаскөйлер де анықталатыны сөзсіз. Десек те, мен осы арада тағы бір мәселені айтқанды жөн көрдім. Қазіргідей экологиялық дағдарыс ушығып тұрған заманда қамыс сияқты табиғи шикізаттан өнім шығару – аса маңызды бастама. Осы бағытта бірнеше жобалар жүзеге асыруға болатынын білемін.
Мәселен, Құрманғазы ауданында құны 90 миллиард теңгені құрайтын зауыт салу бағытында келіссөздер жүргізілгені туралы ақпаратты көзім шалды. Бүгінде көрші Бақыт Қазақстан облысының кейбір кәсіпкерлері қамыс пен ағашты құрылыс және көгалдандыру бағытында пайдаланып отыр. Олар қамыспен үйдің төбесін қаптауға арналған материалдарды шығара бастады. Бұл – шағын, бірақ нақты істер. Қажетті құрал-жабдықтар алынып жатыр екен, ал болашақта өндіріс кеңейтіліп, жаңа технологиялар енгізіледі деген сенім бар.
Ең бастысы – бізде нарыққа қажетті өнім бар. Енді осыны қолдап, жүйелі түрде жүзеге асыруымыз қажет. Қамыс – жай ғана шөп емес, ол – ертеңгі күні мыңдаған адамға жұмыс беретін, табиғатты сақтайтын, экспортқа шығуға қауқарлы өнім көзі.
Асылбек ҚАДЫРБАЕВ,
жеке кәсіпкер